Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров негізгі салаларда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі – 101,6, өнеркәсіпте – 109,3, инвестиция тартуда – 108,2, құрылыста – 108 пайызды құрапты. 495 жаңа жұмыс орны ашылып, салық түсімі 43,4 млн. теңгеге асыра орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласында егіншілікпен қатар мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Үстіміздегі жылы 4 ірі жоба жүзеге асады. “Алисарай” ЖК 600 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын салады. Қазір кәсіпкерге жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Симменталь тұқымдас ірі қара сатып алуға келісімдер жасалды, 15 жұмыс орны ашылатын болады. Ал “Екпін 2002” ЖШС-і екі мың басқа шақталған қой фермасын ашуды көздеп отыр. Маусымның соңында серіктестікке алғашқы 800 бас ұсақ мал жеткізіледі. Қалғаны қазан айында алынады. “Атамекен Агро” ЖШС-і Қарағаш ауылында 780 басқа шақталған асыл тұқымды мал репродукторын, “Қайнарбек Ата” ЖШС-і Орталық ауылында 1000 басқа шақталған бордақылау алаңын іске қосады, – деді брифинг барысында Марат Ескендіров.
2020 жылы ауданда автомобиль жолдарын жөндеуге екі есе көп қаржы бағытталды. Аудандағы 612 шақырым жолдың 361 шақырымы жақсы жағдайда. Былтыр республикалық маңызы бар 34, облыстық маңыздағы 55 шақырым жол жөнделді. Казанка ауылына апарар жолдың 12,5 километрі, Пресновка мен Благовещенка елді-мекендерінің ішкі жолдарын жөндеуге 460 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Әкімнің айтуынша, биыл Пресновка, Благовещенка, Қайранкөлдегі ауылішілік жолдар жөнделеді. Ұлттық қор есебінен Майбалық ауылына барар жол, “Петровка-Жаңажол-Бауман стансасы” учаскесіне орташа жөндеу жүргізілмек. Железное, Пресноредуть, Буденное, Мирное-Айымжан, Пресновка-Қайранкөл бағытындағы жолдарды жөндеу алдағы жылдардың еншісіне қалдырылған.
Ауданда бірқатар нысандардың құрылысы жалғасуда. Қазір Пресновкада дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. 300 млн. теңгенің нысаны биыл тамызда қолданысқа берілуі тиіс. Жамбыл ауылында оңтүстіктен көшіп келетін ағайынға 30 үй тұрғызылып жатыр. Біртіндеп таза ауызсумен қамту мәселесі де шешілуде. Ауданда 35 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Былтыр 4 елді мекен – Троицкое, Орталық, Архангелка мен Сенжарка да бұл тізімге қосылуы тиіс еді. Алайда Преснов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты аталған ауылдарға таза ауызсу биыл жетпек. “Аудандағы мектептердің барлығының қазандықтары сыртқа шығарылған. Былтыр Благовещенкада “Агро Профи” ЖШС-і 48 млн. теңге қаржы бөліп биоқазандықты іске қосты. Оған екі мектеп, балабақша мен Мәдениет үйі қосылды. Өткен жылы білім беру саласында 6 нысан күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл 98 млн. теңгеге тағы екеуі жөнделеді, – деді Марат Ескендіров.
Үстіміздегі жылы стоматологиялық құрылғы мен тағы екі медициналық көлік, УДЗ құрылғысы, бейнеколоноскоп, дезинфекциялау камерасы алынады. Благовещенкадағы дәрігерлік амбулатория жөнделмекші.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.