«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан егемен ел атанып, дербес мемлекет құрғанына биыл 30 жыл толады. Оның бір жемісі – тарихи жер-су атауларының қайта жаңғыруы. Солардың бірін Шал ақын ауданынан айқын аңғаруға болады. Кеңес өкіметі кезінде Сергеев ауданы атанса, 1999 жылдың желтоқсанында әділдік үстемдік құрып, ақын әрі батыр Тілеуке Құлекеұлының ардақты аты ұлықталды. Өңіріміздегі өзге де өңірлер секілді бұл аудан да қарыштап дамып, оң өзгерістерді басынан өткізуде. Ауданда әлеуметтік нысандар бой көтерді, жаңадан шаруашылықтар құрылды.

Тәуелсіздік алғаннан бері Шал ақын ауданы жаңа бағытқа түсті. Алғашқы жылдардағы қиындықтарды еңсере білді. Ауданның келбеті оның орталығы десек, Сергеевка қаласының жағдайы бір кездері құлдырап кеткені белгілі. Орталықтағы көпқабатты ғимараттар қаңырап бос қалды, тіпті сиқы кетіп, қауіп тудырғасын оларды сырып тастауға тура келген. Қазір сырттан келген адам аудан орталығының өзгеріп келе жатқанын бірден байқайды. Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында оң өзгерістер көп.

Қазіргі күні ауданда 863 кәсіпкерлік нысан бар. Бұл салада 2655 адам еңбек етіп жүр. Алыс­қа бармай-ақ, жуырда атқарылған істерді айтар болсақ, соңғы 3 жылда ғана 28 бизнес субъектісі ашылды. Инвестиция тарту – экономиканы дамытуға арналған бірден-бір тиімді шара. Ауданымызға келіп жатқан қаржының негізгі көзі ауыл шаруашылы­ғына тиесілі. Мысалға алар болсақ, былтыр ғана ауданға 6,8 миллиард теңге құйылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Ең бастысы, жыл сайын осылай қаржы көлемі артып келеді. Бұл капиталдар негізінен жаңа ауыл шаруашылығы техника­лары мен жабдықтарын сатып алуға, астық сақтайтын қойма са­луға бағытталған. Тек биылғы 4 айда осы салаға құйылған қаржы былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 2 еседей өсіп, 3 миллиард теңгеге жетті. Осыдан-ақ, ауданда аграрлық салаға басымдық беріліп отырғанын көруге болады. Бұл межені жыл соңына дейін 9 миллиардқа жеткізу жоспарланып отыр. Тағы бір қуанарлығы ауыл шаруашылығындағы қызметкерлердің жалақысы өсіп, бүгіндері 130 мың теңгеден асты.

Аграрлық сала – аудан экономикасының өзегі. Былтыр жалпы ішкі өнім көлемі 42 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 миллиардқа көп. Мұның барлығы мемлекеттік қолдаудың арқасы. Соңғы жылдары аудан диқандары жоғары қуатты 257 техника сатып алды. Оның 22-сі биылғы 4 айда әкелінді.

Ауданның орналасқан жері мен табиғаты мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Асылтұқымды сиыр, қой өсіремін дегендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Осының арқасында жыл сайын өріс кеңейіп келеді, қазіргі күні аудан бойынша 23 мың мал бар. 4 асылтұқымды репродуктор жұмыс істейді. Бүгінгі күні тағы 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 9 миллиард теңгеден асады. Осының арқасында 200-ден астам шалақындықты тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Бүгіндері 2100 ірі қараға арналған 3 ферманың құрылысын бастап кеттік. Атап айтар болсақ, “Алыс Логитикс” ЖШС-і Кривощеково ауылында 1200 басқа арналған сауын фермасын салуды қолға алды. Бұл жерге 40 орындық “Карусель” сауу қондырғысы орнатылады. Оның қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін жетеді. “Шал ақын АГРО 2020”ЖШС-і Крещенка ауылында 500 басқа арналған бордақылау алаңы бар репродуктор салуда. Бұл жобаның масқаты – ет экспортын жылына 200 тоннаға жеткізіп, жаңа жұмыс орындарын ашу. Тағы бір ірі жоба – Сергеевка қаласында салынып жатқан тауарлы-сүт фермасы. “ZHA-GROUP LTD” ЖШС-і іске асырып жатқан бұл жобаның құны 1 миллиард теңге.

Ауданда бір кездері қой шаруашылығы дүркіреп тұрғаны бел­гілі. Өкінішке қарай, тоқырау жылдары мүлдем көңіл бөлінбей кетті. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Көктерек ауылында ірі жоба қолға алынды. Мұнда 3000 қой өсіріп, жылына 80 тонна ет өндіретін ферма салынады.

Тоқсаныншы жылдардағы дағдарыста қаржы жетіспеушілігінен қиындықтар туындап, инфрақұрылымның тоз-тозы шығып кеткені өтірік емес. Соның бірі – жол. Шал ақын ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы 557 шақырымды құрайды. Оның 182-сі республикалық, 82-сі облыстық болса, 297 шақырымы жергілікті жолдар. Қазіргі күні аудандық маңызы бар жолдардың тек 63 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Жолдарды күтіп ұстау оңай жұмыс емес, қыруар қаржыны қажет етеді. Мысалы, тек былтыр 113 шақырым жолды жөндеуге 523 миллион теңге бөлінді. “ҚазАвтоЖол” компаниясымен келісім жасастық, “Волошинка – Сергеевка – Тимирязево” бағытын­дағы жолды жөндеуді қолға алады. Ауыл арасындағы жолдарды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінуде. Қазір Сергеев су торбынан Тимирязев ауданының шекарасына дейінгі жолға жаңа асфальт төсеуге 2,1 миллиард теңге бөлінді. Сергеевка қаласының ішіндегі жолдар да жөнделеді. Жолды жөндеуге жергілікті кәсіпкерлер де ақша бөлуде. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 4 ауылда 16 шақырым ішкі жол қалпына келтіріледі. Бұған жергілікті шаруашылықтар 344 миллион теңге бөліп отыр. Есілдің жағасында орналасса да шалақындықтардың басты проблемаларының бірі – ауызсу. Аудандағы 43 елді мекеннің тек 5-еуі ғана орталық құбырға қосылған. 9 ауылда локалды сумен қамту қондырғысы орнатылса, қалғандары жерасты суын пайдаланып отыр. Бұл да толғандыратын мәселе. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен Сергеевка мен Новопокровка ауылдарындағы желілер мен локалды қондырғыларды жөндеуге 93 миллион теңге бөлінді. Ал биыл Сер­геевка қаласының өзіне ғана 64 және Городецкое ауылындағы су тарату желісін жаңартуға 41 миллион теңге бағытталып отыр. Ең бастысы, 16 ауылды орталықтандырылған су желісіне қосу үшін 3 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл ауылдардағы су мәселесі шешілетін күн алыс емес.

Экономикалық тұрғыдан даму болса әлеуметтік сала да алға басады. Басты міндет – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Елді мекендерді абаттандыру, жарық беру аса маңызды. Өткен жылы 22 ауылға жарық бағандары орнатылды, бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Тұрғындардың бос уақытын өткізетін саябақтар мен скверлер безендіріліп, балаларға арналған ойын алаңдары салынып жатыр.

Сергеевка қаласындағы өткір мәселелердің бірі – жылыту жүйесі болатын. Өткен жылы модульдік қазандық орнатылды. Оған бір көпқабатты және 6 жеке үй, аудандық Мәдениет үйі қосылды. Тағы да бір осындай қазандық салып жатырмыз. Болашақта аудан орталығы тұрғындарының 69 пайызы орталық жылыту жүйесіне қосылады. Қазіргі күні ауданда 31 жалпы білім беретін мектеп бар, онда 2736 шәкірт білім алып жүр. Пандемияға байланысты оқушылардың қашықтан оқуына жағдай жасау үшін 311 компьютер мен 177 планшет сатып алынды. Барлық білім ордалары ғаламторға қосылған. 2020 жылы 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да кейбір мектептердің шатыры, қазандығы мен жылу құбырлары ауыстырылады. Бұл атқарылған ауқымды істердің барлығы – еліміздің Тәуелсіздігінің жемісі, ата-бабамыз аңсап кеткен азаттықтың арқасы.

Рахат СМАҒҰЛОВ,

Шал ақын ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp