Бүгінгі таңда елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылып, өңірлерде арнайы жұмыс топтары іске кірісті. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында айтылды. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен елордадан келген делегация өкілдері қатысты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымовтың айтуынша, өңірімізде солақай саясаттан жапа шеккендерді толық ақтау мақсатында 7 бірдей топ жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысының өз бағыты бар. Бірақ барлығының көздегені бір – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру.
– Президент айтқандай, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның борышы. Бұл мәселенің астарында үлкен мән жатыр. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Сондықтан бұл жұмыс барынша сапалы атқарылуы тиіс, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Жұмыс топтарының мүшелері сәуір айынан бастап мыңдаған адамның құжатын тексеріп, ондағы деректерді қараған. Нәтижесінде өңірімізде солақай саясат салдарынан жапа шеккен 4 адам ақталды. Осы маңызды іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ғалымдардың айтуынша, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтардың 80 пайызы – ауыл тұрғындары. Қазір сол ауылдардың біразы жоқ, репрессияға ұшырағандар қайтыс болды. Ендігі міндет – солардың ұрпақтарын табу. Жиында ауыл-ауылды аралау кезінде қуғын-сүргін құрбандарын ғана емес, тарихи орындарды да анықтау маңызды екені айтылды.
– Бүгінге дейін өңірімізде 8 мыңнан астам адамның сотталғаны анықталса, солардың алты мыңнан астамы ақталмаған. Олардың ішінде ірі байлардың және жер аударылғандардың тізімдері де бар. Мал-мүлкі тәркіленген байлардың қай жерлерден кеткені анықталып отыр. Арнайы лагерь Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылының жанында орналасқан. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев ауданындағы Александровка елді мекенінде арнайы коммендатура құрылған, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Жиында ақтаңдақтарды ақтару үшін өңіріміздегі архивтерде маман жетіспейтіндігі де айтылды. Салдарынан құжаттарды жылдам табу мүмкін болмай жатыр. Сабыр Қасымов бұл жұмысқа арнайы адам тартуды ұсынды. Оларға лайықты жалақы төленуі тиіс. Өз кезегінде Ғани Нығыметов бұл мәселенің шешілетіндігін тілге тиек етті. Тағы бір түйткіл – ғалымдардың аздығы. Қатарға өлкетанушыларды, зерттеушілерді тарту керек.
Өңірімізде қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау тобының жұмысы 3 жылға созылмақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 15 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.