«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАРҒА ДЕМЕУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ежелден малмен күнелткен ата-бабаларымыз ауа райын болжап, қай жылдары жұт келіп, қыстың қатты болаты­нын есептеп отырған. Соған сай жайлауы мен қыстауын, жем-азығы мен жайылымын сайлаған. Бірақ отырықшы өмірге көшкеннен кейін табиғи құбылыстарды қадағалап отыратындар азайды. Бұл жұмыс метереологтарға жүктелді. Талай жылдар бойы мамандар ауа райын болжап, диқандарға ғылыми түрде дәлелденген, зерттелген мәліметтерді ұсынып келеді.

Қазіргі күні жерді зондтау мүм­кіндігі пайда болғалы, синоптикалық және метереологиялық болжамдар дәл келіп, шаруаларға үлкен қолдау болып отыр. Егін егу, тыңайтқыш сіңіру, ораққа кірісу кезін анықтау секілді маңызды науқандарда мұның көмегі зор. Жақында “Қазгидромет” РМК мамандары Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС-нің өкілдерімен көшпелі кездесу өткізді. Онда 2019-2020 жылдар аралығында облыста шаруа (фермер) қожалықтарына қызмет көрсету бойынша қолға алынған қанатқақты жобаның алғашқы нәтижелері таныстырыл­ды. Осы кезеңде нақты және болжамдық ақпарат фермерлік шаруашылықтарға тегін берілген болатын. Синоптикалық және агрометеорологиялық ақпаратты пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға көмектескенін көрсетті. Қызмет тәжірибесін ескере отырып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің тапсырмасы бойынша “Қазгидромет” РМК фермерлерге арналған веб-қосымша әзірледі, онда әкімшілік аудандар бөлігінде нақты және болжамдық ақпарат тегін жарияланады. Қосымша (www.agrodata.kz.) кез келген мобильді құрылғыда (смартфон, компьютер, планшет) қолжетімді.

Кездесу барысында “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС-і мен “Қазгидромет” РМК арасында өзара тиімді екі жақты ынтымақтастық мәселелері қаралды. Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің басты астық егетін өңірлерінің бірі болғандықтан, кездесуде агрометеорологиялық бақылау пунктін жандандыру мүмкіндігі де талқыланды. Бұл белгілі бір аймақ тұрғысынан толық агрометеорологиялық көріністі қарап отыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында агрометеорологиялық мониторинг 121 метеорологиялық станцияда және 88 агрометеорологиялық бекетте жүргізіледі. 173 пункт астық егетін аудандарда, 26-сы жайылымдарда, сондай-ақ күріш, мақта алқаптарында, бақтарда және т. б. бақылау жүргізеді.

Мемлекеттік бақылау желісінің барлық агрометеорологиялық пункттерінде метеорологиялық (ауа температурасы, жауын-шашын, атмосфералық құбылыстар, сондай-ақ жел, жиынтық күн радиациясы, топырақ бетіндегі және тереңдіктегі топырақ температурасы және т.б.) және ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен топырақтың жай-күйіне бақылаулар жүргізіледі.

Қазіргідей ақпараттық технологиялар заманында ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін инновациялық жүйені қолданып, тәуекелдер мен негізсіз шығындардан арылуға жол ашылады.

Қымбат МІРҒАЛЫМОВА,

“Қазгидромет” РМК облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp