Өткен аптаның соңында футболдан 16-шы Еуропа біріншілігінің шымылдығы түрілді. Чемпионаттың алғашқы матчында “А” тобының өкілдері – Италия мен Түркия кездесті. Футбол сарапшылары болжағандай, бұл ойында италиялықтардың асығы алшысынан түсті. Роберто Манчинидің шәкірттері түріктердің қақпасына 3 бірдей гол соқты. Ал Бакуде өткен осы топтағы екінші кездесуде Уэльске Швейцария құрамасы қарсылас болды. Екінші таймның 49-минутында швейцариялық Брель Эмболо есеп ашса, 74-минутта Киффер Мур қарымта қайтарды. Матч тең аяқталды.
“В” тобындағы Дания мен Финляндия арасындағы кездесуде күтпеген оқиға тіркелді. Ойынның бірінші таймы аяқталар тұста Дания құрамасының жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен есінен танып құлады. Дәрігерлер жеткенше оған әріптестері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ақ халаттылар жасанды тыныс алу аппаратын қосып, есін жиғызуға тырысты. Кейін “Жедел жәрдем” көлігімен ауруханаға жеткізілді. УЕФА-ның ресми мәлімдемесіне сәйкес, футболшы қазір өзін жақсы сезінуде. Матчтың екінші таймы кешігіңкіреп басталды. Кездесудің фавориті саналған Дания күтпеген жерден жеңіліп қалды. Яғни доп додасының алғашқы сенсациясы тіркелді. Финляндия өз тарихында тұңғыш рет қатысып отырған чемпионатты жеңіспен бастады. Осы топта өнер көрсететін ресейліктер жанкүйерлерінің сенімін ақтай алмады, мундиаль фавориті Белгияға 0:3 есебімен есе жіберді.
Кілең мықтылардан құралған “D” тобының алғашқы ойыны Англия мен Хорватия арасында өтті. Еуропадағы ең қымбат футболшылардан жасақталған командалардың матчын жанкүйерлер тағатсыздана күткені рас. Бірақ ойында жалғыз доп соғылып, Гаррет Саутгейттің командасы жеңіске жетті.
“С” тобында Австрия Солтүстік Македонияны 3:1 есебімен ұтса, голландиялықтар Украина құрамасынан басым түсті. Бұл кездесу өзге матчтардан қызықтырақ өтті. Алдымен Мемфис Депай мен Джорджиньо Вейналдум бастаған жігіттер украиналықтардың қақпасына қатарынан 2 гол соққан. Кейін Андрей Шевченконың командасы таразы басын теңестірді. Матч соңына қарай қызғалдақтар елінің өкілі Дензел Дюмфрис гол соғып, командасына жеңіс әкелді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.