Солтүстікқазақстандық құтқарушылар Есіл өзенінен 8 жасар қыздың жансыз денесін тапты. Есіл ауданындағы Покровка ауылында қыз баланың хабарсыз кеткені жайында хабар маусымның 8-і күні келіп түскен болатын.
Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбековтің айтуынша, қыздың жоғалғаны туралы ақпарат түсе салысымен жедел іздестіру жұмыстары басталған. Белгілі болғандай, сағат 20.00 шамасында ешкімге айтпай үйден шығып кеткен. Ол немере інісімен бірге суға шомылуға барған. Өкінішке қарай, ойынның соңы қайғылы аяқталды. Есіл өзенін тексерген құтқару жасағының сүңгуірлері қыздың мүрдесін су түбінен тапты. Іздеу шараларына жеке құрамның 19 қызметкері және 7 техника жұмылдырылды. Марқұмның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Күн жылынғалы облыста 7 адам суға кетті, олардың үшеуі – кәмелеттік жасқа толмағандар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.