Былтыр құс тұмауы елімізді дүрбелеңге салғаны белгілі. Өңірде 900 мыңнан астам құс қырылып қалған еді. Оның 800 мыңнан астамы құс фабрикаларына тиесілі, қалғаны жеке меншіктікі болатын.
Жаппай вакцина салынып, індеттің беті қайтқан сияқты еді, бірақ биыл тағы да елді елең еткізетін жағдай тіркеліп отыр. Айыртау ауданындағы Саумалкөлдің жағасынан 102 жабайы үйрек пен 2 шағаланың өлексесі табылып, халықтың үрейін ұшырды. Мамандар жүргізген сараптама қанаттылардың құс тұмауынан өлгенін растады.
– Үй құстарының өлгені туралы хабар түскен жоқ әрі өлекселердің аз болуына байланысты елді мекенде карантин енгізілмейді. Індеттің алдын алу мақсатында Саумалкөл мен Красногорка ауылдарындағы 5700 үй құсына вакцина егілді, – деді облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов.
Былтыр өлген құстарға мемлекеттен 1 миллиард теңгеге жуық өтемақы төленген болатын. Тауық пен қаздың қырылуына байланысты жұмыртқа мен құс етінің бағасы да шарықтап шыға келген. Құс фабрикаларының иелері мен құс ұстаған тұрғындар әлі де естерін жиған жоқ. Сондықтан “құс қырылған” биыл қайталанбаса екен деп жандарын шүберекке түйіп отыр.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.