Ауданның Шал ақын атын иемденуі тегін емес екенін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Қазақ тарихында өзінің орнын ойып тұрып алған, артында мол мұра қалдырған Тілеуке Құлекеұлының 15 жасар бозбала күнінен “шал” атануы бойындағы жалындаған жігері мен асқақ талантының арқасы.
Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің,
Қойға пана болмайды тал дегенің…
…Тақтағы хан, топтағы биді еңкейткен,
Хан ата, қандай екен малдың күші? – деп, ханға датын айтып, дауға түскен аруақты жыраудың екі-ақ ауыз сөзі емес пе? Жалғыз бұл ғана емес, келелі кеңесте сөз бастап, түйдек-түйдек ой айтып, елдік, ерлік мұратты жанынан биік қоя білді. Осының арқасында халқының ықыласына бөленді. Туған жеріне есімі берілуі елдің еңсесін тіктеп, рухын оятуына сеп болып тұрғаны сөзсіз. Шал ақынның әкесі Құлеке де – өз заманының заңғары. Ел қорғаған қолбасшы, жауынан тайсалмаған ержүрек батыр. Естектермен соғыста жауын жеңіп масайрап, ұрпағына кең қоныс тастап кеткен өр тұлға. Оның жаужүректігіне ел аузында сақталған, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған ерлігі туралы әңгімелер мен Шудасай, Бағанаты секілді жер атаулары да куә. Жаудың қос батыры Шуда мен Бағанатының әскерін жеңіп, Есілдің бойындағы ен тоғайға ие болған.
Бағанаты демекші, ат төбеліндей ғана, қазір тіпті жұқанағы қалған осы ауылдың да атауы оқырманға таныс. Өйткені, бұл – қазақ ғылымында аты алтын әріптермен жазылған Ебіней Букетовтің туған жері. Ебіней Арыстанұлы – химик-металлург, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ғылым академиясының акдемигі. Шал ақын ауданы ғалымдардан кенде емес, жуырда ғана келместің кемесіне мінген экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Аманжол Қошанов – Алқағаш ауылының тумасы. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мырзатай Серғалиев Жаңажол ауылынан түлеп ұшқанын біреу білсе, біреу білмес.
Қазақ әдебиетіне де шалақындықтардың қосқан үлесі қомақты. Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Зейнелғаби Иманбаев, Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев сынды ақын-жазушылардың кіндік қаны тамған жер. Есімі елге белгілі қаламгерлер ұшқан ауданның әлбетте, бәсі де жоғары, халқының өзіне қоятын талабы да қатал. Жастары жігерлі, арманы асқақ келеді. Қасиетті топырақта туып, ел намысын аспандатып жүрген жауынгер ұландары да баршылық. Марат Мәжитов, Әлімжан Ахмадин, Жеңіс Рысбаев секілді генералдардың да балалық шағы ерке Есілдің бойындағы қасиетті өлкеде өткен. Тіпті ғарышкер, КСРО-ның батыры Александр Викторенко да – шалақындық ұлан.
Қазіргі жастардың ішінде де үміт артатындары мол. Елдік мүддені биік қойып, абыройлы еңбек етіп жүрген жерлестеріміз барда туған жердің туы құламайды.
Қалқа БАЙТУКИНА,
“Шал ақын ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі” КММ-нің директоры.