Үстіміздегі жыл елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып бекітілгені белгілі. Осыған орай жергілікті кітапханалар мен мектептерде түрлі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылды.
Аталмыш руханият ордасының директоры Ғалия Малдыбаеваның жас оқырмандарға арналған “Сағдиян елінде” атты ертегілер жинағының тұсаукесер рәсіміне облыс орталығындағы бірқатар білім ордасының ұстаздары мен бүлдіршіндері жиналды.
Автор бұл жинағына енген туындылары арқылы жас оқырмандарды адал, еңбекқор, ақылды әрі шыдамды болуға шақырады. Әсем суреттермен безендірілген кітап екі тілде жарық көрген. Шара барысында Ғалия Ғалымқызы жиналғандарға жинақтың атауының неліктен “Сағдиян елінде” деп аталғаны туралы айтып, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кештің ең жас қонақтары – “Салтанат” балабақшасының тәрбиеленушілеріне тәттілер үлестірілді.
Майра ӘБДІМҰРАТҚЫЗЫ.