Қазақстанда аналогты телевизияның орнына цифрлық телевизия келеді. Бұл дегеніміз, Қазақстан тұрғындары біртіндеп телехабар таратудың әлемдік деңгейіне көшеді деген сөз. Цифрлық эфирлік телехабар тарату аналогты телевизияға қарағанда көптеген артықшылықтарға ие. Негізгі артықшылығы – оған қосылудың қарапайымдылығы, қолжетімді телеарналар санының артуы, түрлі кедергілер мен абоненттік төлемнің болмауы.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 86 пайыздан астамы цифрлық телехабар таратуға қол жеткізе алады. Мысалы, бұрын Түркістан облысының шалғайдағы ауылдарының тұрғындары 1-2 қазақстандық телеарнаны ғана көре алса, кейде тіпті Өзбекстаннан сигнал қабылдаса, қазір оларға шамамен 15 телеарна қолжетімді.
Бүкіл ел бойынша көруге болатын алғашқы мультиплекске – “QAZAQSTAN”, “Хабар”, “Хабар24”, “BALAPAN”, “ЕЛ АРНА”, “QAZSPORT”,“Kazakh TV”, “Первый канал Евразия” сияқты Қазақстанның ірі телеарналары және бір өңірлік телеарналар кіреді. Екіншісіне – бүкіл Қазақстан аумағына таралмайтын, бірақ географиялық аймақтарды қамтитын телеарналар кіруі мүмкін.
Бұл ретте, цифрлық телехабар таратуға толық көшкеннен кейін, белгіленген тарифтер бойынша шарт негізінде елдің кез келген телеарнасы мультиплекске кіре алады. “Телерадио хабарларын тарату туралы” Заңның 42-бабы 4-тармағына сай комиссияның ұсынымы бойынша теле-радио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді телерадио арналарының тізбесі қалыптастырылады. Іріктеу конкурс негізінде жүзеге асырылады, оның тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Яғни Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еркін қолжетімді теле-радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс жариялайды. Бұл туралы ақпарат https://tsetv.kz/ сайтына шығады. Келесі кезең – конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды анықтау бойынша ұсыныстар енгізу, оны теле-радио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Одан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген теле-радио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататылн еркін қолжетімді теле-радио-арнаардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларына сәйкес конкурс өткізіледі.
Комиссия мүшелері мультиплекстің әлеуетті мүшелерінің өтінімдерін қарағанда не нәрсеге назар аударады? Үміткер біріншіден шығармашылық өтінім ұсынады: теле-радио-арнаның хабар тарату торы, тақырыптық бағыттылығы мен жанрлық ерекшелігін сипаттайды, бұл ақпараттық, аналитикалық, публицистикалық, жастар мен балалар, музыкалық бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар болуы мүмкін. Хабар таратудың тілдік қатынасына, бағдарламаларды мемлекеттік тілде трансляциялау уақытына ерекше назар аударылады, сондай-ақ жеке бағдарламалар мен сатып алынған контенттің санын көрсетеді. Сонымен қатар үміткер арна төлем қабілеттілігін және сапалы мазмұнды тұрақты негізде шығару мүмкіндігін дәлелдеуі керек. Мультиплекстерде болу үшін телеарналар ай сайын жалдау ақысын төлейді, есесіне өз сигналын нақты сапада және елдің аумағында беру мүмкіндігін алады.
Лилия ШАЙМАРДАНОВА,
“Қазтелерадио” АҚ-ның баспасөз қызметкері.