Коронавирус пандемиясына байланысты өткен жылға жоспарланған Олимпиада ойындары биыл шілденің 24-і мен тамыздың 9-ы аралығында Жапония астанасы Токиода өтеді. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеде 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгіндері ел құрамасы жарысқа қатысуға мүмкіндік беретін 70-ке жуық лицензия жеңіп алды. Жолдамаға қол жеткізгендердің үшеуі солтүстікқазақстандық спортшылар.
Солтүстік Қазақстан облысының атынан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсететін спортшылардың қатарында Алексей Луценко, Ирина Эктова мен Артем Захаров бар. Үшеуі де биыл әлемдік додаларда топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген болатын.
Велоспорт жарысында Алексей Луценко ел намысын қорғайтыны ертерек белгілі болды. “Astana” командасының велошабандозы жақында ғана “Критериум дю Дофине” велокөпкүндігінің күміс жүлдесін иеленгені белгілі. Жерлесіміз Токиоға аттанбас бұрын “Тур де Франс” жарысында өнер көрсетпек. Қазақстан велоспорт федерациясы өкілдерінің хабарлауынша, ол шілденің 18-і күні Парижден бірден Жапония астанасына аттанбақ. Алексей 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиадаға жарақатына байланысты қатыса алмаған. Демек бұл жерлесіміз үшін бірінші Олимпиада болмақ.
Ирина Эктова Токиода үш қарғып секіруден ел намысын қорғайды. Осы жолғы Олимпиадаға жолдама алу үшін жерлесіміз Бішкекте өткен халықаралық додада барын салды. 14 метр 34 сантиметрге секірген ол кәсіби мансабындағы төртінші Олимпиадаға бару мүмкіндігін иеленді. Өкінішке қарай, Ирина 2008 жылы Пекинде, 2012 жылы Лондонда және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған. Жанкүйерлер спортшы бұл жолы жақсы өнер көрсетеді деген сенімде.
Велотректен ұлттық құраманың үздігі Артем Захаров та лицензия ұтып алды. Сарықұрлықтың бірнеше дүркін чемпионы, әлем кубогының жүлдегері екінші мәрте Олимпиада ойындарына қатысады. 2016 жылы Бразилияда велотректің “омниум” түрінен сынға түскен жерлесіміз финалда 10-шы сатыға жайғасқан. Биыл үздік үштікке ілігуге үмітті спортшылардың бірі саналады.
Байрақты бәсекеде облыс атынан тағы бір спортшымыз Олимпиадаға барады деген үміт басым болған еді. Алайда еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Ұлттық Олимпиада комитетінің шешімімен жаһандық жарысқа алынбады. Осылайша Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері төрт жылда бір рет өтетін додадан тыс қалды. Оның орнына ел намысын Данияр Қайсанов қорғайтын болды.
Биыл Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енгенін айта кеткен жөн. Олар: бейсбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.