“Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталығында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының “Шексіздік” атты көрмесі ұйымдастырылды. Өнерлі өрендер өз туындыларына Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы 17 мақсатын арқау етті.
Ұл-қыздар көркем туынды жасауда майлы бояуды, компьютерлік бағдарламаны және фотоаппаратты пайдаланды. Солардың бірі – Сымбат Жамалбай бала кезінен табиғатты, тарихи ғимараттар мен сәулет ескерткіштерін суретке түсіргенді жақсы көреді. Мәселен, аталмыш көрмеге ол өзінің 5 жұмысын тапсырған. Солардың арасында қаламыздағы “Есіл” өзенінің қайталанбас көрінісі де бар. Бойжеткен бұл суреттері арқылы облыс орталығының тұрғындарын табиғатты ластамауға шақыруды көздепті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы 17 мақсатының арасында табиғатты қорғау және сақтау бар. Сол себепті мен жерлестерімізді қоршаған ортаны аялауға шақыру мақсатында экологиялық тақырыпта фотосуреттер түсірдім. Есіл өзенінің көркі еріксіз көз тартады. Сондай-ақ мен әжем тұратын ауылды да суретке түсірдім. Балалық шағым сол жақта өткендіктен, әсем табиғатын көрсеткім келді, – дейді Сымбат Жамалбай.
Көрмеге 16 өнер туындысы қойылды. Солардың арасынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты картиналар да табылды. Мектеп ұстаздарының сөзінше, дәл осындай тақырыпты таңдауға оқушылардың өздері ұсыныс жасаған. Осылайша олар өскелең ұрпаққа өмірді бағалап, туған жерді сүюді және айналадағы адамдарды құрметтеуді үйретіп, үлгі болмақ. Бұдан бөлек, оқушылар болашақта өз туындыларын сатып, одан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр.
Ахмарал ХАНАТ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2-курс студенті.