«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрынғы Кеңес одағы­нан мұраға қал­ған ме­шеу экономикаға ие Қазақстанды бүгінгідей әлем­­дік талаптарға жауап бере­тін да­мыған мемлекетке айналдыру бір сәтте жүзеге асқан іс емес. Тағдырдан талай тепе­ріш көрсе де, рухы жасымаған халқымыз Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, экономикамыздың алға басуы үшін жұдырықтай жұмылды. Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдыруда егемендіктің әр жылы табанды еңбек пен ізденіс, өрелі істермен ерекшеленді. Жаңа ғасырдың көкжиегі көрінген 1999 жыл да ел өмірінде елеулі өзгерістермен есте қалды.

Небір айшықты оқиғалар орын алған өткен ғасырдың аяқталар тұ­сын халқымыз асыға күтті, жарқын болашаққа ұмтылыс қазақстан­дық­тарға үлкен жауапкершілік жүк­теді. Тәуелсіздігінің сегізінші жы­лы­на аяқ басқан Қазақстан бүкіл қоғамдық болмысты реформалау қадамдарымен әлем назарына ілікті. Өтпелі кезеңнің дағдарысты құбылысы құрықталып, экономи­ка­ны сауықтыру нәтижесінде алыс-жақын елдермен әріптестік байланыс жанданды. Қазақстан мемлекеттілігін, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен татулықты, демократияны нығайтуға, эконо­ми­калық және әлеуметтік өзгеріс­терді жүзеге асыруға басымдық берілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген бір сұхба­тында: “Егер біз Тәуелсіздікті сақ­тап қаламыз десек, елдің бірлігін сақтауымыз керек. Мемлекеттің ішінде тыныштықты сақтау ма­ңыз­ды. Сондықтан біздің халқы­мыз дана, үлкенді-кішілі болып тентектерді жолға салып, елімізді ары қарай алға жетелеуіміз ке­рек”, – деген еді. Егемендіктің төр­ге озған кезінде сайын далаға көз сұғын қадап, ұлттық, елдік мүдде­ге нұқсан келтіруді ойлағандар аз болды дейсіз бе? Елдің тұтас­тығы мен болашағының кепілі – бірлік пен ынтымақ. Сол себепті 1999 жыл “Ұрпақтар бірлігі мен са­бақтастығы жылы” деп жарияла­нып, тарихи танымға айрықша на­зар аударылды.

Тарихты түгендеуге күш салы­нып, ақтаңдақтар ақиқаты аршы­ла бастады. Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан кезеңде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыс­тары жалғасып, 19144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ар­дақ­талды. Ал еліміздің саяси ах­уалына келсек, тарих қойнауына енген 1999 жылдың ең басты ай­шықты оқиғасы – Президент сай­лауы болды. Қазақстан Республи­касы Президенттігіне кандидат Нұр­сұлтан Назарбаевты қолдау жө­ніндегі қоғамдық штабтың не­гізінде “Отан” партиясы құрылды. Бүгінде атауы “Nūr Otan” партия­сы деп өзгертіліп, еліміздің басты саяси ұйымына айналғанын көріп отырмыз. Елімізде тұңғыш рет ба­ла­малы негізде демократиялық үр­діспен өткен сайлауда халық ба­сым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Қа­зақ­станның қоғамдық-саяси өмірі, шынымен де, жаңғыра түсті. Ашық, еркін қоғам орнауының бел­гісі ретінде елімізде сол жылы “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заң қабылданды. Парла­мент Сенатының сайлауы өтті. Көп­теген оппозиция ұйымдары та­рапынан сайлау нәтижелеріне қар­сылықтар мен сенімсіздіктер ай­тылып, республика аймақтарын­да жалақы және зейнетақы төлем­дері бойынша шеру акциялары ұйымдастырылып, жұмысшылар өз наразылықтарын білдіргенімен ел тыныштығы бұзылған жоқ. Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің құ­рылымы туралы қаулы қабыл­дан­ды. Ол бойынша Үкімет 14 ми­нистрлік және 9 агенттіктен тұрды. Осы жылы елімізде 14 саяси пар­тия, 30-ға жуық саяси қозғалыс пен бірлестіктер жұмыс істеді. Ел­дің экономикалық-әлеуметтік жағ­дайы да жақсара бастады.

Елбасы Қазақстан халқына “Жа­­ңа жүзжылдықтағы тұрақты­лық пен ел қауіпсіздігі” атты Жол­дауын жариялады. Аталмыш құ­жат өт­кенді саралап, сол кездегі уа­қыт­ты пайымдап, болашақты ба­ғам­дады. Әсіресе халықтың жүріп өткен жолына мұқият зер салу ар­қылы, ішкі тұрақтылықты сақ­тау мен сыртқы саясатты жан­данды­рудың бағыттары аталды.

1999 жылдың басты оқиғала­рының бірі – Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Халық санағына әзірлік біздің облыста күні бұрын тиянақты тын­дырылды. 25 ақпанда басталған санақ наурыздың 4-іне дейін со­зыл­ды. Санақ нәтижесі көрсеткен­дей республика халқының саны он бес миллонға жуықтады. Де­ген­мен бұл 1989 жылмен салыс­тырғанда 1,2 миллионға аз еді. Нақ­ты себеп Кеңес одағы ыдырағаннан кейін көптеген этнос өкіл­дерінің тарихи отандарына қо­ныс аударуы еді. 1999 жылы Қа­зақстанда қазақтар 53,4, орыс­тар 30, өзбектер 2,5 пайызды құ­ра­ды. Ер адамдар мемлекет хал­қының жалпы санының 48, ал әйел­дер 52 пайызына тең болды.

Өтпелі кезеңнің баршаға бел­гілі қиындықтарына қарамастан жер­лестеріміз елеулі жетістік­тер­ге қол жеткізді. Экономикалық ре­форма тереңдетіліп, өнеркәсіп жұ­мысы жандана түсті, ауыл шаруа­шылығы алға басып, аймақты жы­луымен және электр қуатымен жаб­дықтау мәселесі шешімін тап­ты. Жұмыстың барлық саласында көрші Ресей елімен іскерлік қа­рым-қатынас нығайды. Сол жыл­дардың статистикасына көз жү­гірт­сек, 1999 жылы облыста ре­корд­тық өнім – 4 миллион 250 мың тонна астық жиналды. Дәнді да­қыл­дардың әр гектарынан 16 цент­нерден өнім алынды. Жеке­ле­ген алқаптардың шығымдылы­ғы гектарынан 40 центнерге дейін жетті. Бұл ауыл шаруашылығы үшін ғана емес, сонымен бірге эко­номиканың көпсалалы дамуына жақсы серпін берді.

Өңір өнеркәсібіндегі ахуалды сипаттағанда оның көптеген сала­ла­рында өндірістің құлдырау қар­қы­нының аздап бәсеңдегені бай­қалды. Тәулігіне 676 тонна астық өңдейтін тоғыз диірмен, тәулігіне 600 килограмм макарон шығара­тын цех, бір ауысымда 30 тонна сүт шығаратындай қуаттылығы бар сүт цехы іске қосылды. Ұзын­дығы 8,2 километрлік топтық су құ­быры қайта құрылды. Тұрғын үй құ­рылысын дамытуға 1999 жылы 44,9 миллион теңгенің инвести­ция­сы тартылды. Бұл 1998 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға аз. Десе де сыртқы сауда айналымы жақ­сар­ды. Облыстың сыртқы сауда ай­налымы қаңтар-желтоқсан ай­ла­рында 261,7 миллион АҚШ дол­лары болды. Негізгі сауда әріптес­тері Ресей Федерациясы, Герма­ния, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қыр­ғыз­стан, Түркия еді. Республика­дан тысқары жерлерге шығарыл­ған тауарлардың ішінде ауыл ша­руашылығы өнімдері, соның ішін­де экспорт көлемінің денін дәнді да­қылдар, ұн мен ет құрады. Им­порт­тың ең көп үлестік салмағы – машина қондырғылары, көлік құ­рал­дары және азық-түлік өнім­дері.

1999 жылы облыста жан ба­сы­на шаққандағы орташа нақтылай ақшалы кіріс 29956 теңгені құра­ды. Ауылмен салыстырғанда, әр қала тұрғынының ақшалай кірісі 1,5 есе көп болды. Әлеуметтік қор­ғау бағдарламасын дайындау жә­не бюджеттік салада жалақыны то­лық көлемде төлеу, дәнді дақыл­дар өндірісінің жалпы көлемін ел бойынша 40 пайызға дейін жеткізу мақсатында қатаң инвестициялық саясат жүргізу, өнеркәсіп өндірісі көлемінің 2,4 пайыздық өсіміне қол жеткізу, облыстың кәсіпорын­дарында, соның ішінде ұқсатушы кәсіпорындарда импортты алмас­ты­ратын өндірісті дамыту мен та­ғы басқа мәселелерге ерекше ба­сымдық берілді. Бірнеше жылдан бері тұңғыш рет облыс бюджеттік қарыздарды толық жою және 2000 жылы дефицитсіз бюджет қалып­тастыру мәселесіне барынша жа­қындады. Бұл – өңір үшін аса ма­ңызды қадам.

Ел егемендігін алған тұста бас­тау алған жекешелендіру саясаты 1999 жылы да жалғасын тапты. “Пет­ропавл автобус паркі”, “Трол­лей­бус паркі” акцияларының па­кеті коммуналдық меншікке беріл­ді. 1999 жылдың алғашқы алты айында облыста мемлекеттік меншік нысандарын сату жөнінде 31 аукцион мен екі тендер өткізілді. 193 нысан сатуға қойылып, сома­сы 23,2 млн.теңгенің 72 нысаны сатылды. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта бес акционерлік қоғам мен сонша баспахананың ак­циялар пакеті сауда айна­лы­мына шығарылды. Тиісті заңдарға сәйкес тоғыз ескерткіш-ғимарат жекешеленді­ріл­се, соның екеуі сатылды.

Демографиялық ахуалға тоқ­тал­сақ, облыс тұрғындары 716,6 мың адам болды. Сол жылы 7,6 мың нәресте дүниеге келді. Алай­да бұл сол кезеңдегі бала туудың төмен көрсеткіші болып саналға­нын айтып өткен жөн. Сонымен қатар 1999 жылы Қазақстанда тең­генің өзгермелі айырбастау ре­жімі енгізілді. Өйткені тамыз айын­дағы Ресейде болған ақша­ның құнсыздануы араға тоғыз ай салып біздің елге де келді. Нәти­же­сінде 4 сәуір күні доллар 90 тең­геден дереу 160-қа көтеріліп, та­мыз айында 135 теңге шамасын­да тоқтады. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қадыржан Дами­тов теңге бағамының еркін ауыт­қуына ауысу туралы шешімді мә­лім­деді. Ресми түрде девальва­цияның мақсаты экспорт көлемін және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп түсіндірілді. Дүрбе­лең ақша айырбастайтын жерлер­де ғана емес, қала базарларында да айқын байқалды.

Егемен ел үшін ғасырдың соңы рухани толысқан жыл болды. Тә­уелсіз Қазақстанымыздың рухани тұрғыдан түлеуінің белгісі ретінде сол жылы “Қазақстан ұлттық энци­кло­педиясының” бірінші томы­ның, Мұстафа Шоқай шығармала­рының екі томдығының жарық көр­генін айтқан жөн. Ұлттық рухты ұлықтау мақсатында өңірде ұйым­дастырылған ақындар айтысы­ның маңызы ерекше болды. Об­лыс орталығында Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған ескерткіш те айтулы жылдың ай­шықты оқиғасы дер едік. Сондай-ақ Айыртау ауданындағы Мәде­ниет ауылының түбінде Құлшын­бай төбесінде қазақ даласының дүлдүл дарабоздары – қос батыр­ға кесене орнатылды.

Өңірімізде ана тіліміздің қолда­ныс аясын кеңейтуде де батыл шешімдер қолға алынды. Соның бірі – Совет ауданының Аққайың ауданы деп аталуы. Осылайша қы­зыл империяның санаға сіңіп қалған қасаң идеологиясына той­тарыс берілді. Түсінген адамға, біз­дің өңірде аудандардың, елді ме­кендердің, жер-су аттарының қа­зақ­шаға өзгертілуі оңай шаруа емес. Бірен-саран осындай батыл қадамдар болғанымен, өңірде мемлекеттік тілдің айдарынан жел есті дей алмаймыз. Әсіресе аудандарда мемлекеттік тілдің ахуалы көңіл көншітпеді. Тіпті, бір­қатар аудандарда жаңа оқу жы­лында қазақ сыныбына барған ба­лалар саны кеміп кетті.

“Ұрпағы білімді халықтың бола­шағы бұлыңғыр болмайды” деген­дей, болашағына сенім артып, зор үмітпен қарайтын кез келген мем­лекет өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі, озық ойлы азамат болып өсуіне айрықша назар аударады. Бұл үрдіс Тә­уелсіз Қазақстанға да тән. Респуб­лика азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамта­ма­сыз етуге арналған “Білім беру туралы” Заң 1999 жылы қабыл­дан­ды. Құжатта білім беру сала­сындағы қоғамдық қарым-қатынас­тарды реттейтін, білім процесі субъектілерінің құқықтары мен мін­деттері, өкілеттілігі мен жауап­кершілігі белгіленді. Облыс жұрт­шы­лығы үшін айтулы жылдың жаңалығы жаңа заң ғана емес, қазақ тілінде дәріс беретін үш мектептің бұрынғы Сергеев, Жам­был аудандары мен Петропавл қа­ласында ашылуы болды. Респуб­ли­када тұңғыш рет Заречный кен­тінде мүмкіндігі шектелуі бала­лар­ға арналған мектеп-интернат ашылып, жаңа оқу жылында 21 оқушы қабылданды. Жалпы, сол жылы өңірде 722 жалпы білім беру мектебі жұмыс істеді. Соның тек 134-і ғана қазақша, 109-ы ара­лас мектеп болды. 1999 жылғы 1 қыркүйекте Қызылжар ауданының орталығында қазақ мектебі ашылды. Ал Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында қазақ мектебі орта мектеп болып қайта құрылды. Алайда Мамлют, Тимирязев, Есіл аудандарының орталығында қазақ мектептері әлі де ашыла қойған жоқ еді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp