Облыстық мәслихат депутаттары жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болып, әлеуметтік нысандар құрылысымен, мектептердің, жолдардың жөнделуі, үйлерге су тарту жұмыстарының барысымен танысты.
Бүгінде ауданда сүт фермаларын тұрғызуға басымдық беріліп отыр. “Астық-Привольный” ЖШС-і 640 басқа шақталған кешеннің құрылысын аяқтауға жақын. Жобаны іске асыруға кәсіпкер 1 млрд. 700 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Қазіргі таңда шетелден асыл тұқымды 316 ірі қара әкелінді. Қалған Зеңгі баба түлігі тамыз айында жеткізіледі. “Астық-Привольный” серіктестігінің басшысы Бауыржан Тасмағанбетовтің айтуынша, тауарлы-сүт кешенінде жұмыс істейтін сауыншылар мен малшылар жеткілікті. Маман тапшылығы жоқ.
“Caspian Contraktors trust” ЖШС-і су тазарту ғимаратын салуда. Серіктестік директоры Виталий Аушарипов құрылыс 2018 жылы басталғанын, қаржыландырудың жалпы сомасы 3 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді. Тәуліктік қуаттылығы 3 мың текше метрге жуық. Сарқынды сулар озық технологиямен тазартылатын болады. Нысанның басты ерекшелігі – жабық үлгіде салынуында.
Халық қалаулылары Нежинка орта мектебінде де болды. “Еңбек” бағдарламасы аясында күрделі жөндеуге 140 миллион теңге бөлінген. Ғимараттың шатыры қалпына келтіріліп, едендер ауыстырылып, пластикалық терезелер қойылған. Электр, жылыту жүйелері жаңартылған. Қабырғалары мен төбелері безендірілген. Жаңа оқу жылын 150 оқушы жаңартылған білім үйінде бастайды.
Аудан орталығындағы “Жастар” стадионына да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Оған “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 45 млн. теңге бағытталған. Биыл ауданда спорт саласын дамытуға 588 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Бұдан бөлек, 8 шағын футбол алаңы, 5 жаттығу кешені және 2 жаттығу алаңы пайдалануға беріледі. Аудандық Мәдениет үйін қалпына келтіруге 70 миллион теңге бағытталған. Оның екінші қабатында шағын жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.