Солтүстік Қазақстан облысында AgroData қосымшасының таныстырылымы өтті. Пилоттық жоба шаруашылықтарға көмекші құрал болып, өндірісті арттыруға көмектеспек, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы мамандары Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы «Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасы» ЖШС өкілдерімен және ауыл шаруашылық құрылымдарымен көшпелі кездесу өткізді.
Жиын барысында AgroData веб-қосымшасының таныстырылымы өтті.
Сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы» ЖШС мен «Қазгидромет» РМК арасындағы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Филиал мәліметінше, «Қазгидромет» РМК өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында «www.agrodata.kz» веб-парақшасын елдің 4 өңірінде пилоттық жоба ретінде іске қосты.
Қосымша синоптикалық және агрометеорологиялық ақпаратты тегін береді.
Нәтижесінде шаруашалықтар егін егуге және жинауға қолайлы ауа-райының мәліметтерін 100%-ға нақты әрі қысқа уақытта алды.
Веб-парақшамен жұмыс істегендердің бірі – «Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасы» ЖШС.
Серіктестік 35 га алқапқа бидайдың бірнеше сұрпын, күнбағыс және бұршақ егеді.
«Бұрын бұл жұмысты әр шаруашылықтың агрономы атқаратын. Енді қосымшаның көмегімен аграрийлер бірнеше тәулікке ауа-райы болжамын алып, дауылды ескерту, қардың қалыңдығы туралы, жауын-шашынның қашан болатынын және қанша мөлшерде, топырақтың құнарлығы мен ылғалдығы туралы ақпаратты еш қиындықсыз және тегін түрде ала алады. Оларға бұл ақпарат көбіне көктемгі егін егу және күзде оны жинау кезінде қажет», – дейді «Қазгидромет» РМК агрометеорологиялық мониторинг және болжамдау департаментінің директоры Нонна Лоенко.
https://www.inform.kz/