Тәртіп сақшылары Жамбыл ауданында рейд өткізу барысында түн ортасында Будённый ауылының маңында “ВАЗ-2107” автокөлігін тоқтатқан. Көлікте ауданның 44 пен 38 жастағы екі тұрғыны болған. Полицейлер көліктің артқы орындығында мөрленген гербицид құтылары салынған қораптарды көрген. Тексеру барысында оның аудандағы агроқұрылымдардың біріне тиесілі екендігі анықталды. Екі күдікті де шаруашылықта механизатор болып істейді екен. Олар егістік алқаптарды дәрілеумен айналысқан, кейін гербицидтің қалған бөлігін 825 мың теңгеге сатуға келіскен. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұдан бөлек, жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін де жауапқа тартылады. Ол әкімшілік соттың шешіміне дейін 15 тәулікке қамаққа алынды, кейін жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.