Кез келген мемлекеттің табысы да, бедел-абыройы да, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілердің тиімді және кәсіби қызметімен өлшенеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің күрделі кезеңінің өзінде мемлекеттік қызметті институционализациялаудың негізгі қағидаттарын айқындап берді. Дәйекті түрде жүргізілген саясаттың арқасында мемлекеттік қызмет толыққанды институт болып қалыптасты.
Облыста жергілікті атқарушы органдарда қызметте мансаптық саты бойынша көтерілген мемлекеттік қызметшілердің саны биыл 88 пайызға дейін өсті. Факторлық-балдық өлшем негізінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қарастырылған. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында атап көрсеткен болатын. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамуы тұрғысынан шыңдайтын, білімін жетілдіретін бірыңғай оқыту жүйесі жұмыс істейді. Жер-жерлердегі мемлекеттік орган қызметкерлерін біріздендірілген стандарттар бойынша оқытудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Енді жаңа білім беруді және ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануды көздейтін “цифрлық академияға” көшу қадамы басталды. Мемлекеттік қызметшілер қашықтан және нақты уақыт режімінде жетекші халықаралық сарапшылардың дәрістерін тыңдай алады. Жыл өткен сайын электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі артып келеді. 2014 жылы электрондық форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 20 пайызды ғана құраса, қазір бұл көрсеткіш 98,4 пайызға жуық.
Барлық мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. 2011 жылы мемлекеттік қызмет моделінің тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттік органдардың бес жылдық стратегиялық жоспарлары, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау және мемлекеттік аудит жүйесі, “А” корпусының кәсіби басқарушылары институты енгізілді. Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қолға алынды. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, яғни функциялардың бір бөлігін төменгі деңгейлерге, сондай-ақ бәсекелес ортаға беру жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде конституциялық реформа жүзеге асырылды. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындау шеңберінде 2015 жылы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Заң қабылданды. Мемлекеттік қызмет жүйесінің аралас “позициялық-мансаптық” модельден “мансаптық” модельге көшуін басты жаңалықтардың бірі деуге болады. Онда мансаптық өсу қағидаты төменгі лауазымдардан басталып, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді. Бұл Президенттің әр басшы өз қызметін төменнен бастап, барлық басқару сатыларынан өтуге міндетті деген тапсырмасына сәйкес келеді. Бақылаушылар мен сарапшылар институтын енгізу арқылы іріктеу рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Этикалық ережелерге ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабында ғана емес, қызметтен тыс уақытта да жүріс-тұрыс стандарттары белгіленді. Әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазалаудан гөрі жағымсыз әрекеттердің алдын алуға баса назар аударылды. Өркениетті елдер тәжірибесі бойынша орталық және облыстық деңгейлерде әдеп жөніндегі уәкілдің жаңа институты құрылды. Оның өкілеттігі түсіндіру, ұжымда өзара қарым-қатынастың іскерлік мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына мониторинг жүргізу жұмыстарымен айналысады. Тәртіптік кеңестер әдеп жөніндегі кеңестерге өзгертіліп, мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау нәтижелері бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу секілді талаптар жүктелді. Мұның өзі қызметкерлердің жауапкершілік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік берері сөзсіз. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар ұғымы заңмен бекітілді.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің құзыреттілік тәсілі жаңашылдықтарға толы. Теориялық білімді бағалаудан бастап кандидаттардың бастамашылық, адамдармен тіл табысу, талдамалық, ұйымдастырушылық, әдептілік, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қасиеттері де бағаланады. Қабылданған кешенді шаралар жүйесі мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін күшейтіп, мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіруге зор ықпал етті. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық бейнесіне көп көңіл бөлінеді. Халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру – күрделі де ұзақ процесс. Заң бұзушылықтардың алдын алуда, қызметтік әдепті сақтауда, қызметшілердің жауапкершілігін арттыруда, ішкі тәртіпті нығайтуда әдеп жөніндегі кеңеске, әдеп жөніндегі уәкілдер және мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссияларға зор міндеттер жүктеледі. Биыл әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында бірқатар басшылардың, аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдаулар жасалды. 14 тәртіптік іс бойынша шешім қабылданды. Өткізілетін семинарлар, ықпал ету жұмыстары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама нормаларын, әдеп кодексін және азаматтардың өтініштерін қарау нәтижелерін түсіндіруге бағытталған. Өңірде әдеп жөніндегі уәкілді қоса алғанда 59 уәкілетті тұлға бар.
Мониторингтік талдау көрсеткендей, өңірде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң бұзушылықтар санының кемігені байқалады. Мұндай ілгерілеуге мамандар арасындағы жүйелі түсіндірумен қатар мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, басқа да ықпал ету шаралары айтарлықтай әсер етті. 32 түрлі заң бұзушылық фактілерінің 31 пайызы мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдеріне, 28 пайызы қызмет көрсету мерзімдеріне, 12 пайызы қызмет көрсетуден негізсіз бас тартуға тиесілі. Профилактикалық бақылау мамандардың біліктілікті арттыру курстарынан өтуін тексеруден басталып, қызметті жария талқылауға дейін зерделенеді. Азаматтардың түсініктемелері талданады, теріс пікірлер бойынша шаралар қабылданады. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент әкімдер аппараттарының ішкі қызметтерін де қадағалайды. Өткен жылы мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы бұзудың 142 фактісі анықталды. Өкінішке қарай, биыл азаматтардың арыз-шағымдарының саны артып, құқықтарының бұзылуы екі есеге көбейген.
Президент Жолдауында цифрландыру бұл сән үрдісіне сүйену емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы екені атап өтілген еді. “Электрондық үкімет” порталының қызметі жандана түсті. “Е-gov” порталында электрондық форматта мемлекеттік қызметтердің 649 түрі көрсетіледі. Ғабит Мүсірепов атындағы, Жамбыл, Тимирязев аудандары рейтингте үздік деп танылды. Әкімдіктердің қызметін бағалауда әлеуметтік желілер, “электрондық үкімет” порталы кеңінен пайдаланылады. Талдау жұртшылықтың электрондық мемлекеттік қызметтерге сұранысының артқанын айғақтайды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселелері мемлекеттік органдармен, қоғамдық кеңестермен, мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобымен бірлесіп шешіледі.
Елена СТЕПАНЕНКО,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы.