Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте “Отан – 2020-2021” әскери-спорттық ойындары өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырыла өткізілген жарысқа барлығы 8 команда қатысты.
Әр команда екі ұл мен екі қыздан жасақталған. Жарысқа қатысушылар автоматты бұзып-жинау, кедергі жолағынан өту, кросфит сынды сайыстардан бақтарын сынады. Бұдан бөлек, ел тарихына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық сында Отан тақырыбында әндер шырқады. “JE SKO штабы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Даяна Оспанованың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату.
– “Отан – 2020-2021” сайысы ішкі саясат басқармасының бастамасымен өткізілді. Бұл жарыс дәстүрге айналған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Биыл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты тек колледж студенттері ғана қатысуда, – дейді Даяна Оспанова.
30-дан астам студент күш сынасқан жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтар мен арнайы кубоктарға ие болды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.