«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛЫ БОЛҒАН Қабдолла ақсақалдың қилы тағдыры

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сталиндік қанқұйлы қуғын-сүргін жайлы ойлаудың өзі қор­қынышты. Арада қанша уақыт өтіп, қанша ұрпақ алмасса да, қанды іздері әлі күнге дейін сай­рап жатыр. Халқымызды қы­надай қырған зұлмат заманның табы Жалтыр ауылын да айна­лып өткен жоқ. Қаншама қа­рапайым адамдардың нақақтан-нақақ күйіп кеткенін үлкендер айтып отыратын. Солардың бірі – Шақан Жапаров еді. Ол “Ок­тябрь” ұжымшарында мал бри­гадирі қызметін қаннен қаперсіз атқарып жүргенде аяқасты “ха­лық жауы”, “жапонның шпионы” де­ген қара күйе жағылып, абақ­тыға тоғытылған. 1938 жылдың 5 қазанында ату жазасына кесіл­ген. Марқұм тірі пендеге зияны тимеген қарапайым, адал жан болса керек. Техникум бітіріп әр салада абыройлы еңбек еткен.

Сол жылдары “Жалтыр” ұжым­шарын басқарған Әйтен де­ген ел азаматын да бір түнде ұс­тап әкетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Біздің ауылдан ғана бес-алты кісіге жазықсыз айып тағы­лып, алды атылып, соңы жиырма бес жылға итжеккенге айдалған. Кеңес өкіметінің өз халқына қар­сы жасаған қырып-жою саясатын әркім әртүрлі түсіндіргенімен, қолдан жасалған зобалаң екені айдан анық. Жұртшылықтың әб­ден қорқып, үрейленіп қалғаны сон­шалық, ашық айтудан жүрек­сініп, оңашада бір-бірімен сы­бырласып қана сөйлесетін. Жа­заларын өтеп келгендердің өз­дері ауыздарына су толтырып ал­ғандай ләм деп жақ ашпайтын.

Анам жарықтықтың айтқан мына әңгімесі есімде қалыпты. Ел ішінде орын алған бұл оқиға шаш ал десе, бас алатындардың асқан қатыгездігін, зорлық-зом­былығын айқын көрсетеді. Олар үшін еш дәлелсіз жазалау, жал­ған кінә тағу, адамның өмірін ойыншық, тағдырын тәлкек ету түкке тұрмайтын сияқты. Жал­тырда Қабдолла және Ықылас деген еншісі бөлінбеген ағалы-інілі ағайындар тұрған. Үйдің үл­кені Қабдолла денсаулығының дімкәстігінен “барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” ұра­нына қосылып, тылда аянбай ең­бек етеді. Ауыл-аймаққа сыйлы жан болды. Қартайған шағында өмірден озды. Қолынан талай дәм таттым. Шамасы 46-шы жыл­дың күзі болса керек. Ұжымшар күзгі егін орағын уақытылы аяқ­тап, орақшылар ауылға қарай бет­тейді. Қабдолла алып кетпек ниетпен бірнеше әйелді тосып тұ­рады. Қолдарында бір-бір шағын дорбалары бар қатын-қалашпен бірге улап-шулап арбамен жолға шығады. Әуелете ән шырқап, биік дөңнен көтеріле берген кө­ңілді топтың алдынан – Бөрібай қыстауы жағынан бір ноқат қылаң береді. Милиционер жігіт үшаяқ­ты мотоциклмен ызғытып келген күйі амандық-саулық сұраспастан бірден арбаға үңіліп, көзі кішкен­тай дорбаларға түседі. Әзіл-қалжың, күлкі пышақ кескендей сап тыйылады. Арбадағылардың зә­релері ұшып, жәрдем тілегендей жалғыз еркек кіндік­тіге жал­тақ­тайды. Қабағы сұсты мили­цио­нер қолына қағазы мен қаламын алып, әрқайсысының аты-жөнін жаза бастағанда әйелдердің өңі аппақ қағаздай бозарып, тілдері байланып қалады. Қабдолла әкей жағдайдың қиындап бара жатқанын сезіп: “Мына дорбалар менікі”, – деп қылмысты өз мо­йнына алады. Қылмыскердің тез табылғанына милиционер қуа­нып кетеді. Дорбалардағы би­дайды қосқанда бір жарым ше­лекке жуықтайды.

Келесі күні ертемен қара бре­зентпен қапталған қорабы бар “ГАЗ” машинасы келіп, Қабдол­ланы алып кетеді. Үш күн бойы аудан орталығы Марьевкада ұс­тап, сосын Қызылжарға жібереді. Мойындамасқа амал жоқ, дәлел – бес дорба бидай. “Социалистік мүлікке қол сұқты”, “Ұжымшар дүниесіне нұқсан келтірді” деген айыптаулармен он жылға сотта­лып кете барады. “Мені конвой бір бөлмеге кіргізді. Үш адам үс­тел басында отыр екен. Айып­тауды оқып, он жылға үкім шы­ғарды. Ақтық сөз айтуға рұқсат бермеді. Санаулы минуттар ішінде “үштік” тағдырымды шеш­ті”, – деп кейін ақсақал есіне алып еді. Жазасын Краснояр жақта өтеп, тайгада ағаш дайындау сияқ­ты ауыр жұмыстарға жегіле­ді. Отағасының сотталып кеткені туралы бәйбішесі Жәмәлияға айтпаған. Жұрттан естіген. Тұң­ғышына аяғы ауыр апамызға бұл жайсыз хабар өте ауыр тиеді. Бір қайыры болсын деп дүние есігін ашқан ұл балаға Қайыркен деп ат қояды.

Қайыркен құрдасымның әкесі­мен қауышу сәті өз алдына бір оқиға. 1956 жылы жазасын өтеп шыққан Қабекең аудан орталығы Марьевкаға келеді. Күн лайсаң, көлік жоқ. Жолай МТС-қа соғады. Сәтін салғанда директоры кезде­сіп, оған басынан кешкен жағ­даятты баяндап береді. Орыс аза­маты тәңір жарылқағыр біреу екен. Отбасын, туған-туыстарын сағынып, арып-ашып келе жат­қан ағамыздың халін түсініп, де­реу бас инженерін шақырып ала­ды. “Мына кісіні бүгін Жалтырға жеткіз”, – деп тапсырма береді. “Жол нашар, кеше кеткен машина жолда қалды”, – дегеніне қара­мастан “С-80” тракторын жіберуді бұйырады. Ағамыздың жанары жасқа толып, өмірде жақсы адам­дардың барына шүкіршілік етеді.

Қырда ойнап жүргенбіз. Ара­мыз­дан біреу айғай салды. Бәрі­міз ауыл жаққа жалт бұрылсақ, бір көлік Қайыркеннің үйінің жа­нына тоқтағандай болды. Біздің ен­тігіп жеткеніміз сол еді, каби­надан елулер шамасындағы ұзын бойлы, қара торы кісі түсті. “Қабдолла келді, Қабдолла келді, сүйінші!”, – деп анадайдан бір апай сүріне-қабына жетті. Құшақтап, көпке дейін босатпай тұрды. Ара-арасында дауыс шы­ғарып, өксіп қояды. Ана кісі де еңкілдеп жылап, тарам-тарам аққан көз жасы тыйылар емес. Бір кезде апай қаумалап қоршап тұрған бізге қарап: “Құлындарым-ау! Жәмәлия апаларыңнан сүйін­ші сұраңдар, Қайыркеннің әкесі келді”, – дегені. Менің таңда­ны­сымда шек болмады. Ағалары­мен бір үйде тұратындықтан, Қайыркеннің әкесі Ықылас деп ойлайтынмын. Қайыркенге қара­сам, сенер-сенбесін білмеген күйі тас мүсінге ұқсап мелшиіп қалыпты. Есік алдына адам қап­тап кетті. Бәрі мәре-сәре. Біреу­лері жылап жатса, біреулері жүз­дері жарқырап күледі. Өкен деген ағамыз бригада басындағы Ықы­ластан сүйінші сұраймын деп жай­дақ атқа мініп, Шонығұл қыста­уына қарай құйғытып шаба жө­нел­ді. Сол күнгі ауыл көрінісі әлі күнге дейін көз алдымда. Ықылас ағам аман-есен келсе тойға соярмын деп семіртіп қойған еркек тайыншасын жықты. Жақсы хабар жерде жатушы ма еді. Ынтымақ, Жарқын, Мерген, Балуан ауылдарынан Кәкеңнің туыстары, жолдастары ағылып келіп, қуанышқа ортақтасып жатты.

Сол жылы күзге қарай елге Жү­ністің Ысқағы да оралды. Со­ғыс­ты басынан кешкен ол кісіге де жала жабылып, он жылға сотта­лып кеткен болатын. Аман-сау елге келіп, отбасымен қауышты. Сонда анасы Гүлсім еңкілдеп жылап, көпке дейін көз жасына ие бола алмады. Едірес ақсақал жасаған той да есте қаларлықтай болды. Екеуі де ұжымшарға кіріп, қайнаған еңбекке араласты. Ауыл-аймақ құрметіне бөленді. Бірі қара мал, екіншісі жылқы бақты. Тағдырдың пешенеге жаз­ған теперішіне мойыған жоқ.

Әлі күнге дейін Қабдолла ақ­сақалдың ерлігіне таңғаламын. Не тамаққа, не киімге жарымай отырған бала-шағаны асырау қамымен бір дорба бидай алған аналарды құтқарып қалуын екінің бірі тәуекел ете бермейтін ерлік­ке балаймын. Басына үлкен қауіп төнетінін біле тұра мұндай қа­дам­ға баруының өзі неге тұрады? Енді ойлаңызшы, бес әйелдің екеуі күйеулерінен қара қағаз алған. Біреуінің жолдасы соғыстан ауыр жарақатпен оралып, өмірлік мүгедектікке ұшыраған. Екеуінікі қайтыс болған. Бесеуі сотталып кетсе, әр отбасындағы 4-5 шиіт­тей баланың көрер күні не бол­мақ? Милиционердің неден бол­са да тайынбайтынын білген аға­мыз жедел шешім қабылдап, бес бірдей шаңырақты күйреуден сақтап қалды. Бала кезімізде ол кісі туралы: “Жайдан-жай сотта­лып кетті ғой, өзгелер үшін шы­рылдап отқа түсті”, – деген сөз­дер­ді жиі еститінбіз. Ағамыз ешкімге міндетсін­бейтін, ол жайында әңгіме қозға­майтын. Он жыл жазықсыз түр­меде отырып келсе де ішкі сыры көкірегінде түюлі болатын. Бірде Жеңіс күні қарсаңында Жалтыр сегіз жылдық мектебінде іс-шара өтіп жатты. Кешке арнайы ша­қы­рылған Қабекең соғыс кезіндегі ауыр тұрмыс туралы айтып бер­ді. Өзі жайлы ләм демеді. Неткен қарапайымдылық, кішіпейілділік десеңші! Бір апай шыдамай кетті білем, көз жасына ерік бере отырып, Қабдолла ақсақалдың сол ерлігін еске алды. Оқушылар ұйып тыңдады. Сөйтсек, сөйлеп отырған кісі арбада болған бесеудің бірі екен. Басқа сөйлеушілер де: “Келешек ұрпағымызды құтқарып қалдыңыз, бәріміз сізге борыш­ты­мыз”, – деп алғыстарын жау­дыр­ды. Қабдолла ақсақал оларға қарап ойланып отырып: “Тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйе­дей қылатын кезең еді. Он жыл жазықсыз шет жерге барып келгенім үшін ешкімді де сөкпей­мін. Маңдайдағы жазу солай бол­ды. Ұрпақ өсіріп, қыздарымызды – қияға, ұлдарымызды – ұяға қонды­рып жатырмыз. Одан артық ештеңенің керегі жоқ. Араларыңда осы­лай отыруым – ауылдаста­рым­ның, бес ананың, менің аман-есен оралуымды Жаратушыдан сұра­ған тілектері деп есептей­мін”, – дегенде жиналғандар орында­рынан тұрып, қол соқты.

Қабдолла ақсақал да, інісі Ықы­лас та кейін дінге бет бұрып, иманды­лық жолында үлкен ең­бек сіңірді. Ежелден еншілері бө­лінбеген қос ағайындының шаңы­рағында ба­ла­ның күміс күлкісі кө­бейгеннен кейін кеңшар Ықылас пен Мағри­па шешейге еңселі бас­пана тұр­ғызып беріп, бөлек шық­ты. Хал­қы­мыздың басынан өткен жазық­сыз жазалау, қуғын-сүргін зама­ны қайталанбаса екен деп ті­лейік. Бізді әлпештеп өсірген ата-әжелеріміздің әке-аналары­мыз­дың тілегі де, арманы да осы еді.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp