“Егіс науқаны қызған шақ. Бейқан дейтін қатал бригадир болатын. Түннің бір уағында әлгі бригадир трактордың суы бітіп қалды деп оятып алып кетті. Қырдағы тракторларды сумен қамтамасыз ету маған жүктелген. Күні-түні өгізбен су тасимын. Баламды бесікке бөледім де, кете бардым. Төңірек құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Айналаны қою қараңғылық басқан. Бөшкеге суды толтырып, егіс басына жеткіздім-ау, әйтеуір. Үйге келсем, бесікке бөлеулі балам жылап-жылап әбден әлі құрыған екен”, – деп өткен күндерден сыр шерткен Жанкен Қапарованың көзінен бір тамшы жас ыршып түсті. Себебі осы оқиғадан кейін көп кешікпей сәбиі ауырып қайтыс болған екен. Бұл – бір ғасыр жасаған кейуананың көрген бейнеті мен тартқан азабының бір парасы ғана.
Ол 1921 жылы Есіл ауданындағы Мектеп ауылында дүниеге келіп, жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татып өсті. Айтуынша, анасы ерте қайтыс болған. Ал әкесі жаламен айдалып кеткен. Әкесі алыс сапарға аттанар алдында ауылдағы ерлі-зайыпты Қапар мен Сиыршыға сегіз жастағы қызын аманат еткен екен. Сол кеткеннен әкесі қайтып оралмады. Ал Шәмшия, Шәпия есімді әпкелері тұрмыс құрып кеткеннен кейін олармен байланысын үзіп алған. Қапар мен Сиыршы қаршадай қызды ешқашан өгейсіткен жоқ. Өзінің балаларынан кем қылмай өсірді. Барынша қамқор болды. Сол үйдің балалары Қамар, Қабдрахманмен тетелес өскен Жанкен соғысқа дейін ұжымшарда жұмыс істейді. Кейін Қабдрахманмен көңіл жарастырып, тұрмыс құрды. Екеуі тың игеру науқанына қатысып, өмір жолында кездескен қиындықтарды бірге қол ұстасып өткерді.
– Біздің балалық шағымыз қиындықпен есте қалды. Қазіргідей тоқшылық, молшылық заман қайда? Ішерге ас, киерге киім болмады. Өгіз жегіп, соқамен жер жыртып, егін ектік. Қол диірменмен бидайды үгіп, сонымен күн көрдік. Бірде аш, бірде тоқ, әйтеуір еңбектен қол үзген жоқпыз. Соғыстан кейін жолдасым екеуміз ұжымшарда жұмыс істедік. Ол – тракторшы, мен тіркеуші болдым. Ауылда трактор да тапшы кез ғой. Кейін ол қой бақты, мен сақманшы болдым. Қыз-келіншектер қоздаған қойға ен салып, төлін ауыздандыратынбыз, – дейді тыл еңбеккері Жанкен Қапарова. Тоғыз құрсақ көтерген кейуана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, балаларының ортасында қуанышқа кенелуде. Бес баласы дін аман. Үш сәбиі ерте шетінеп кеткен. Оның бірін жоғарыда айттық. Елу жасында сүт кенжесін өмірге әкелген ана балалары ержетіп, өз алдына отбасын құрса да, әлі күнге дейін ұл-қыздарына алаңдап отырады.
Зейнетке шыққанша еңбектен қол үзбеген қария ұзақ жасаудың сыры қимыл-қозғалыста екенін айтады. Бертінге дейін ауылда тұрып, сиыр сауып, бие байлап, мал бақты. Әлі тың, еңсесі тік, қайраты бойында.
Жанкен Сыздыққызы жақында 100-ге толды. Тұтас бір дәуірдің шежіресіндей кейуананың өмір жолы тағылымды. Қазыналы қария – әулеттің алтын қазығы, түп-тамыры. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей кейуананы балалары да алақандарына салып аялауда. Қолын жылы суға малып отырған ұлы Бүркіт пен келіні Бағдатқа әжей де дән риза.
– Әулетіміздің қариясы, дариясы болып отырған анамыздан әрқашан үлгі аламыз. Келіндерімен құрбысындай сырласады. Пайым-парасаты мол, көпті көрген ардақты жанды мақтан тұтамыз. Дауыс көтеріп сөйлемейді, ешкімге ұрыспайды. Барлығын ақылмен айтады. Анамыздың есте сақтау қабілеті ерекше, – дейді келіні Бағдат Тельманқызы.
Төрт-ақ сыныптық білімі болса да, оқу мен жазуға зерек. Елеулі еңбектің өтеуі ретінде әр жылдары алған медальдары кеудесінде жарқыраған әзиз жан Ұлы Отан соғысы қатысушысына теңестірілсе де, әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Қайраты мұқалмаған, жігері жасымаған әжей Отанның тыныштығы, ұрпағының амандығы – басты байлығы екенін айтады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.