«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам бойындағы асыл, айнымас қасиеттің бірі – намыс. Жүрегіңді найзадай түйрейтін, инедей піскілейтін, табаның тайып кетсе, тік тұруға ұмтылдыратын, еңсең түссе, есіңді жидыратын, үнемі қамшылап отыратын, қолыңнан сүйреп алға жетелейтін де осы намыс атты құдірет. Өтпелі кезеңдегі кейбір құндылықтар құлдырап, өмір салтының өңі өзгерген өзгеше кезеңде намыс дейтін ұғымды әркім әртүрлі түсініп, әрқалай қолданып та жүр. Жалған намыстың жетегіне еріп, жігерін өтірікке суарып, жел өкпесін жалаулатып жүргендер де жеткілікті. Бірақ намыстың қайрағында қайралып, әр әрекетін ардың өлшеміне салып, қай қадамын да ұяттың шеңберінде салмақтайтын азаматтар да бар. Солардың бірі – Төкен Жұмағұлов ағамыз.

Әкеден ерте айырылып, буы­ны бекімей, бұғанасы қатпай тұ­рып тағдырдың тепе­рі­шін көрген, тістеніп жүріп жетілген, еңбекке ерте араласса да, білімін жетілді­руді, білі­гін арттыруды бір сәтте естен шығармай, өзін-өзі үнемі дамытып отырған адамның табыс формуласының астарында на­мыс жатыр деп ойлаймын. Әйтпе­се “тағдыр сал­ды, біз көндік” деп, үмітін үкілемей, жігерін жанымай, қой торыдай көнбіс күйде жүре бер­се де аштан қатып, көштен қал­мас еді. Біздің Төкең ағамыз өйт­педі. Өйтпейтін се­бебі жүрегінде намыстың найзағайы жарқ-жұрқ етіп жай отындай ойнап жатқан бо­латын.

Төкен Танаұлы – Маңғыстау мұ­найын ал­ғаш болып игеруге атса­лысқан азаматтар­дың бірі. 1975 жы­лы Маңғыстау облыстық өн­ді­рістік автокөлік кәсіпорнының рес­пуб­ли­кадағы ең жас бастығы бо­лып тағайын­далады.Төкеңнің сол кездегі елеулі еңбе­гін, тыным­сыз тіршілігін, жан-жақты жұмы­сын алты Алаштың абызы Әбіш Ке­кілбай­ұлы кезінде былай си­пат­тапты. “Жолсызда бет-бетіне тырағайлаған жөңкіме жүріс ты­йы­­лып, айнадай таза тас жолдар са­лынды. Одақтағы ең жаңа, ең ауыр автокөліктер сол базадан та­былды. Маңғыстау мен Үс­тірттегі ауыр жүк машиналары мен өнді­ріс, бар­лау істерінің арнайы тех­никалық көлік­те­рі­нің қай-қайсы­сының рулінде де күйіп-піскен ба­уырсақтай жылтырап қара дома­лақ қазақ балалары отырды. Ба­за­ның да, оның бастығының да даң­қы алысқа жайыл­ды”. Әбекең айтса, жай әсірелеп айтпайды ғой. Барды бардай, жоқты жоқтай, айна қа­те­сіз жеткізеді. Осындай орасан жұмыс, ере­сен еңбек атқарған адам бір күнде қыз­метін өз еркімен тастап, Ембідегі елеу­сіз ғана бір мекемеге басшы бо­лып ауысып ке­теді. Оған не се­беп? Себеп жалғыз. Төкен Жұма­ғұлов облыстық партия комите­ті­нің пленумында өзі күнделікті кө­зімен көріп, сәт сайын куә болып жүрген жағдайды рес­ми мінбеде қасқайып тұрып ортаға салады. Маңғыстаудың мұнайы одаққа тарап, мил­лиардтаған пайда әке­ліп жатқанымен жер­гі­лікті халық­тың жағдайы тіпті де мәз емес. Мұ­найлы елдің мұңының көбейге­нін ашық айтады. Маңдайы шыл­қып, жайқа­лып, шайқалып өмір сү­ріп жатқандары си­рек. Елдің жас­тары кеніштерде жұмыс іс­тейін десе, қырық сылтау айтылып жұ­мыс­қа қабылданбайды. Жердің ас­тындағы бай­лықтың қызығын оның үстіндегі адамдар кө­ре алмаса, одан не пайда? Төкең соны ай­та­ды. Бұл жағдайдан жұрттың бәрі хабар­дар еді. Де­генмен ортаға шығарған, талқы­ға салған, мәселе етіп көтерген Тө­кен Тана­ұлы. Айтқызған не? Жал­ғыз ауыз жауап – на­мыс! Өз басы­ның ғана күйін күйттемей, елдің жағдайын да үнемі жадында ұс­тап жүретін жанашырлығы, мол бай­лықтың үс­тінде отырған ха­лық­тың ахуалы неге ай­тар­лықтай болмайды деген намысқойлығы оны мінбеге сүйреп шығарып, осы сөзді айтқызды. Әйтпесе, тыныш қана тіршілігін жасап, жүйесімен жүріп жатқан жұмысына үнсіз барып-келіп жүрсе де оған ешкім еш­теңе демес еді. Ал Тәуелсіз­діктің елең-алаң кезеңдерінде Тө­кен Танаұлы Елбасы­ның, алты Алаш сүйенер абыздары Салық Зи­мановтың, Әбіш Кекілбаевтың, қайрат­кер азаматтар Равиль Чер­дабаев пен Нұр­лан Балғымбаев­тардың қасында болды, жаңа заманның алғашқы сәттерін ел­мен бірге қуана қарсы алды.

Одақ ыдырап, ел егемендігін алғаннан кейін Төкен Жұмағұлов кәсіпкерлікпен ай­налысты. Әри­не, пайда табу, ырысқа кене­лу ойы болды. Дей тұрғанмен, оның кәсіп­керлікпен айналысқандағы басты мақсаты­ның бірі негізінен кешегі мал баққан қазақ­тың қай кәсіпті де игеріп, нарықтың қа­тал­қағидаттарын меңгере алатынын дәлелдеу болатын. Ұлы Абай сынаған масылдық көз­қарастан айырылып, өз тағдырына өзі ие болудың жолын өскелең ұрпаққа көрсетуді мақсат етті. Оның да орайын тапты, қо­лы­нан келді. Кейіннен еліміздің батыс өлке­сі­не ғана емес, тұтас республикаға, тіпті, аты әлемге белгілі кәсіпкер атанды. Бұл оның туабітті бойына дарыған намыс­қой­лығы­ның, еңбекқорлығының арқасы деп біле­міз.

Төкен ақсақал – дүниеауи ғана емес, ру­хани да бай адам. Са­райшықтың сары то­пы­рағындағы сартап тарихымыздың түген­де­луіне, Отпан таудың ордалы елге үлгі бо­ларлықтай бой түзеуіне, Пір Бекеттің бере­кеге бастар ұстанымын ұлықтауға және тағы да басқа көпте­ген игілікті шаруа­ның қолдаушы әрі ұйыт­қысы бо­лып келеді. Көрші Атырау мен Маңғыстау облыста­рын кезінде басқарған Иманғали Тасма­ғамбетов пен маған көр­сет­­кен ағалық кеңес-тілектері, әлеу­меттік жоба­лардағы қолдауы ел­дің игілігіне жұм­салды. Бұл оның елдік на­мысқа, бірлік ұс­танымына берік екенін айқын танытса, қа­пысыз білдіртсе керек.

Өмірі өнегелі, ғұмыры ғибрат­ты, жолы даңғыл, көкірегі қазына, дүниеден көргені мол, түйгені одан да көп осындай абыз адам­мен таныс-біліс, аралас-құралас бол­ғанымыздың өзін бақытқа балаймыз. На­мы­сы найзағайдай, жігері жасындай кісімен қатар өмір сүріп, көп істің басында бірге жүргенімізді абырой деп білеміз. Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтері­ліп, тұтас елге тұтқа болатындай дәрежеге жеткен аузы дуалы, сөзі уәлі Төкен Танаұлы туралы қыс­қа ғана пайымымыз осымен тамам.

Өзіңіз ғасыр, ісіңіз мәңгі жаса­сын, Төкен ақсақал!

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp