Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, ұсталған патрульді полиция батальонының қызметкерлері 12 млн мен 3 млн теңге аралығында айыппұл төлемек. Сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алу фактілері бойынша СҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер бойынша ұсыныстарды онлайн режимде қарады.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Жарқын Ғалымовтың айтуынша, 28 сәуір күні Петропавл қалалық соты полицейлер А.Шнайдер мен Д.Байжанбаевты кінәлі деп тапты. Олар жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапқа тартпау үшін бірнеше рет пара алған. Соттың үкімімен А.Шнайдерге 12 млн 950 мың теңге, Д.Байжанбаевқа 5 млн 525 мың теңге айыппұл салынды. Олар «полицияның аға лейтенаты» арнайы шендерінен және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды жұмысты атқару құқығынан айырылды. Ал олардың сыбайласы – азаматтық тұлға 200 мың теңге айыппұл төледі. 28 мамыр күні сот үкімі заңды күшіне енді.
20 сәуір күні сот патрульді полиция батальонының басқа тағы екі қызметкеріне үкім шығарды. Е.Шилов пен Р.Тайкенов көлік жүргізушісін алдау арқылы оның 300 мың теңгесін алған. Олар мас күйде ұсталған жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырмаған. Сот олардың әрқайсысына 3 млн теңге айыппұл салып, өмір бойына мемлекеттік қызметте, қаржымен байланысты мекемелерде лауазымды жұмыс істеу құқығынан айырды.
25 мамыр күні сот үкімі күшіне енді.
«Берілген ұсынымдардың нәтижесінде бұл қызметкерлер жұмыстарынан босатылды. Полиция департаментінің 12 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапқа тартылды, соның ішінде екеуі орнынан алынды.
Шаралар қолданылып жатқанымен ППБ қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берушілік бар. Қазіргі уақытта департамент пара алуға қатысты тағы бір істі сотқа дейін тергеп жатыр. Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен көлік жүргізушісін әкімшілік жауапқа тартпау үшін полицейлер пара алған», – дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Жарқын Ғалымов.
Мамандар қылмыстарды саралай келе, полицейлердің портативті бейнетіркегіштерінің тиісті деңгейде бақыланбайтынын анықтаған.
«ППБ қызметкерлері пара алу кезінде полицейлердің жұмыс барысында іс-әрекетін жазатын жеке қызметтік бейнетіркегіштерін сөндіріп тастап отырған. Тексеру кезінде белгілі бір уақыттың жазбалары болмаған. Сондай-ақ алдын ала белгіленген патрульді-постық нарядтан ауытқып, негізсіз маршрутты өзгерткен.
Полицейлер Шилов пен Тайкенов 20 наурыз күні «Челябі-Новосібір» тасжолының 537-578 км аралығында кезекшілік етуі қажет болса, олар бекітілген орналастыруға қарамастан, Петропавл маңындағы айналма жолда сағат 14.00-ге дейін жүрген. Осы уақыт аралығында полицейлердің автокөліктегі стационарлық камераларын және кеудедегі бейнежетондарын өшіргендігі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталды», – дейді Жарқын Ғалымов.
https://www.inform.kz/