«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСКЕ БАСТАР ЖОЛ Петропавлда веложарыстан ел чемпионаты аяқталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда велоспорттан ұлттық чемпионат өтті. Спорттық шара бары­сында велошеру ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров және Қазақстанның велосипед спорты федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов қатысты.

Велошеруді ашқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов елімізде осындай жарыстарды өткізу саламатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал ететі­нін атап айтты.

– Біз Нұрлан Еркебұланұлымен өңірімізде велоспорттан чемпионат өткізу туралы былтырғы жылдың басында келіскен едік. Алайда пандемия кедергі болды. Бұл ойымызды биыл жүзеге асырдық. Біз осы чемпионаттың дәстүрлі түрде аққайыңдар өлкесінде өткенін қалаймыз. Өйткені өңір велоспортының тарихы терең. Облысқа Александр Винокуров ұдайы келіп, жастарға қолдау көрсетіп тұрады. Бүгінгі шараға даңқты жерлесіміздің арнайы қатысуы – жас спортшылар үшін зор қуаныш. Өкінішке қарай, шараға тағы бір қызылжарлық Алексей Луценко қатыса алмады. Ол “Тур де Франс” жарысына дайындалып жатыр. Дегенмен арамызда Артем Захаров бар. Бұлардың бәрі – еліміздің үздік велошабандоздары, – деген Құмар Іргебайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Олимпиада чемпионы Алек­сандр Винокуров өз кезегінде отандық велоспорттың дамуына ерекше көңіл бөлініп отырылғанын тілге тиек етіп, жастарға жеңістің биік тұғырына көтерілу үшін көп тер төгіп, алдарына үлкен мақсат қоюға кеңес берді.

Бұл күні велошеруге қатысуға 100-ден астам адам жиналды. Олар қаланың басты көшелерімен 10 шақырым жолды жүріп өтті. Шара соңында қала тұрғындары Олимпиада чемпионымен естелік суретке түсті.

Сонымен қатар бұл күні Оқу­шылар сарайында Қазақстанның велосипед спорты федерация­сының президенті Нұрлан Смағұлов пен Александр Винокуровтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиында чемпионат нәтижесі мен өңір велоспортын дамыту жайында әңгіме өрбіді. Петропавл қаласында велосипедшілер дайындалатын арнайы жолақтар салынатыны айтылды.

Чемпионат қорытындысы бойынша қыздар арасында жерлесіміз Махаббат Үмітжанова топ жарды. Фаина Потапова екінші орынды иеленсе, Рината Султанова үздік үштікті түйіндеді. 160 шақырымға жарысқан ерлер арасында мәреге алматылық Евгений Федоров бірінші жетіп, алтыннан алқа тағынды. Ол аталған қашықтықты 3 сағат 30 минутта бағындырды. Ал одан кейін келген Евгений Гидич – күміс, жерлесіміз Артем Захаров қола жүлдегер атанды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp