«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қалдырған ізі мәңгілік”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, жаны ізгілік шуағымен жады­раған ұлағатты ұстаз, білікті басшы Асқар Игібаевтың есімі өңір жұртшылығы үшін аса қадірлі. Артына өлмейтұғын іс, өшпес із қалдырған ардақты азамат көзі тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Бекзат ғұмыр иесінің мерей­тойына орай зайыбы Қалима Мәкен­қызы мен ұлы Мұхтар “Қалдырған ізі мәңгілік” атты кітап шығарып, көзі қа­рақты оқырманды олжаға кенелтті. Кітапты құрастырған және алғы сөзін жазған жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов. Бұл еңбекте Асқар Игі­байұлымен әр жылдары бірге қызмет істеген әріптестерінің, алдынан тәлім-тәрбие алған шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.

“Ешқандай әбес қылық жасап көрме­ген Асқардай адам көп емес шығар-ау!.. Оның өзі де, сөзі де – бәрі де асқан мәдениетті адам екендігін паш етіп тұратын. Киіміне қылау түсірмеген ол тазалықтың адамы еді. Тіпті менің етігімді де айнадай жалтыратып қоя­тындығы есіме түсіп кеткенде еріксіз жылап аламын…”, – деген Қалима Мә­кен­қызының қимастық пен сағынышқа толы естелігі көңіл толқытады. Кітапта азаматтық келбетіне қылау түсірмей, ел-жұртының шынайы құрметіне бө­лен­ген ұлағатты ұстаз туралы Ескендір Нұрымов, Құдайберген Қалиев, Қайрат Есқожин, Болат Қожахметов, Абай Тас­болатов, Қырғыз Мұсабаев және бас­қа азаматтардың жазғандары оқыр­манға қызық деп ойлаймын. Жинақта ұстаздың өнегелі өмірінен сыр шертер суреттер де орын алған екен. Өлшеусіз ең­бектің өтеуі ретінде Асқар Игібай­ұлы­ның әр жылдары алған марапат­тары мен құжаттары да кітаптың мазмұнын аша түскендей.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp