Тумысынан өнерге жақын Мәдениет Шоқаев – өз ісінің білгірі. Ағаштан түйін түйіп, қолөнер бұйымдарын жасайтын шебердің қолынан шыққан тамаша туындылары көздің жауын алады.
Есіл ауданындағы Өрнек ауылы – талай дарынды дүниеге әкелген ардақты мекен. 1965 жылы Ұлыстың ұлы күні өмір есігін ашқан Мәдениет Шоқаев та Өрнектің құнарлы топырағынан нәр алып, қанаттанып ұшты. Ол көпбалалы отбасында дүниеге келді. Орта мектепті тамамдаған соң, алдына мақсат қойған бозбала жоғары білім алуды ойлады. Алайда әкесі кенже ұлын жанынан алыстатқысы келмеді. Оның Алматыға бармай қалуының бір себебі осы болатын. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу Нұри қарт баласының бойындағы қабілетінің шыңдалатынына шек келтірмеді.
Мәдениет Шоқаев 1983 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені тамамдады. Еңбек әліппесін Жамбыл ауданындағы Мурманск сегізжылдық мектебінен бастаған ұстаз отыз жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеу ісіне белсене қатысуда. Бірақ ол қайтсе де жоғары білім алуға талпынды. Осылайша Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің көркемсурет және графика факультетіне оқуға түсіп, өз арманына қол жеткізді. Өмірде өз орнын табуға мектептегі ұстаздары Сұлтан Сайбанов, Молдаш Сейдахметов пен кәсіби білім берген тәлімгері Шәмшия Ғабдолқызының сіңірген еңбегі зор.
Мәдениет Нұриұлы қазығы 1996 жылы қаланған Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ашылған жылы қалаға қоныс аударып, сол күннен бастап аталмыш білім ордасында балаларға сызу және бейнелеу өнерінен сабақ беріп келеді. Байсалды, жауапкершілігі зор, өнерлі ұстазды ұжым да ерекше құрметтейді.
Шәкірт жүрегіне жол тапқан мұғалімнен тәлім алған оқушылар бүгінде ұстазын жетістіктерімен қуантуда. Мәдениет Шоқаевтың өзі де балаларға сабақ берумен шектелмей, мектеп өміріне белсене қатысады. Шығармашылық байқаулардың, көркемөнер сайыстарының өз деңгейінде өтуіне, білім ордасының биік белестерден көрінуіне қосып отырған үлесі зор. “Сегіз қырлы, бір сырлы” азамат домбыраның құдыретін танытып, қоңыр үнімен халық әндерін нақышына келтіре орындайды. Ал майлы бояумен салған, кестеленген портреттік суреттері қандай?! Әсіресе ол біз инемен пано тоқу, әр адамның бет-бейнесін, түр-тұлғасын дәлме-дәл келтіруде алдына жан салмайды. Матаға тоқылған суретке жан бітірген шебердің бұл туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Бүгінде ұстаздың осындай 30-ға жуық еңбегі бар. Оның бірқатары көрмелерге қойылды. Әр жылдары жасаған Абай Құнанбаевтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Ғабит Мүсіреповтің кестеленген суреттерін тамашалау үшін білім ордасына бас сұғатындардың қатары қалың. Ұстаздың осындай еңбектерінің бірі – сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің кестеленген портреттік суреті жазушының туған ауылындағы мұражайда сақтаулы.
– Қолөнермен айналысу үшін талант пен қызығушылық қажет. Еңбек те маңызды рөл атқарады. Кейде қолға алған жұмысты аяқтау үшін түнімен көз ілмеуге тура келеді, – дейді ұстаз. Оның айтуынша, мектепте балаларға шығармашылықпен ұштастырып білім беру, оларды қолөнерге, еңбек етуге баулу, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрге тәрбиелеу – заман талабы.
Оқушыларды қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу құпиясы бар. Ал ұлттық қолөнер – тәрбие көзі. Дәстүрдің жалғасы, ұлтымыздың ежелден келе жатқан асыл мұрасын қастерлеу парыз екенін айтқан ұлағатты ұстаз өзінің білгенін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Әлі де тынбай еңбек етіп, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруді жалғастыра бермек.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.