Сталиндік қанқұйлы қуғын-сүргін жайлы ойлаудың өзі қорқынышты. Арада қанша уақыт өтіп, қанша ұрпақ алмасса да, қанды іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Халқымызды қынадай қырған зұлмат заманның табы Жалтыр ауылын да айналып өткен жоқ. Қаншама қарапайым адамдардың нақақтан-нақақ күйіп кеткенін үлкендер айтып отыратын. Солардың бірі – Шақан Жапаров еді. Ол “Октябрь” ұжымшарында мал бригадирі қызметін қаннен қаперсіз атқарып жүргенде аяқасты “халық жауы”, “жапонның шпионы” деген қара күйе жағылып, абақтыға тоғытылған. 1938 жылдың 5 қазанында ату жазасына кесілген. Марқұм тірі пендеге зияны тимеген қарапайым, адал жан болса керек. Техникум бітіріп әр салада абыройлы еңбек еткен.
Сол жылдары “Жалтыр” ұжымшарын басқарған Әйтен деген ел азаматын да бір түнде ұстап әкетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Біздің ауылдан ғана бес-алты кісіге жазықсыз айып тағылып, алды атылып, соңы жиырма бес жылға итжеккенге айдалған. Кеңес өкіметінің өз халқына қарсы жасаған қырып-жою саясатын әркім әртүрлі түсіндіргенімен, қолдан жасалған зобалаң екені айдан анық. Жұртшылықтың әбден қорқып, үрейленіп қалғаны соншалық, ашық айтудан жүрексініп, оңашада бір-бірімен сыбырласып қана сөйлесетін. Жазаларын өтеп келгендердің өздері ауыздарына су толтырып алғандай ләм деп жақ ашпайтын.
Анам жарықтықтың айтқан мына әңгімесі есімде қалыпты. Ел ішінде орын алған бұл оқиға шаш ал десе, бас алатындардың асқан қатыгездігін, зорлық-зомбылығын айқын көрсетеді. Олар үшін еш дәлелсіз жазалау, жалған кінә тағу, адамның өмірін ойыншық, тағдырын тәлкек ету түкке тұрмайтын сияқты. Жалтырда Қабдолла және Ықылас деген еншісі бөлінбеген ағалы-інілі ағайындар тұрған. Үйдің үлкені Қабдолла денсаулығының дімкәстігінен “барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” ұранына қосылып, тылда аянбай еңбек етеді. Ауыл-аймаққа сыйлы жан болды. Қартайған шағында өмірден озды. Қолынан талай дәм таттым. Шамасы 46-шы жылдың күзі болса керек. Ұжымшар күзгі егін орағын уақытылы аяқтап, орақшылар ауылға қарай беттейді. Қабдолла алып кетпек ниетпен бірнеше әйелді тосып тұрады. Қолдарында бір-бір шағын дорбалары бар қатын-қалашпен бірге улап-шулап арбамен жолға шығады. Әуелете ән шырқап, биік дөңнен көтеріле берген көңілді топтың алдынан – Бөрібай қыстауы жағынан бір ноқат қылаң береді. Милиционер жігіт үшаяқты мотоциклмен ызғытып келген күйі амандық-саулық сұраспастан бірден арбаға үңіліп, көзі кішкентай дорбаларға түседі. Әзіл-қалжың, күлкі пышақ кескендей сап тыйылады. Арбадағылардың зәрелері ұшып, жәрдем тілегендей жалғыз еркек кіндіктіге жалтақтайды. Қабағы сұсты милиционер қолына қағазы мен қаламын алып, әрқайсысының аты-жөнін жаза бастағанда әйелдердің өңі аппақ қағаздай бозарып, тілдері байланып қалады. Қабдолла әкей жағдайдың қиындап бара жатқанын сезіп: “Мына дорбалар менікі”, – деп қылмысты өз мойнына алады. Қылмыскердің тез табылғанына милиционер қуанып кетеді. Дорбалардағы бидайды қосқанда бір жарым шелекке жуықтайды.
Келесі күні ертемен қара брезентпен қапталған қорабы бар “ГАЗ” машинасы келіп, Қабдолланы алып кетеді. Үш күн бойы аудан орталығы Марьевкада ұстап, сосын Қызылжарға жібереді. Мойындамасқа амал жоқ, дәлел – бес дорба бидай. “Социалистік мүлікке қол сұқты”, “Ұжымшар дүниесіне нұқсан келтірді” деген айыптаулармен он жылға сотталып кете барады. “Мені конвой бір бөлмеге кіргізді. Үш адам үстел басында отыр екен. Айыптауды оқып, он жылға үкім шығарды. Ақтық сөз айтуға рұқсат бермеді. Санаулы минуттар ішінде “үштік” тағдырымды шешті”, – деп кейін ақсақал есіне алып еді. Жазасын Краснояр жақта өтеп, тайгада ағаш дайындау сияқты ауыр жұмыстарға жегіледі. Отағасының сотталып кеткені туралы бәйбішесі Жәмәлияға айтпаған. Жұрттан естіген. Тұңғышына аяғы ауыр апамызға бұл жайсыз хабар өте ауыр тиеді. Бір қайыры болсын деп дүние есігін ашқан ұл балаға Қайыркен деп ат қояды.
Қайыркен құрдасымның әкесімен қауышу сәті өз алдына бір оқиға. 1956 жылы жазасын өтеп шыққан Қабекең аудан орталығы Марьевкаға келеді. Күн лайсаң, көлік жоқ. Жолай МТС-қа соғады. Сәтін салғанда директоры кездесіп, оған басынан кешкен жағдаятты баяндап береді. Орыс азаматы тәңір жарылқағыр біреу екен. Отбасын, туған-туыстарын сағынып, арып-ашып келе жатқан ағамыздың халін түсініп, дереу бас инженерін шақырып алады. “Мына кісіні бүгін Жалтырға жеткіз”, – деп тапсырма береді. “Жол нашар, кеше кеткен машина жолда қалды”, – дегеніне қарамастан “С-80” тракторын жіберуді бұйырады. Ағамыздың жанары жасқа толып, өмірде жақсы адамдардың барына шүкіршілік етеді.
Қырда ойнап жүргенбіз. Арамыздан біреу айғай салды. Бәріміз ауыл жаққа жалт бұрылсақ, бір көлік Қайыркеннің үйінің жанына тоқтағандай болды. Біздің ентігіп жеткеніміз сол еді, кабинадан елулер шамасындағы ұзын бойлы, қара торы кісі түсті. “Қабдолла келді, Қабдолла келді, сүйінші!”, – деп анадайдан бір апай сүріне-қабына жетті. Құшақтап, көпке дейін босатпай тұрды. Ара-арасында дауыс шығарып, өксіп қояды. Ана кісі де еңкілдеп жылап, тарам-тарам аққан көз жасы тыйылар емес. Бір кезде апай қаумалап қоршап тұрған бізге қарап: “Құлындарым-ау! Жәмәлия апаларыңнан сүйінші сұраңдар, Қайыркеннің әкесі келді”, – дегені. Менің таңданысымда шек болмады. Ағаларымен бір үйде тұратындықтан, Қайыркеннің әкесі Ықылас деп ойлайтынмын. Қайыркенге қарасам, сенер-сенбесін білмеген күйі тас мүсінге ұқсап мелшиіп қалыпты. Есік алдына адам қаптап кетті. Бәрі мәре-сәре. Біреулері жылап жатса, біреулері жүздері жарқырап күледі. Өкен деген ағамыз бригада басындағы Ықыластан сүйінші сұраймын деп жайдақ атқа мініп, Шонығұл қыстауына қарай құйғытып шаба жөнелді. Сол күнгі ауыл көрінісі әлі күнге дейін көз алдымда. Ықылас ағам аман-есен келсе тойға соярмын деп семіртіп қойған еркек тайыншасын жықты. Жақсы хабар жерде жатушы ма еді. Ынтымақ, Жарқын, Мерген, Балуан ауылдарынан Кәкеңнің туыстары, жолдастары ағылып келіп, қуанышқа ортақтасып жатты.
Сол жылы күзге қарай елге Жүністің Ысқағы да оралды. Соғысты басынан кешкен ол кісіге де жала жабылып, он жылға сотталып кеткен болатын. Аман-сау елге келіп, отбасымен қауышты. Сонда анасы Гүлсім еңкілдеп жылап, көпке дейін көз жасына ие бола алмады. Едірес ақсақал жасаған той да есте қаларлықтай болды. Екеуі де ұжымшарға кіріп, қайнаған еңбекке араласты. Ауыл-аймақ құрметіне бөленді. Бірі қара мал, екіншісі жылқы бақты. Тағдырдың пешенеге жазған теперішіне мойыған жоқ.
Әлі күнге дейін Қабдолла ақсақалдың ерлігіне таңғаламын. Не тамаққа, не киімге жарымай отырған бала-шағаны асырау қамымен бір дорба бидай алған аналарды құтқарып қалуын екінің бірі тәуекел ете бермейтін ерлікке балаймын. Басына үлкен қауіп төнетінін біле тұра мұндай қадамға баруының өзі неге тұрады? Енді ойлаңызшы, бес әйелдің екеуі күйеулерінен қара қағаз алған. Біреуінің жолдасы соғыстан ауыр жарақатпен оралып, өмірлік мүгедектікке ұшыраған. Екеуінікі қайтыс болған. Бесеуі сотталып кетсе, әр отбасындағы 4-5 шиіттей баланың көрер күні не болмақ? Милиционердің неден болса да тайынбайтынын білген ағамыз жедел шешім қабылдап, бес бірдей шаңырақты күйреуден сақтап қалды. Бала кезімізде ол кісі туралы: “Жайдан-жай сотталып кетті ғой, өзгелер үшін шырылдап отқа түсті”, – деген сөздерді жиі еститінбіз. Ағамыз ешкімге міндетсінбейтін, ол жайында әңгіме қозғамайтын. Он жыл жазықсыз түрмеде отырып келсе де ішкі сыры көкірегінде түюлі болатын. Бірде Жеңіс күні қарсаңында Жалтыр сегіз жылдық мектебінде іс-шара өтіп жатты. Кешке арнайы шақырылған Қабекең соғыс кезіндегі ауыр тұрмыс туралы айтып берді. Өзі жайлы ләм демеді. Неткен қарапайымдылық, кішіпейілділік десеңші! Бір апай шыдамай кетті білем, көз жасына ерік бере отырып, Қабдолла ақсақалдың сол ерлігін еске алды. Оқушылар ұйып тыңдады. Сөйтсек, сөйлеп отырған кісі арбада болған бесеудің бірі екен. Басқа сөйлеушілер де: “Келешек ұрпағымызды құтқарып қалдыңыз, бәріміз сізге борыштымыз”, – деп алғыстарын жаудырды. Қабдолла ақсақал оларға қарап ойланып отырып: “Тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей қылатын кезең еді. Он жыл жазықсыз шет жерге барып келгенім үшін ешкімді де сөкпеймін. Маңдайдағы жазу солай болды. Ұрпақ өсіріп, қыздарымызды – қияға, ұлдарымызды – ұяға қондырып жатырмыз. Одан артық ештеңенің керегі жоқ. Араларыңда осылай отыруым – ауылдастарымның, бес ананың, менің аман-есен оралуымды Жаратушыдан сұраған тілектері деп есептеймін”, – дегенде жиналғандар орындарынан тұрып, қол соқты.
Қабдолла ақсақал да, інісі Ықылас та кейін дінге бет бұрып, имандылық жолында үлкен еңбек сіңірді. Ежелден еншілері бөлінбеген қос ағайындының шаңырағында баланың күміс күлкісі көбейгеннен кейін кеңшар Ықылас пен Мағрипа шешейге еңселі баспана тұрғызып беріп, бөлек шықты. Халқымыздың басынан өткен жазықсыз жазалау, қуғын-сүргін заманы қайталанбаса екен деп тілейік. Бізді әлпештеп өсірген ата-әжелеріміздің әке-аналарымыздың тілегі де, арманы да осы еді.
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,
еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.