Биыл “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында “Туған жер” жобасын жүзеге асыру үшін 261 миллион теңге жұмсалады. Қазіргі күні бұл жоспарды орындау үшін өңірде 86 меморандум жасалды. Биылғы қаңтар-ақпан айларында 28 жоба іске асып, 73,6 миллион теңге игерілді.
“Атқарылатын жұмыстарды нақтылайтын болсақ, қайырымдылық бойынша 18 жобаны іске асыруға – 145 млн, ауылды жерлерді абаттандыруға қатысты 4 жобаға – 11,6 млн., мәдениет саласындағы 7 жобаға – 31 млн., білім беру саласындағы 3 жобаға – 6,8 млн., спорт бойынша 2 жобаға – 2,14 млн., инфрақұрылымды дамытуға арналған 51 бастамаға – 64,264 млн және ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бір жобаны қосқанда барлығы 260 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалады”, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Медет Оспанов.
Былтыр өңірде “Туған жер” жобасы бойынша 456 жоба іске асқан болатын. Оған жергілікті кәсіпкерлер 1,4 миллиард теңге жұмсады. Бұл бағдарлама – кіндік қаны тамған жеріне қызмет етіп, елінің дамуына сүбелі үлес қосқысы келетін азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Араларында ерекше мәрттік танытып, ұшқан ұясы – мектебіне, аурухана мен Мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіп, жаңадан спорттық кешендер салып, ауылдың гүлденуіне үлес қосып жатқандар баршылық. Мысалы былтыр Біржан Шәймерденов Аққайың ауданы Дайындық ауылына апаратын жолға асфальт төседі. Бұл мақсатқа серіктестік есебінен 162 млн. теңге жұмсады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 57 миллион теңгеге стадион салынды, Жамбыл ауданында кәсіпкер ауыл мектебіне 18 миллион теңгеге биоотынмен жанатын жылыту қазандығын орнатты.
Жыл қорытындысы бойынша қайырымды жандар “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқаны үшін “Жомарт жүрек”, “Жыл меценаты”, “Туған өлке”, “Жыл тұлғасы”, “Ерен еріктілік”, “Жылдың үздік ұйымы” номинациялары бойынша марапатталады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.