«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мерейі үстем Мерген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы беткеұс­тар ауылдардың бірі – Мерген. Кезінде бір кеңшардың бөлімшесі болған ат төбеліндей ғана елді мекен бүгіндері адам танымастай өзгерді. Кеңес өкіметі кезінде са­лынған үйлердің басым бөлігі бұзылып, жаңалары бой көтеруде. Бұл жаңашылдыққа жақында ауылға жолымыз түскенде өзіміз де куә болдық. Сұрықсыз үйлердің орнына салынған жайлы баспаналар көз қуантып қана қоймай, осы ауыл тұрғындарының еңбек пен тұрмысқа деген құлшынысын да арттырғаны сөзсіз. Осы игі іске ұйытқы болып жүрген адам – жергілікті “Гермес-Агро” ЖШС-нің директоры Сергей Окунев. Жас та болса бас болып, өз ауылының түлеуіне айрықша үлес қосуда.

Шағын ауыл болса да, кейбір нысандары аудан орталығына бергісіз. Оған дәмхана мен кондитерлік цехқа барғанда көз жеткіздік. Су жаңа ғимарат жұмысшылардың тамақтануына, той-думан өткізуіне арнап кең қылып салынған екен. Ал кондитерлік цехта наннан бөлек, тұшпара мен тәтті тоқаштардың бірнеше түрі әзірленеді. Ең бастысы, жергілікті тұрғындарға жұмыс бар. Тірлігі қыж-қыж қайнаған ауылда көз тоқтатар тағы бір нысан – астық қабылдау пунктінің құрылысы. Шаруашылықтың негізгі табыс көзі егіншілік болғандықтан, оны сақтау мен кептіру мәселесі де өзекті. Тимирязев ауданындағы Сулы станциясы жақын болғанымен, күздегі кезек пен қосымша шығыннан құтылу үшін қойма салуды ұйғарған.

– Бұл кешен дақылдарды тазарту мен кептіруге арналған. Қосымша тұқым дайындау, аралас жем-азық әзірлеу секілді қызметтерді де атқарады. Жанынан диірмен саламыз. Бұл жобаға шаруашылық есебінен 300 миллион теңге бөліп отырмыз, – дейді Сергей Окунев.

Шаруашылыққа тиесілі алқап 6 мың гектардан сәл ғана асады. Соңғы 3 жылда астықтың шығым­дылығы орта есеппен гектарынан 27 центнерден айналыпты. Шаруашылықта 30-дан астам техника болса, соның 22-сі заманауи комбайндар мен егіс кешендері. Тек былтыр ғана 982 миллион теңгеге 2 трактор мен 2 комбайн сатып алған екен. Алқапта жүрген қос бірдей “Case”, шынында, жұмысты жапырып істеп, ескі “Кировецтердің” бірнешеуін алмастырады. Осының арқасында жұмысымыз да өнімді, – дейді шаруашылық құрылғаннан бері механизатор болып еңбек етіп келе жатқан Виталий Соколов.

– Жалақы мәселесі біздің ауылда көтеріліп көрген емес, уақытында аламыз, әрі жоғары, ең бастысы, тұрақты. Жұмысшыларға шаруашылық есе­бінен үй салып беріп жатыр. Осының барлығы ауыл тұрмысының көтерілгені, басшылықтың бізге деген қамқорлығы.

Сергей Окуневтің өзі де жұмыстың нәтижелі болуы қарамағындағы жұмысшыларға деген қамқорлықтан басталатынын айтады. Өйткені тұрмысы түзу адамның еңбекке деген құлшынысы да жоғары болады. Жай-күйі келмеген адамнан жақсы нәтиже күту бос әурешілік. “Ең бастысы, мен осы ауылда туып-өстім, бәрі де өз жерлестерім, бірге өскен, бірге жүрген жақын жандар, сондықтан олардың тұрмысына бейжай қарай алмаймын”, – дейді. Осылайша өзара түсіністік пен сенімнің арқасында шаруашылықтың тасы өрге домалап келеді. Бүгіндері ауыл арасында бос жүрген адам көрмейсің, жұмысқа жарамдылардың дені, әрине ынтасы барлары, шаруашылықта еңбек етіп жүр.

Серіктестік ұжымы соңғы жылдары егіншіліктен бөлек мал шаруашылығын да қолға алған. Бүгіндері 700-ге тарта ірі қара бар. Осыдан екі жыл бұрын асылтұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие болған екен. Жанындағы Жалтыр ауылының жеріне де иелік етіп отыр. Қысы-жазы жолды тазалау, күтіп ұстау секілді шығындарды да өз мойнына алған. Екі ауылдағы мектептерге көмек көрсету, Жеңіс күні мен қарттарды қолдау айлығы аясындағы атқаратын жұмыстары бір төбе. Ауыл өмірінен қалыс қалмай, бел ортасында жүруі кәсіпкерге деген сенімді нығайтып, бүгінде Мерген ауылы тұрғындарының мерейі тасып отыр. Осындай жауапкершілігі мол шаруашылықтар көбейсе, алтын бесік – ауылдың жағдайы түзелері анық.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp