Облыста 50 мыңнан астам тұрғын коронавирус инфекциясына қарсы толық вакциналаудан өтіп үлгерді. Ал екпенің бірінші компонентін қойдыртқандар саны 82 мың адам.
Облыста коронавирус індетіне шалдығу көрсеткіші азайып келеді. Әсіресе, облыс орталығында аурудың таралу қарқыны бәсеңдеді. Маусымның 13-інде ПТР талдамаларын жасау арқылы КВИ жұқтырудың 13 фактісі анықталды. 10 жағдай өңір аудандарына тиесілі. Науқастардың көпшілігі, яғни 85 пайызы өздерін нашар сезінген.
– Петропавл қаласында індет 3 адамнан анықталды. Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарында 4 жағдайдан, Қызылжар және Шал ақын аудандарында 1 фактіден тіркелді, – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау саласының мамандары қауіпті індеттен шектеу шаралары арқылы емес, қоғамдық иммунитетті күшейту арқылы ғана құтылуға болатынына сенімді. Сондықтан облыс көлемінде халықты вакциналау шаралары жалғасып жатыр. Екпе еркін түрде қойылады. Кез келген өңір тұрғыны өзіне ыңғайлы уақытта жақын орналасқан егу пунктіне барып, өзі қалаған вакцинаны қойдырта алады.
Аудандарда екпе салу орындары негізінен ауруханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда орналасқан. Мәселен, Мамлют ауданында екі пункт Мамлютка қаласының өзінде, бесеуі ауылдардағы амбулаторияларда ашылған. Мағжан Жұмабаев ауданында 6, Есіл ауданында 7 егу кабинеті жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін жылжымалы пункттер, яғни вакцина салу автобустары да жолға шықты.
Жамбыл ауданында “COVID-19”-ға қарсы вакциналау үшін 6 медициналық кабинет бөлінді. 2 орын Благовещенка дәрігерлік амбулаториясында, 4 кабинет аудандық ауруханада жасақталған. Пресновкадағы Мәдениет үйінде де вакциналаудан өтуге болады. Бұларға қосымша аудандағы елді мекендерге 6 бригада арнайы шығып отырады.
Петропавл қаласы бойынша екпені 20 шақты арнайы белгіленген орындарда салдыруға болады. Мысалы, №1-ші емхана егу пункттерін Винокуров атындағы спорт сарайында, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада, “Алтын арман” базарында және емхананың өзінде ұйымдастырған. Екінші емханаға қарасты тұрғындар екпені осы емдеу мекемесінің барлық филиалдарында немесе Мұхтар Әуезов көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығында, Жастар сарайында ала алады. Үшінші емхана өз филиалдарынан бөлек, “Сити молл” ойын-сауық орталығында да екпе салып жатыр. Сонымен қатар “Денсаулық” жеке коммерциялық емес емханасында, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде, полиция департаментінің госпиталі мен қалалық полиция бөлімінде екпе қою орындары жасақталған, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жақында екпе қою орындары “Тайга” базары мен С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында да ашылды.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.