Бұрынғы Кеңес одағынан мұраға қалған мешеу экономикаға ие Қазақстанды бүгінгідей әлемдік талаптарға жауап беретін дамыған мемлекетке айналдыру бір сәтте жүзеге асқан іс емес. Тағдырдан талай теперіш көрсе де, рухы жасымаған халқымыз Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, экономикамыздың алға басуы үшін жұдырықтай жұмылды. Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдыруда егемендіктің әр жылы табанды еңбек пен ізденіс, өрелі істермен ерекшеленді. Жаңа ғасырдың көкжиегі көрінген 1999 жыл да ел өмірінде елеулі өзгерістермен есте қалды.
Небір айшықты оқиғалар орын алған өткен ғасырдың аяқталар тұсын халқымыз асыға күтті, жарқын болашаққа ұмтылыс қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Тәуелсіздігінің сегізінші жылына аяқ басқан Қазақстан бүкіл қоғамдық болмысты реформалау қадамдарымен әлем назарына ілікті. Өтпелі кезеңнің дағдарысты құбылысы құрықталып, экономиканы сауықтыру нәтижесінде алыс-жақын елдермен әріптестік байланыс жанданды. Қазақстан мемлекеттілігін, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен татулықты, демократияны нығайтуға, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыруға басымдық берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген бір сұхбатында: “Егер біз Тәуелсіздікті сақтап қаламыз десек, елдің бірлігін сақтауымыз керек. Мемлекеттің ішінде тыныштықты сақтау маңызды. Сондықтан біздің халқымыз дана, үлкенді-кішілі болып тентектерді жолға салып, елімізді ары қарай алға жетелеуіміз керек”, – деген еді. Егемендіктің төрге озған кезінде сайын далаға көз сұғын қадап, ұлттық, елдік мүддеге нұқсан келтіруді ойлағандар аз болды дейсіз бе? Елдің тұтастығы мен болашағының кепілі – бірлік пен ынтымақ. Сол себепті 1999 жыл “Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы” деп жарияланып, тарихи танымға айрықша назар аударылды.
Тарихты түгендеуге күш салынып, ақтаңдақтар ақиқаты аршыла бастады. Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан кезеңде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды. Ал еліміздің саяси ахуалына келсек, тарих қойнауына енген 1999 жылдың ең басты айшықты оқиғасы – Президент сайлауы болды. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде “Отан” партиясы құрылды. Бүгінде атауы “Nūr Otan” партиясы деп өзгертіліп, еліміздің басты саяси ұйымына айналғанын көріп отырмыз. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, шынымен де, жаңғыра түсті. Ашық, еркін қоғам орнауының белгісі ретінде елімізде сол жылы “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заң қабылданды. Парламент Сенатының сайлауы өтті. Көптеген оппозиция ұйымдары тарапынан сайлау нәтижелеріне қарсылықтар мен сенімсіздіктер айтылып, республика аймақтарында жалақы және зейнетақы төлемдері бойынша шеру акциялары ұйымдастырылып, жұмысшылар өз наразылықтарын білдіргенімен ел тыныштығы бұзылған жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы қаулы қабылданды. Ол бойынша Үкімет 14 министрлік және 9 агенттіктен тұрды. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыс пен бірлестіктер жұмыс істеді. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да жақсара бастады.
Елбасы Қазақстан халқына “Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен ел қауіпсіздігі” атты Жолдауын жариялады. Аталмыш құжат өткенді саралап, сол кездегі уақытты пайымдап, болашақты бағамдады. Әсіресе халықтың жүріп өткен жолына мұқият зер салу арқылы, ішкі тұрақтылықты сақтау мен сыртқы саясатты жандандырудың бағыттары аталды.
1999 жылдың басты оқиғаларының бірі – Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Халық санағына әзірлік біздің облыста күні бұрын тиянақты тындырылды. 25 ақпанда басталған санақ наурыздың 4-іне дейін созылды. Санақ нәтижесі көрсеткендей республика халқының саны он бес миллонға жуықтады. Дегенмен бұл 1989 жылмен салыстырғанда 1,2 миллионға аз еді. Нақты себеп Кеңес одағы ыдырағаннан кейін көптеген этнос өкілдерінің тарихи отандарына қоныс аударуы еді. 1999 жылы Қазақстанда қазақтар 53,4, орыстар 30, өзбектер 2,5 пайызды құрады. Ер адамдар мемлекет халқының жалпы санының 48, ал әйелдер 52 пайызына тең болды.
Өтпелі кезеңнің баршаға белгілі қиындықтарына қарамастан жерлестеріміз елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық реформа тереңдетіліп, өнеркәсіп жұмысы жандана түсті, ауыл шаруашылығы алға басып, аймақты жылуымен және электр қуатымен жабдықтау мәселесі шешімін тапты. Жұмыстың барлық саласында көрші Ресей елімен іскерлік қарым-қатынас нығайды. Сол жылдардың статистикасына көз жүгіртсек, 1999 жылы облыста рекордтық өнім – 4 миллион 250 мың тонна астық жиналды. Дәнді дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден өнім алынды. Жекелеген алқаптардың шығымдылығы гектарынан 40 центнерге дейін жетті. Бұл ауыл шаруашылығы үшін ғана емес, сонымен бірге экономиканың көпсалалы дамуына жақсы серпін берді.
Өңір өнеркәсібіндегі ахуалды сипаттағанда оның көптеген салаларында өндірістің құлдырау қарқынының аздап бәсеңдегені байқалды. Тәулігіне 676 тонна астық өңдейтін тоғыз диірмен, тәулігіне 600 килограмм макарон шығаратын цех, бір ауысымда 30 тонна сүт шығаратындай қуаттылығы бар сүт цехы іске қосылды. Ұзындығы 8,2 километрлік топтық су құбыры қайта құрылды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға 1999 жылы 44,9 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл 1998 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға аз. Десе де сыртқы сауда айналымы жақсарды. Облыстың сыртқы сауда айналымы қаңтар-желтоқсан айларында 261,7 миллион АҚШ доллары болды. Негізгі сауда әріптестері Ресей Федерациясы, Германия, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия еді. Республикадан тысқары жерлерге шығарылған тауарлардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде экспорт көлемінің денін дәнді дақылдар, ұн мен ет құрады. Импорттың ең көп үлестік салмағы – машина қондырғылары, көлік құралдары және азық-түлік өнімдері.
1999 жылы облыста жан басына шаққандағы орташа нақтылай ақшалы кіріс 29956 теңгені құрады. Ауылмен салыстырғанда, әр қала тұрғынының ақшалай кірісі 1,5 есе көп болды. Әлеуметтік қорғау бағдарламасын дайындау және бюджеттік салада жалақыны толық көлемде төлеу, дәнді дақылдар өндірісінің жалпы көлемін ел бойынша 40 пайызға дейін жеткізу мақсатында қатаң инвестициялық саясат жүргізу, өнеркәсіп өндірісі көлемінің 2,4 пайыздық өсіміне қол жеткізу, облыстың кәсіпорындарында, соның ішінде ұқсатушы кәсіпорындарда импортты алмастыратын өндірісті дамыту мен тағы басқа мәселелерге ерекше басымдық берілді. Бірнеше жылдан бері тұңғыш рет облыс бюджеттік қарыздарды толық жою және 2000 жылы дефицитсіз бюджет қалыптастыру мәселесіне барынша жақындады. Бұл – өңір үшін аса маңызды қадам.
Ел егемендігін алған тұста бастау алған жекешелендіру саясаты 1999 жылы да жалғасын тапты. “Петропавл автобус паркі”, “Троллейбус паркі” акцияларының пакеті коммуналдық меншікке берілді. 1999 жылдың алғашқы алты айында облыста мемлекеттік меншік нысандарын сату жөнінде 31 аукцион мен екі тендер өткізілді. 193 нысан сатуға қойылып, сомасы 23,2 млн.теңгенің 72 нысаны сатылды. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта бес акционерлік қоғам мен сонша баспахананың акциялар пакеті сауда айналымына шығарылды. Тиісті заңдарға сәйкес тоғыз ескерткіш-ғимарат жекешелендірілсе, соның екеуі сатылды.
Демографиялық ахуалға тоқталсақ, облыс тұрғындары 716,6 мың адам болды. Сол жылы 7,6 мың нәресте дүниеге келді. Алайда бұл сол кезеңдегі бала туудың төмен көрсеткіші болып саналғанын айтып өткен жөн. Сонымен қатар 1999 жылы Қазақстанда теңгенің өзгермелі айырбастау режімі енгізілді. Өйткені тамыз айындағы Ресейде болған ақшаның құнсыздануы араға тоғыз ай салып біздің елге де келді. Нәтижесінде 4 сәуір күні доллар 90 теңгеден дереу 160-қа көтеріліп, тамыз айында 135 теңге шамасында тоқтады. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қадыржан Дамитов теңге бағамының еркін ауытқуына ауысу туралы шешімді мәлімдеді. Ресми түрде девальвацияның мақсаты экспорт көлемін және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп түсіндірілді. Дүрбелең ақша айырбастайтын жерлерде ғана емес, қала базарларында да айқын байқалды.
Егемен ел үшін ғасырдың соңы рухани толысқан жыл болды. Тәуелсіз Қазақстанымыздың рухани тұрғыдан түлеуінің белгісі ретінде сол жылы “Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” бірінші томының, Мұстафа Шоқай шығармаларының екі томдығының жарық көргенін айтқан жөн. Ұлттық рухты ұлықтау мақсатында өңірде ұйымдастырылған ақындар айтысының маңызы ерекше болды. Облыс орталығында Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған ескерткіш те айтулы жылдың айшықты оқиғасы дер едік. Сондай-ақ Айыртау ауданындағы Мәдениет ауылының түбінде Құлшынбай төбесінде қазақ даласының дүлдүл дарабоздары – қос батырға кесене орнатылды.
Өңірімізде ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде де батыл шешімдер қолға алынды. Соның бірі – Совет ауданының Аққайың ауданы деп аталуы. Осылайша қызыл империяның санаға сіңіп қалған қасаң идеологиясына тойтарыс берілді. Түсінген адамға, біздің өңірде аудандардың, елді мекендердің, жер-су аттарының қазақшаға өзгертілуі оңай шаруа емес. Бірен-саран осындай батыл қадамдар болғанымен, өңірде мемлекеттік тілдің айдарынан жел есті дей алмаймыз. Әсіресе аудандарда мемлекеттік тілдің ахуалы көңіл көншітпеді. Тіпті, бірқатар аудандарда жаңа оқу жылында қазақ сыныбына барған балалар саны кеміп кетті.
“Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды” дегендей, болашағына сенім артып, зор үмітпен қарайтын кез келген мемлекет өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі, озық ойлы азамат болып өсуіне айрықша назар аударады. Бұл үрдіс Тәуелсіз Қазақстанға да тән. Республика азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге арналған “Білім беру туралы” Заң 1999 жылы қабылданды. Құжатта білім беру саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін, білім процесі субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, өкілеттілігі мен жауапкершілігі белгіленді. Облыс жұртшылығы үшін айтулы жылдың жаңалығы жаңа заң ғана емес, қазақ тілінде дәріс беретін үш мектептің бұрынғы Сергеев, Жамбыл аудандары мен Петропавл қаласында ашылуы болды. Республикада тұңғыш рет Заречный кентінде мүмкіндігі шектелуі балаларға арналған мектеп-интернат ашылып, жаңа оқу жылында 21 оқушы қабылданды. Жалпы, сол жылы өңірде 722 жалпы білім беру мектебі жұмыс істеді. Соның тек 134-і ғана қазақша, 109-ы аралас мектеп болды. 1999 жылғы 1 қыркүйекте Қызылжар ауданының орталығында қазақ мектебі ашылды. Ал Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында қазақ мектебі орта мектеп болып қайта құрылды. Алайда Мамлют, Тимирязев, Есіл аудандарының орталығында қазақ мектептері әлі де ашыла қойған жоқ еді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.