«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ БУЫНДЫ МОДЕЛЬ — қылмыстық процестің жаңа форматы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құқықтық мүдделерді қорғауда заң үстемдігін орнықтырудың, аза­маттардың мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеп, тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Бұл орайда, негізгі рөл құқық қорғау және сот жүйесіне жүктелетіні айтпаса да түсінікті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында “Әділетті мемлекет” құру тұжырымдамасын ұсынып, салаға ре­форма жасау қажеттігін атап көрсетті. Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай жұртшылықтың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа міндеттер қойды. Құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік үрдісінен арылып, қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайларды болдырмаудың жолдарын белгілеп берді. “Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын”, – деген Президент тапсырмасы заңдылық пен әділеттіліктің үстемдік құруына бағытталған негізгі бағыт-бағдарлардың бірі екені даусыз. Мұның өзі тежемелік және тепетеңдік жүйесін қалыптастырып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді. Шынында да, тұрғындардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы, дұрыс және әділетті шешім шығару. Сонда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдарды басшылыққа алу, қатаң сақтау, құқық тәртібін нығайту өрелі өзгерістерге ие болары анық.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп, заңсыз әрекеттерге тұсау салатын қанатқақты жобалар тәжірибеге ене бастады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің негізгі бөлігі электронды түрде жүргізіледі, осындай үрдіс өркениетті елдерде бұрыннан қолданылады. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңында қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу көзделген. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға да өзгерістер енгізілді. Мұның бәрі Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында атқарылған істердің бір парасы.

Жолдауда прокурорлық қадағалау туралы, атап айтқанда, прокурорлар істің мән-жайымен тек сотқа жіберер алдында ғана танысатыны сын тезіне алынғаны мәлім. Енді заңнамаларға сәйкес прокурордың келісімі болмай қылмыстық іс бойынша негізгі іс жүргізу шешімдерінің заңды күші (күдікті болып танудың келісімі, күдіктінің іс-әрекетін, қылмыстық құқық бұзушылығын саралау, тергеудің мерзімдерін үзу, қылмыстық іс немесе қылмыстық қуда­лауды тоқтатуды бекіту, бұйрық өндірісін пайдалану, теріс қылық туралы хаттамалар) болмайды. Жаңа модельдің басты айырмашылығы да осында. Бұрындары тергеуші шешімдердің барлығын өзі шығара беретін. Прокурордың араласуға құқығы жоқ болатын. Бұдан былай заңдық өзгерістерге сәйкес әр шешім прокурор тарапынан жіті бақыланып отырылады. Полиция қызметкерлері қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинаумен айналысса, прокурордың міндеті – жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, азаматтар құқығының бұзылуына, кінәсіз қылмысқа тартылуына жол бермеу. Сот болса шағымды қарап, іс бойынша ақтық үкім шығарады. Қылмыстық процестің үш буынды моделі неігізінде заңдылық пен әділеттілік қамтамасыз етіліп, ең бастысы, құрылымдар нақты айқындалған өз өкілеттіктері шеңберінде процессуалдық шешімдер қабылдайды. Жаңа нормаларды жүзеге асыру үшін Бас прокуратура тарапынан қылмыстық қудалау органдарына нақты және біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы арнайы нұсқау жіберілді. Әдістемелік ұсынымдар, бейнефайлдар әзірленді. Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жайлы жаңа нұсқаулық қабылданып, процестік шешімдерді келісу немесе бекіту мерзімдері біріздендірілді. Төменгі буын прокурорлардың өкілеттіктері шектелді.

Биыл жыл басынан бері көлік прокуратурасына 29 қылмыстық іс түсіп, 27 іс электронды түрде тергелді. Петропавл станциясының желілік полиция бөлімінен түскен 34 іс жүргізу шешімдері прокурормен келісіліп, бекітуге жолданды. Көлік прокуратурасының бастамашылығымен қылмыс­тық істерді электронды форматта жүргізу үшін 3 компьютер сатып алуға көмек көрсетіліп, желілік полиция бөліміне тапсырылды.

Сөз соңында айтарым, Президенттің тапсыруымен жаңа модельді енгізу жедел тергеу жұмысының сапасын жақсартумен қатар құқық қорғау жүйесіндегі өзара іс-қимылды да барынша оңтайландыра түсті.

Алмас АСАЙЫНОВ,

облыстық көлік прокуратурасының аға прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp