Қызылжар өңірі бар саналы ғұмырын өнерге арнап, елдің руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген ардақты азаматтардан кенде емес. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев. Облыстық әкімдікте өткен салтанатты шарада мәдениет саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған режиссердің өнегелі өмір жолы жайлы айтылды. Петропавл қаласының құрметті азаматын 75 жылдық мерейтойымен облыс әкімінің атынан орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.
– Сіздің өңірімізде мәдениет саласының өркендеуіне қосқан үлесіңіз орасан. Шоқан Уәлиханов сияқты тұлғаларды сомдадыңыз. Зейнетке шықсаңыз да әлі еңбек етіп келесіз. Жүріп өткен жолыңыз ізіңізді өкшелеп келе жатқан жас мамандарға үлгі, – деп мерейтой иесін құттықтаған Ғани Сақтағанұлы әртіске облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Виктор Григорьевич Ресейдің Ярослав облысындағы Большое Село ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Горький театр училищесін тамамдап, көршілес елдің бірқатар театрында еңбек етті. Ал Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының табалдырығын 1980 жылы аттады. Өнерге 60 жыл өмірін арнаған әртіс 130-дан астам рөлді сомдап, ондаған спектакль қойған. Режиссердің “Мордасовские сны” спектаклі ХІV республикалық фестивальде лауреат атанды. Орталық Азия елдерінің ІІ халықаралық фестивалінде “Суд Магжана” спектаклі (пьеса авторы және режиссері – В.Шалаев) тарихи тұлғаның тылсым өмірін көрсете білгені үшін марапатталғанын айта кеткен жөн.
Мерейтой иесіне ақ тілегін арнай келгендердің қатарында әрiптестерi де болды. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев пен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас өнер майталманының жақсы қасиеттерін тілге тиек етті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.