Есептеп отырсақ, Есләм Зікібаевтың кітапқа жарияланған өлеңдері отыз мың жолдан асады екен. Демек, осының өзі қаншама көз майын тауысып жүйке жұқартқан күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердің жемісі екенін түсіну қиын емес. Оған мерзімді баспасөзде ғана жарияланып, жинаққа сұранып тұрған он-он екі мың жолдай өлеңдері мен он бес баспа табақтай очерк-эсселерін қосса, жанкештілікке пара-пар еңбекқорлықты байқаймыз. Осыларды аудара қарап, ақтара шолып шыққанда Есләм табиғатынан тума ақын деген бір ғана тұжырымға тірелесің. Оның үстіне кейбіреулердей саусағын сорып отырмай, қара сөзде де, өлеңде де төгіліп, егіліп кететін ақын.
Өмірден мезгілсіз кететінін сезгендей, Есләм Зікібаев өзінің артындағы ұрпаққа жай ғана ескерткендей етіп:
Кім оянып, мәңгіге кім жатады,
Тоқтамайды күн шығып, күн батады…
Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын,
Ерік бердім жан сырым жырға тағы, – деп ағынан жарылады. Адал ақынның осы бір сөздері оның бүкіл шығармасының шынайылығын аңғартып адамдық пен азаматтық, елдік сезім мен ерлік сенім, даладай кеңдік пен анадай мейірімділік шашады. Бабалардың өсиетіндей даналық жүгін арқалаған, баланың ниетіндей тазалығы мөлдір маржандай ақын деген сөздің бағасы қымбат. Ақын жүрегі – өз дәуірінің дүбірлі оқиғалары бұрқ-сарқ қайнап жататын тайқазан. Былайша айтқанда, заман құбылысы мен қоғам құрылысын саралап отыратын сана сүзгісі. Ақынның қыран жанарынан қалт еткен қимыл, жарқ еткен жаңалық қағыс қалмақ емес.
Шын ақын не айтса да, әділін айтып, алдаспандай орып түсуі шарт. Оған жалған айту, жалтақтық пен жағымпаздық атаулы жат. Философтардың қияннан қайырып, көп толғап қисындырар сырын, ой қорытындысын ақын оп-оңай құя салады.
Сөзің бітсе,
Айтатын ойың бітсе,
Жол қысқарып,
Баратын тойың бітсе…
Ақынның да өлгені ел көзінде,
Бұқпантайлап дауылда бойын күтсе.
Ақындық өнердің өлшемі осы болса керек. Ой орамына пікір-пайымына қарай бағалар болсақ, Есләм да ештеңеден тайынбайтын дәл осындай алғыр да арынды, айтқыр да қарымды ақын. Жыр бәйгесі атты ұлы дүбірде тізгінін сүзе тартып, қалың топтың кеуде тұсында келе жатқан жүйріктей оның қара үзіп шығып, көзге ерек түспей жүргені бізде тұлпар таланттардың көптігі ғана емес, барымызды бағалап, жұртқа таныта алмай жүрген әдеби сынымыздың әлсіздігінен. Ақын және жақсы ақын көп те, сыншы жоқ. Бірді-екілі сын сарбазы шыға қалса, “түйенің танығаны – жапырақ” дегендей, танымал тарландардың төңірегінен айналшықтап шықпай қояды. Сондықтан Есләм сияқты сан ақын әділ бағасын ала алмай, өлеңдегі лайықты орнын таба алмай жүр.
Есләмнің шынайы шабытынан туған жырларын оқығанда құлағыңа Есілдің бойындағы ен тоғайдың сыбдыры, қырдан асып, бұрқана тасып жатқан ерке өзеннің гүрілі келгендей, танауыңды, дала гүлі мен таба нанның иісі қытықтағандай, көз алдыңда мұнар таулардың маңғаз шыңдары манаурап, бұрала билеген бикештей ақбалтыр қайыңдар тұрғандай болады. Есләмнің “Ата жұрттан айырылу қандай қиын…” деген өлеңінен тұралап жатқан туған жердің табиғатын сақтап қалуға шақырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған жанайқайын анық естігендей боласың. Кезінде ядролық қаруды ашықтан-ашық сынаған сайын дала, қазақтың қасиетті Сарыарқасы қазір жан шошырлық.
Тартылғын өзен,
Сағымдай сарқылған көлдер.
Өртеніп отқа,
Жалынға шарпылған белдер.
Суырған құмды аңызақ аңқылдақ желдер,
Әзірейілдей алапат ант ұрған кендер…
Осыларды көзбен көріп, көңілмен түйсіне отырып, қай азамат түшіркеніп, тыныш ұйықтамақ. Армансыз пенде – алғаусыз көже сияқты, көңілі лайланып, бәріне енжар қарап, қаракет-қимылдан қалады. Өз өмірінде не атқарып, не көргенін түгел айтып беретін өлеңіне сенетін Есләмнің:
Уа, аққу арманым,
Төрт құбылам түгел,
Ойы-қырымды бүтін қып,
Сезімге бір сәт ұялатып алсам күпірлік.
Тағдырым-дағы таусылып қалар секілді,
Сондықтан сенің
таптырмағаныңа да шүкірлік, –
дейтіні де шын. Есләм Зікібаевтың алғашқы өлең жинағы 1975 жылы “Ақ қайыңдар” деген атпен жарық көрді. Кейін қаламынан шыққан шығармалар шеруі “Ақ қайнарға”, “Ақ айдынға” және “Аққу арманға” ұласты. Ақыры, өзі қайтыс болғаннан кейін “Жыр – тағдырым” деген атпен бұрын жарияланбаған бірталай өлеңдері мен очерктері, естеліктері жарық көрді.
Ақынның шығармашылығы қазақ әдебиетінің кесек тұлғалары тарапынан лайықты бағаланып, өлеңдері жөнінде жылы лебізді көзі тірісінде естіп кетті. Бұл да – бір бақыт. Қазақтың әйгілі ақындары, әдебиет өлкесіне жыр шуағын төккен талантты ағалары Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әли сияқты тарландар сыпайы да сыршыл ақынның қаламынан туған жырларға қалдықсыз тәнті сезімдерін білдірді. Үлкен ғалым Ебіней Букетов оның дарынын қастерлеп, туған інісіндей бауырына басты.
Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы жинағы шыққанда қазақтың үлкен сөз шебері Қадыр Мырза-Әли 1975 жылдың маусым айында “Қазақ әдебиеті” газетіне “Шынайы шыншылдық” деген атпен мақала жазып, пікірін білдірген болатын. Сол мақаланың жарық көргеніне елу жылдай өтсе де, ақынның аруағына деген шын көңілден шыққан сый-құрмет осындай-ақ болар деген ниетпен мақаланың қалай басталғанына назар аударып көрейік: “Жасыратыны жоқ, Есләм Зікібаевтың “Ақ қайыңдар” атты тұңғыш топтамасын күдіксіз оқи алмадым. Әдебиетке біздермен шамалас келіп, бірер өлеңдерін бұдан он-он бес жыл бұрын жариялағанмен, алғашқы жырлар жинағын осыншама кешіктіріп, зарықтырып берген автордан бірдеңе күту де, күтпеу де қиын ғой. Оның үстіне, соғыс салдарынан бірі әкеден, бірі ағадан, кейбірі тіпті ата-анадан қатар айырылған қамкөңіл өкілдерінен, ерте есейген жарты жетім жігіт-қыздардан балалық, сәбилік табудың өзі ақылған сыймайтын нәрсе…”.
Көзі тірісінде классик атанған екінші бір аяулы қазақ азаматы Мұзафар Әлімбаев та Есләмнің поэзияға біраз кешігіңкіреп келгеніне өкінішін жасырмайды. “Алайда кенже қалған жоқ. Біз оның поэзия көшіне орта жолдан, өкпе тұстан қосылған “көлденең көк аттының” біреуі емес екендігіне жинақты оқып шыққанда көзіміз жете түсті. Ақындық өнер жинақтың санымен емес, жырдың сапасымен, өлеңнің өрелігімен өлшенер болар”. Алғашқы жинағымен-ақ осылайша өлеңнің қадірін білетін сақа ақындарды тамсантып, тандандырған Есләмнің өмір бойы есінен шықпаған өзекті де өрелі тақырыбы – азаматтық, Отанға, туған елге деген ыстық сүйіспеншілік. Аға ұрпақтың салып кеткен күрес жолын жаңа ұрпақтың жалғастыруы кітаптың өн бойында өріліп отырады.
Әбділдә Тәжібаев: “Кейде күтпеген қорытулар айтса, кейде мұңды ойларды юмор, әзілмен жадыратып отырады. Бұл жырлардың ұзына бойында шешендікті, сезімталдықты шебер, келісті ететін жерлер көп. Соның бәрі Есләмнің шабыт, көңіл, арман, үміт туралы жазылған жырлар екендігін, нағыз ақындық өнер деп таныдым”, – дейді. Бұл – Есләм Зікібаевтың “Ақ қайнар” деген атпен жарық көрген тағы бір жинағы туралы пікір болатын. Ақын әрі ұстаз ағасы інісінен көп үміт күтіп, оның “Мен болмасам” деген өлеңіне “тамаша” деп баға берген.
Осындай пікірлер қадау-қадау ғана болса, көңіл аудармай өте бермек едік. Алайда қазақ көркемсөзінің екінші бір талғампаз тарланы, бұл өмірден көргені де түйгені де көп шын мәніндегі қазақ ақсақалы Әлжаппар Әбішев: “Мықтылары сөз айтса, шыбындап бас изейтін” жалпақшешей-жалтақтығы жоқ, күні үшін көлбектеп-көлгірси алмайтындығы әркімдерге әрқалай көрінгенімен, маған ұнайды. Осы заманда екінің бірі алып жүре алмайтын ауырлық бұл да!”, – дейді. Әлжекеңнің бұл сөздері ақынның азаматтық келбетін аша түсетін сыншыл ағаның сыйластықты пікірі деп түсінеміз.
Ақын Нұрдәулет Ақышевтың баспасөздегі мына бір пікірі Есләм бейнесін тағы бір қырынан ашып көрсетеді-ау деген ниетпен мақаладан үзінді алдық. Ақын ақын туралы айтса, жеткізіп айтса, оған сөз қосарлық жай бар ма? “Е.Зікібаев – өмірдің күрделі әрі қайшылықты шындығын, бір сөзбен бағалап айту қиын көрінетін алуан пішінді құбылысын қарапайым логикамен көркемдеп жеткізуге бейім ақын. Отан, туған жер және махаббат туралы өлеңдеріндегі ақындық ой айқын, идеялық қазық мығым болып келеді. Ұзын сонар баяндауға берілу, сюжеттік босаңдыққа ұрыну секілді олқылық сезіле бермейді. Жоғарыда айтылған тақырыптар ақынның шын көңілден ақтарыла, шабыттана жырлайтын тақырыптары”.
Ақындығын талдай отырып, біз Есләмнің азаматтық болмыс-бітімінен біраз хабар алдық. Әрбір адам – өз алдына бір әлем десек, Есләм әлеміне бойлап барып, оның қалам қайраткерлігін жан-жақты қамту оңай емес. Ол үшін бір мақала аздық етеді. Оның шығармалары автордың өмір жолын, мінезін, талап-талғамын көрсететін айна еді десек, артық болмас.
Өзімді-өзім алдаумен күн ұтам ба деп,
Өлең өремін ауырғанымды ұмытам ба деп.
Содан да шығар, көбінде жазғандарымда
Қалатұғындай жанымның мұңы таңба боп.
Тамырын басып уақытпен тілдесер деймін,
Жанымды жеген жегідей жыр кесел кей күн.
Қуаныш, қайғы арбасып-арбаласқанда,
Ұйықтап кетіп, бірін де білмесем деймін.
Өмірінің соңғы жылдары мен айларында, мына жарық дүниемен қоштасар сәттің жақындығын сезгендей, Мұқағали ақын айтатын “Келместің кемесіне” мініп алыс сапарға, бір-ақ бағытқа жол шегетінін білетіндей осы жолдар 2002 жылдың 12-ақпанында қағазға түскен екен. Оған “Білмесем деймін” деген тақырып қойыпты.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі.