Осыдан он шақты жыл бұрын зайыбым Алма мен немерем Нұржанды ертіп, қасиетті Түркістан қаласында тұратын Әбубәкір деген жолдасыма бардым. Екеуміз Алматыда С.М.Киров атындағы университетте бірге оқығанбыз. Бір үзім нанды бөлісіп жеген студенттік өмір ешқашан ұмытылмайды екен.
Қазақстанның сұлу табиғатына тең келер жер жоқ қой, шіркін! Жол бойы кең-байтақ еліміздің көркіне көзіміз тоймай, ерекше сезімге бөлендік. Бір сөзбен айтқанда табиғаттың тамаша көрінісінен ләззат алдық.
Жол бойы қаптаған мал. Өзен-көлдердің жағасына ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Желіге құлын байлап, бие сауған ақ жаулықты аналар мен асық ойнап, доп қуалаған балалар да сұлу табиғаттың ажарын келтіріп тұрғандай. Немерем балалардың ойынына қызығушылықпен қарады. Оңтүстік халқының қонақжай, мейманшыл екені әр кездескен адамның: “Сусын ішіп, дәм татып кетіңіздер”, – деген сөздерінен-ақ аңғарылып тұрды. Бейтаныс адамдардың ізет көрсетуі жанға жылу сыйлады. Осылайша Түркістанға жеткенше 7-8 үйден дәм бұйырды. Немереміз киіз үй көрсе болды: “Ата кірейік, қымыз ішейік”, – деп мазалай бастайды. Қымыздың дәмін айтсаңшы!
Ұзақ жүріп, діттеген жерге де жеттік-ау, әйтеуір. Бізді Әбубәкір Түркістаннан 20 шақырым жерде тосып алды. Көптен көріспеген достардың сағынышын айтып жеткізу мүмкін емес. Көлікке отырып, ілгері жүрдік. Бір кезде Әбубәкір жол жиегінде өсіп тұрған қара ағаштың жанына тоқтады. Ағаштың көлеңкелі жағына кілем төсеп, дастарқан жайды. Күліп-ойнап кешке дейін тынықтық.
Біздің оқу бітіргенімізге бірталай уақыт өтсе де, өткен күндер әлі есімде. Жігіттік дәурен, студенттік шақтың қызықтарын еске алып, ұзақ сырластық. Уақыттан озған жүйрік жоқ. Адам баласының қартаюы – табиғи заңдылық. Досымның кескін-келбетіне де уақыт өз бедерін салған екен. Бірақ пейілі мен көңілі өзгермеген. Оңтүстік пен солтүстіктің арасы алыс жол болса да, сағынысып қауышқан достар күнде көрісіп жүргендей етене жақын әңгімелестік. Біз бір-бірімізді үнсіз ұғынғандаймыз. Уәдеге берік, жабырқағанда жұбатқан, қиналғанда қол ұшын созған Әбубәкірдей досымның болғанын бақытқа баладым. “Дос – ажарың, жолдас – базарың” демекші, өмірде жаныңды түсінетін, әр кез тілеуінді тілейтін адал досың болғанға не жетсін?! Шынайы достықсыз өмірдің мәні жоқ екенін сонда ұғындым.
Он күн бойы киелі жерлерді араладық. Елге оралар кез таянды. Әбекеңе көрсеткен сый-құрметіне ризашылығымды айтып, жолға қамдандық. Құшақтасып, қош айтысып тұрғанымызда досымның көзінен ыстық жас ыршып кетті.
– Түсімде әкем шақырып жатыр. Енді көрісуіміз неғайбыл…, – деді ол. Сөзінің соңын жұтып қойды.
– Қой. “Түс – түлкінің боғы”. Амандықпен жүздесуге жазсын, – деген тілекпен көңілін аулағандай болдым.
Көп кешікпей Әбубәкір келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Хабар алысымен, дереу жолға шықтым. Жерлеу рәсіміне үлгеріп, оны соңғы сапарға қимастықпен шығарып салдым.
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.