«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дос – ажарың

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан он шақты жыл бұрын зайыбым Алма мен немерем Нұр­жанды ертіп, қасиетті Түркістан қаласында тұратын Әбубәкір деген жолдасыма бардым. Екеу­міз Алматыда С.М.Киров атын­дағы университетте бірге оқы­ғанбыз. Бір үзім нанды бөлісіп же­ген студенттік өмір ешқашан ұмы­тылмайды екен.

Қазақстанның сұлу табиғаты­на тең келер жер жоқ қой, шіркін! Жол бойы кең-байтақ еліміздің көркіне көзіміз тоймай, ерекше се­зімге бөлендік. Бір сөзбен айтқанда таби­ғаттың тамаша көрінісінен ләззат алдық.

Жол бойы қаптаған мал. Өзен-көлдердің жағасына ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Желіге құлын байлап, бие сауған ақ жаулықты аналар мен асық ойнап, доп қуа­лаған балалар да сұлу табиғат­тың ажарын келтіріп тұрғандай. Немерем балалардың ойынына қызығушылықпен қарады. Оң­түстік халқының қонақжай, мей­маншыл екені әр кездескен адам­ның: “Сусын ішіп, дәм татып кеті­ңіздер”, – деген сөздерінен-ақ аңғарылып тұрды. Бейтаныс адамдардың ізет көрсетуі жанға жылу сыйлады. Осылайша Түр­кістанға жеткенше 7-8 үйден дәм бұйырды. Немереміз киіз үй көр­се болды: “Ата кірейік, қымыз ішейік”, – деп мазалай бастайды. Қымыздың дәмін айтсаңшы!

Ұзақ жүріп, діттеген жерге де жеттік-ау, әйтеуір. Бізді Әбубәкір Түркістаннан 20 шақырым жерде тосып алды. Көптен көріспеген достардың сағынышын айтып жет­кізу мүмкін емес. Көлікке оты­рып, ілгері жүрдік. Бір кезде Әбу­бәкір жол жиегінде өсіп тұрған қара ағаштың жанына тоқта­ды. Ағаштың көлеңкелі жағына кілем төсеп, дастарқан жайды. Кү­ліп-ойнап кешке дейін тынықтық.

Біздің оқу бітіргенімізге бірта­лай уақыт өтсе де, өткен күндер әлі есімде. Жігіттік дәурен, сту­денттік шақтың қызықтарын еске алып, ұзақ сырластық. Уақыттан озған жүйрік жоқ. Адам баласы­ның қартаюы – табиғи заңдылық. Досымның кескін-келбетіне де уақыт өз бедерін салған екен. Бірақ пейілі мен көңілі өзгерме­ген. Оңтүстік пен солтүстіктің ара­сы алыс жол болса да, сағыны­сып қауышқан достар күнде кө­рісіп жүргендей етене жақын әң­гімелестік. Біз бір-бірімізді үнсіз ұғынғандаймыз. Уәдеге берік, жа­бырқағанда жұбатқан, қиналған­да қол ұшын созған Әбубәкірдей д­осымның болғанын бақытқа ба­ладым. “Дос – ажарың, жолдас – базарың” демекші, өмірде жа­ның­ды түсінетін, әр кез тілеуінді тілейтін адал досың болғанға не жетсін?! Шынайы достықсыз өмір­дің мәні жоқ екенін сонда ұғындым.

Он күн бойы киелі жерлерді араладық. Елге оралар кез таян­ды. Әбекеңе көрсеткен сый-құр­метіне ризашылығымды ай­тып, жолға қамдандық. Құшақта­сып, қош айтысып тұрғанымызда досымның көзінен ыстық жас ыршып кетті.

– Түсімде әкем шақырып жа­тыр. Енді көрісуіміз неғайбыл…, – деді ол. Сөзінің соңын жұтып қой­ды.

– Қой. “Түс – түлкінің боғы”. Амандықпен жүздесуге жазсын, – деген тілекпен көңілін аула­ған­дай болдым.

Көп кешікпей Әбубәкір кел­мес­тің кемесіне мініп, қайтпас са­пар­ға аттанды. Хабар алысымен, де­реу жолға шықтым. Жерлеу рә­сі­мі­не үлгеріп, оны соңғы сапарға қи­­мастықпен шығарып салдым.

Рахмет ЖҰСЫПОВ,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp