Петропавлда алдағы екі күнде ауа температурасы 38 градусқа дейін ысымақ. Осыған байланысты 112 қызметі ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, 16-17 маусым күндері өңірде күн күркіреп, қатты жел тұрады. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Сондай-ақ ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды ескертіп, бұл күндері орманға бармауға, қатты желде кепкен шөп пен қоқысқа от қоймауға, өрт қаупі жоғары жерлерде от жақпауға кеңес берді.
Ал абайсызда өрт шыққан жағдайда бірден оны сөндіруге тырысып, орман шаруашылығы қызметкерлерін, өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы билікті хабардар ету қажет.
Мамандар, сондай-ақ өзен-көлдерде арнайы жарақталған орындарда ғана суға шомылуға болатындығын ескертеді. Қараңғыда және жалғыз суға түсуге болмайды. Судың жанында баланы жалғыз қалдыру қауіпті.
https://www.inform.kz/