«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Петропавлда балалар үлкен теннис үйірмесіне тегін баратын болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда үлкен теннис үйірмесіне балалар тегін қабылданып жатыр. Өңірде спорттың бұл түрін дамыту үшін шетелден арнайы жаттықтырушылар алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда үш жыл бұрын теннис орталығы ашылды. Қазір мұнда 250 адам тенниспен айналысса, соның 170-і бала.

Үлкен теннис – қымбат спорт түрлерінің бірі. Үйірмелердің ең арзаны 6 мың теңгеден басталады. Бірақ мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.

Енді тенниспен айналысатын жасөспірімдердің қатары арта түспек. Маусым айынан бастап орталықта үлкен теннис үйірмесі балалар үшін тегін болмақ.

«Орталықта 5 жастан 17-ге дейінгі балалар жаттығады. Айына екі рет қалалық турнирлерді өткізіп тұрамыз. Жеңімпаздарды республикалық жарыстарға жіберіп тұрамыз. Биыл Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында турнирлерде болдық. Ол үшін дене шынықтыру және спорт басқармасынан қаражат бөлінген. Қазір балаларды тегін қабылдаймыз. Ол үшін ата-ана бізге хабарласып, өтінім қалдыруы қажет», – дейді теннис орталығының директоры Алик Есімов.

Мәдина Омарова өз жасындағы үздік спортшылардың бірі. Ол республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. 13 жасар жасөспірім спорттың бұл түрімен 7 жылдан бері айналысады.

«Маған спорттың бұл түрі өте ұнайды. Теннис кортына алғаш рет 6 жасымда келген едім. Бүгінгі күнге дейін мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ресейде өткен жарыстарға қатыстым, жақсы нәтиже көрсеттім. Осы аптаның соңында Алматы қаласына 14 жасқа дейінгі балалар арасында өтетін республикалық турнирге аттанамын», – дейді жас спортшы.

Теннис орталығының 7 корты бар, оның үшеуі ішінде, 4-еуі далада орналасқан. Балалармен Өзбекстаннан арнайы шақыртылған жаттықтырушылар жаттығады.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp