Адам бойындағы асыл, айнымас қасиеттің бірі – намыс. Жүрегіңді найзадай түйрейтін, инедей піскілейтін, табаның тайып кетсе, тік тұруға ұмтылдыратын, еңсең түссе, есіңді жидыратын, үнемі қамшылап отыратын, қолыңнан сүйреп алға жетелейтін де осы намыс атты құдірет. Өтпелі кезеңдегі кейбір құндылықтар құлдырап, өмір салтының өңі өзгерген өзгеше кезеңде намыс дейтін ұғымды әркім әртүрлі түсініп, әрқалай қолданып та жүр. Жалған намыстың жетегіне еріп, жігерін өтірікке суарып, жел өкпесін жалаулатып жүргендер де жеткілікті. Бірақ намыстың қайрағында қайралып, әр әрекетін ардың өлшеміне салып, қай қадамын да ұяттың шеңберінде салмақтайтын азаматтар да бар. Солардың бірі – Төкен Жұмағұлов ағамыз.
Әкеден ерте айырылып, буыны бекімей, бұғанасы қатпай тұрып тағдырдың теперішін көрген, тістеніп жүріп жетілген, еңбекке ерте араласса да, білімін жетілдіруді, білігін арттыруды бір сәтте естен шығармай, өзін-өзі үнемі дамытып отырған адамның табыс формуласының астарында намыс жатыр деп ойлаймын. Әйтпесе “тағдыр салды, біз көндік” деп, үмітін үкілемей, жігерін жанымай, қой торыдай көнбіс күйде жүре берсе де аштан қатып, көштен қалмас еді. Біздің Төкең ағамыз өйтпеді. Өйтпейтін себебі жүрегінде намыстың найзағайы жарқ-жұрқ етіп жай отындай ойнап жатқан болатын.
Төкен Танаұлы – Маңғыстау мұнайын алғаш болып игеруге атсалысқан азаматтардың бірі. 1975 жылы Маңғыстау облыстық өндірістік автокөлік кәсіпорнының республикадағы ең жас бастығы болып тағайындалады.Төкеңнің сол кездегі елеулі еңбегін, тынымсыз тіршілігін, жан-жақты жұмысын алты Алаштың абызы Әбіш Кекілбайұлы кезінде былай сипаттапты. “Жолсызда бет-бетіне тырағайлаған жөңкіме жүріс тыйылып, айнадай таза тас жолдар салынды. Одақтағы ең жаңа, ең ауыр автокөліктер сол базадан табылды. Маңғыстау мен Үстірттегі ауыр жүк машиналары мен өндіріс, барлау істерінің арнайы техникалық көліктерінің қай-қайсысының рулінде де күйіп-піскен бауырсақтай жылтырап қара домалақ қазақ балалары отырды. Базаның да, оның бастығының да даңқы алысқа жайылды”. Әбекең айтса, жай әсірелеп айтпайды ғой. Барды бардай, жоқты жоқтай, айна қатесіз жеткізеді. Осындай орасан жұмыс, ересен еңбек атқарған адам бір күнде қызметін өз еркімен тастап, Ембідегі елеусіз ғана бір мекемеге басшы болып ауысып кетеді. Оған не себеп? Себеп жалғыз. Төкен Жұмағұлов облыстық партия комитетінің пленумында өзі күнделікті көзімен көріп, сәт сайын куә болып жүрген жағдайды ресми мінбеде қасқайып тұрып ортаға салады. Маңғыстаудың мұнайы одаққа тарап, миллиардтаған пайда әкеліп жатқанымен жергілікті халықтың жағдайы тіпті де мәз емес. Мұнайлы елдің мұңының көбейгенін ашық айтады. Маңдайы шылқып, жайқалып, шайқалып өмір сүріп жатқандары сирек. Елдің жастары кеніштерде жұмыс істейін десе, қырық сылтау айтылып жұмысқа қабылданбайды. Жердің астындағы байлықтың қызығын оның үстіндегі адамдар көре алмаса, одан не пайда? Төкең соны айтады. Бұл жағдайдан жұрттың бәрі хабардар еді. Дегенмен ортаға шығарған, талқыға салған, мәселе етіп көтерген Төкен Танаұлы. Айтқызған не? Жалғыз ауыз жауап – намыс! Өз басының ғана күйін күйттемей, елдің жағдайын да үнемі жадында ұстап жүретін жанашырлығы, мол байлықтың үстінде отырған халықтың ахуалы неге айтарлықтай болмайды деген намысқойлығы оны мінбеге сүйреп шығарып, осы сөзді айтқызды. Әйтпесе, тыныш қана тіршілігін жасап, жүйесімен жүріп жатқан жұмысына үнсіз барып-келіп жүрсе де оған ешкім ештеңе демес еді. Ал Тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңдерінде Төкен Танаұлы Елбасының, алты Алаш сүйенер абыздары Салық Зимановтың, Әбіш Кекілбаевтың, қайраткер азаматтар Равиль Чердабаев пен Нұрлан Балғымбаевтардың қасында болды, жаңа заманның алғашқы сәттерін елмен бірге қуана қарсы алды.
Одақ ыдырап, ел егемендігін алғаннан кейін Төкен Жұмағұлов кәсіпкерлікпен айналысты. Әрине, пайда табу, ырысқа кенелу ойы болды. Дей тұрғанмен, оның кәсіпкерлікпен айналысқандағы басты мақсатының бірі негізінен кешегі мал баққан қазақтың қай кәсіпті де игеріп, нарықтың қаталқағидаттарын меңгере алатынын дәлелдеу болатын. Ұлы Абай сынаған масылдық көзқарастан айырылып, өз тағдырына өзі ие болудың жолын өскелең ұрпаққа көрсетуді мақсат етті. Оның да орайын тапты, қолынан келді. Кейіннен еліміздің батыс өлкесіне ғана емес, тұтас республикаға, тіпті, аты әлемге белгілі кәсіпкер атанды. Бұл оның туабітті бойына дарыған намысқойлығының, еңбекқорлығының арқасы деп білеміз.
Төкен ақсақал – дүниеауи ғана емес, рухани да бай адам. Сарайшықтың сары топырағындағы сартап тарихымыздың түгенделуіне, Отпан таудың ордалы елге үлгі боларлықтай бой түзеуіне, Пір Бекеттің берекеге бастар ұстанымын ұлықтауға және тағы да басқа көптеген игілікті шаруаның қолдаушы әрі ұйытқысы болып келеді. Көрші Атырау мен Маңғыстау облыстарын кезінде басқарған Иманғали Тасмағамбетов пен маған көрсеткен ағалық кеңес-тілектері, әлеуметтік жобалардағы қолдауы елдің игілігіне жұмсалды. Бұл оның елдік намысқа, бірлік ұстанымына берік екенін айқын танытса, қапысыз білдіртсе керек.
Өмірі өнегелі, ғұмыры ғибратты, жолы даңғыл, көкірегі қазына, дүниеден көргені мол, түйгені одан да көп осындай абыз адаммен таныс-біліс, аралас-құралас болғанымыздың өзін бақытқа балаймыз. Намысы найзағайдай, жігері жасындай кісімен қатар өмір сүріп, көп істің басында бірге жүргенімізді абырой деп білеміз. Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп, тұтас елге тұтқа болатындай дәрежеге жеткен аузы дуалы, сөзі уәлі Төкен Танаұлы туралы қысқа ғана пайымымыз осымен тамам.
Өзіңіз ғасыр, ісіңіз мәңгі жасасын, Төкен ақсақал!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.