Солтүстік Қазақстан облысы кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында үш жасар қызын ұрып өлтірген келіншекке қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға биыл ақпан айында болған еді. 3 жасар Александра Захарованы туған анасы өлімші етіп ұрып, сәби ес-түссіз балалар ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер сәбидің өмірі үшін күрескенімен, ем-дом нәтиже бермеді. 1 ай бойы реанимация бөлімінде комада жатқан бала есін жимастан жан тапсырды.
22 жастағы Екатерина Голешоваға бірден 3 бап бойынша айып тағылған.
Келіншек 18 жаста тұңғыш баласы Александра Захарованы дүниеге әкеле сала, жетімдер үйіне тапсырған екен.
Кішкентай қызды анасының келісімімен туысы – ерлі-зайыпты Виталий мен Татьяна Захаровтар уақытша қолына алады.
Кейін бүлдіршін сал ауруына шалдығып, анасы мүлдем безіп кеткен.
«Ол ешқашан қызын жақсы көріп, бауырына тартқан емес. Жаңа жылдың алдында Сашаны ресми түрде асырап алуды жоспарлаған едік. Сол үшін тиісті құжаттарды жинай бастадық. Туған анасы бізге қолхат жазып, баладан бас тартуы тиіс болатын. Бірақ, ол ойынан айнып, қызды алып кетті. Осылайша Сашадан айырылып қалдық», – дейді Виталий Захаров.
Ерлі-зайыпты қызды 2020 жылдың желтоқсанында туған анасына берген. Ал 2021 жылдың 17 қаңтарында сәби ес-түссіз, ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Голешова қызды ұрып-соққанын мойындап отыр. Сот материалдарына сүйенсек, сәбидің көрмеген қорлығы жоқ.
Бас сүйегі сынған, қолы күйген, тістері түсіп қалған, аяғы үсіген.
Алғашқы сот отырысы 3 сағатқа созылды. Келесісі 23 маусымға жоспарланған.
Қыздың анасы 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
https://www.inform.kz/