“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені Көкшетау қаласында ұлы ханның 310 жылдығына орай “Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан” атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Көкшетау мен Қызылжар – ұлылардың қасиетті мекені. Олардың ел үшін жасаған ерліктерін насихаттау мақсатында “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені мен Мәлік Ғабдуллин музейі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасына қарасты Мәлік Ғабдуллин музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Абылай ханның 310 жылдығына арналған “Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан” атты жылжымалы көрме салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, шараның қос өлке үшін маңыздылығын атап өтті. “Есіл-Көкше өңірі – түпкі тарихы бір-бірімен біте қайнасып жатқан, талай ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан мен Атығай Қарауылдың бетке ұстар биі Қанай шешен арасындағы достық пен селкеу түспеген сенімділік кешегі тарих беттерінде таңбаланып жазылып қалды. Қанай шешен қазақ халқының қаһарман ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің тоғызыншы атасы”, – деп жазушы, драмматург, “Тіршілік” ЖШС-нің директоры Жабал Ерғалиев тарих беттерінен деректер келтірді.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары