«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата Заңымызда азаматтарға жерді жекеменшікке беру құқығы бекітілген. Меншікті пайдалану ұғымы қоғам игілігіне қызмет етуді міндеттейді. Жерді пайдаланудың шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен айқындалған. Жер қатынастары субъектілерінің құқықтарды жүзеге асыруы табиғи ресурс ретінде жерге және қоршаған ортаның өзге де объектілеріне, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірмеуі тиіс.

Қазіргі таңда жер иелерінің өз құқықтары мен міндеттерін білуі өте маңызды. Өйткені жыл өткен сайын жер иелерінің саны артып келеді. Өкінішке қарай, кей адамдар­да жер учаскелерін өз қалауымызша пайдалана аламыз деген тү­сінік басым. Мұндай қате көзқарас Жер кодексінің талаптарын бұзуға әкеліп соқтырып жатады. Жер кодексінің 6-шы тарауында меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану жөніндегі құқықтары мен міндеттері тайға таңба басқандай жазылған. Атап айтқанда, жер учаскесінің иелері жер телімдерін мақсатты түрде пайдалана отырып, дербес шаруашылық жүргiзуге, ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар себуге, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа дербес иелік етуге, шаруашылық мұқтажы үшiн жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды, жерүстi және жерасты суларын белгiленген тәртiппен пайдалануға, мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемде өтетiп алуға, тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салуға, белгiленген құрылыс, экологиялық, са­нитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға орай сулан­дыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзуге, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасауға, осы кодекстің нормалары негізінде тараптардың келісуі бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде инвесторларға беруге құқылы.

Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қойылатын басқа да талаптары бар. Олар – жерді оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендер төңірегіндегі функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезінде жалдау шартына сәйкес пайдалану, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруге, санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу, жерді қор­ғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, жер салығын, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны заңнамада және шартта қарастырылған басқа да төлемдерді уақтылы төлеу, жануарлар дүниесін, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртібін сақтау, жер учаскесінде орналасқан, мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілері мен басқа да объекті­лерге нұқсан келтірмеу, мемлекеттік органдарға жердің жай-күйі мен пайдаланылуы туралы мәліметтерді уақтылы ұсыну, топырақ­тың ластануына, қоқыстануына, тозуына және құнарлылығының нашарлауына жол бермеу. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын топырақты агрохимиялық зерттеп қарауды жүргізу үшін жер учаскелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті. Жер учаскесінің, сервитуттың нысаналы мақсаты мен пайдалану режімін және нормативтік-құқықтық актілер негізінде белгіленген пайдаланудың басқа да шарттарын жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы дербес өзгерте алмайды.

Жер кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін 2020 жылы облыста сот тәртібімен жалпы аумағы 11964 гектар жерді мәжбүрлеп алып қою туралы 11 талап-арыз, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне қа­тысты 3 талап-арыз қаралып, қанағаттандырылды. Биыл 5 айда елді мекендер аумағындағы жалпы ауданы 3,6640 гектар жерді мәжбүрлеп алып қою туралы 10 талап-арыз оң шешімін тапты. Басқарманың тексерулері нәтижесінде басқа да заң бұзушылықтар жойылып, елді мекендер бойынша жалпы ауданы 486,9 гектарға 65 адам иелік етті.

Жер иелеріне қала мен елді мекендердің жерлерін уақтылы игеру және мақсатты пайдалану заңнамада көзделген жауапкершіліктен босатып қана қоймай, 10 есе ұлғайтылған салықтың артық шығындарына жол бермейтіндігін еске салғым келеді. Бос тұрған жер учаскелерін пайдалану жаңа жұ­мыс орындарын құруды да қамтамасыз етеді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу, оларды өз кәсібін ашқысы келетін іскер азаматтарға беру бірқатар проблемаларды шешері анық.

Ирина МИКОТИНА,

облыстық жер инспекциясы заңдылықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp