“Nur Otan” партиясының қазақстандықтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мониторинг тобы құрылды. Оның құрамына “Nur Otan” партиясы филиалының, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының, облыстың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі кірді. Арнайы топ өкілдері сәуір айында Тайыншадағы “Надежда” және Смирноводағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрып жатқан қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың жағдайымен танысты.
Қызметтік бөлмелер, азық-түлік, киім-кешек, қажетті заттарды сақтайтын қоймалар қаралды. Қарттар үйлерінде санитарлық талаптар сақталған, қарттардың бөлмелер ішінде жүріп-тұруына ыңғайлы арнайы қондырғылар орнатылған, қажетті жиһаздармен, техникалармен жабдықталған, бөлмелері таза. Қарттар мен мүгедектер бөлмелерге денсаулық жағдайы, жасы, жынысы және психологиялық сәйкестігі есепке алына отырып орналастырылған.
Мекемелерде коронавирустық індеттің алдын-алу бойынша қажетті шаралар қабылданған (дезинфикциялық және жеке қорғаныс құралдарының қоры жеткілікті). Орталықтарда қызмет алушылар арасында коронавирустық індеттің жұғу фактілері тіркелген жоқ. Оларға күніне алты рет құнарлы тағам беріледі. Бұған қоса жеке, тәуліктік, апталық, кезеңдік ас мәзірлері бар.
Мониторинг кезінде кейбір кемшіліктер де анықталды. Мысалы, Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушылардың спортпен шұғылдануына арналған жаттығу залы тар, дене шынықтырумен айналысуларына ыңғайсыз. Сондықтан залды көлемі үлкен бөлмеге көшіру немесе көлемін ұлғайту туралы ұсыныс берілді.
“Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарына” сәйкес қызмет алушылардың ұстанатын дінін ескере отырып, діни рәсімдерді өткізу үшін жағдай жасалуы қажет. Алайда Тайыншадағы “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бұл жағдай ескерілмеген, сондықтан жеке бөлме бөлу туралы ұсыныс жасалды.
Мониторинг нәтижелері бойынша анықталған ескертулерді жергілікті атқарушы орган өкілдері назарына алып, тиісті шаралар қабылдау үшін жұмыстар жүргізіп жатыр. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті міндеттерінің бірі – медициналық-әлеуметтік мекемелерде және басқа да әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда мүгедектігі бар адамдардың сапалы, толық және уақытында арнайы әлеуметтік қызмет алуына мемлекеттік бақылау жүргізу болып табылады. Қазіргі уақытта облыстың барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында аудан прокуратураларымен бірлескен тексерістер жүргізіліп жатыр. Медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу бойынша жұмыстарды департамент әрі қарай да жалғастыратын болады.
Гаухар ҒАБДУЛЛИНА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы.