Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жарты ғасыр бедерінде егіздердің тууы үш есеге артқаны байқалады. Жылына шамамен 1,6 миллион егіз сәбидің іңгәлаған даусы естіледі. Ғалымдар егіздер санының артуына түрлі ғылыми дәлелдемелер келтіргенімен, петропавлдық Алтынгүл Арынғазиева мен Бақыткүл Қасенова бұл құбылысты Құдайдың жаратылысына, табиғаттың ерекше сыйына балайды.
Екеуін қызықты тағдыр иелері деуге болады. Өйткені өмірде сирек ұшырасатын қасиеттерге ие және бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын нәзік жандарды өзара тығыз байланыстыратын судың қос тамшысындай түр-келбеті, жұмысқа деген ерекше ынта-жігері, тіпті домбыраның қос ішегіндей өрілген тағдырлары да өте ұқсас. Екеуі де ішкі істер органында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді, екеуі полиция подполковнигі шеніне ие. “1978 жылы 20 наурызда Аққайың ауданы Үлгі елді мекенінде дүниеге келіппіз. Менің Бақыткүлден бес минуттай қана үлкендігім бар. Әкеміз жүргізуші болып еңбек етті. Шешеміз – мектеп директоры. Біз – олардың тұңғыш перзентіміз. Қазір екеуі де зейнетте. Трудовое ауылында тұрады. Қатарымыздан кем қылмай өсірді, оқытты. Ата-анамызға деген алғысымыз шексіз. Соңымыздан ерген ініміз бар”. Бір қарағанда тұйықтау көрінетін, салмақты да сабырлы Алтынгүлдің сөзін қимылы ширақ, мінезі ашық-жарқын Бақыткүл жалғастырып әкетті. “Жас кезімізде ауылдағылар бізді шатастырып алып жататын. “Алтынгүл-Бақыткүл” деп қатар шақыратын. Қазір де қатты ұқсаймыз. Киген киіміміз біркелкі болғандықтан, жұмыста да ажырата алмайтындар бар”, – деген ол студент шақтарын күліп еске алды.
Әлі күнге дейін жұптары жазылмай келе жатқан қос бойжеткеннің тергеуші болсақ деген арман-қиялына нағашылары Аманжол Бейсенов қанат бітіріпті. Генерал-майор шеніне дейін көтерілген ел азаматына еліктегендері соншалық, басқа мамандықты таңдау туралы ой да болмаған. Мектеп бітіргеннен кейін бірден Қостанай заң институтына құжат өткізіп, барлық емтиханды кілең беске тапсырады. Басқа да талаптардан мүдірмей өткенімен, бойларының қысқалығынан еңселі оқу орнына қабылданбау қаупі төнеді. Дегенмен, комиссия мүшелері олардың оқуға деген ерен құлшынысын, белсенділігін ескеріп, студент атанады. Ұстаздарының сенімін ақтап, еңселі оқу орнын қызыл дипломмен бітірген жас мамандар жолдаманы Петропавл қалалық ішкі істер бөліміне алады. Тағдырдың жазуын қарашы, екеуі де еңбек жолын анықтаушылықтан бастап, бір кабинетке орналасады.
Көз майын тауысып тексерген қылмыстық істер, күдіктілердің кінәлары дәлелденген том-том іс материалдары архив сөрелерінде қаттаулы тұр. Бес жылдан бері қалалық ювенальды полицияның жасөспірімдер инспекторы қызметіне ауысқан. “Дарын” лицейі мен №8 мектепке инспектор ретінде бекітілген. Алтынгүл мен Бақыткүлдің әр күні қарбаласқа толы. Аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды есепке алу, ішкілікке салынып, бала тәрбиесінен қол үзген ата-аналарды, уақытының көп бөлігін көшелерде, ойын-сауық орталықтарында өткізуге әуес “кезбе” оқушыларды жөнге салу, тәртіпке шақыру, түрлі рейдтерге қатысу, түсіндіру іс-шараларын жүргізу, қорғаншылық және қамқоршылық комиссиясының қарауына мәселелер ұсыну секілді қат-қабат жұмыстар жетіп артылады. Бірде мынадай оқиға болыпты. Оны Бақыткүл айтып берді. Шешесі түрмеде жазасын өтеп жатқан 16 жастағы оқушының мектепке бармай жүргені жайлы сынып жетекшісінен шағым түскен. Жағдайға қаныға келе әкесінің ішкілікке салынғаны, қызымен қарым-қатынастың ушыққаны сонша көмек беруден бас тартқаны белгілі болды. Ескерту, айыппұл шараларынан ештеңе өнбегеннен кейін әкелік құқынан айыруға қатысты материалдар қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіліп, ұсыныс қолдау тапқан. Олардың сөздеріне қарағанда, ескерту берілсе де, айыппұл салынса да ұл-қыздарының тәлім-тәрбиесіне жауапсыз қарап, мектепке ысырып тастайтын ата-аналар аз емес.
Алға қойған мақсаттарына берік, қиындықтарға қайыспайтын, еңселері ешқашан түспейтін, өзгерістерге ұмтылудан бір тынбайтын егіздердің нағашылы-жиенді жігіттермен отау құрып, шаттықа толы шаңыраққа айналуы да – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Алтынгүл Ерланға тұрмысқа шығып, үйлену тойлары 2001 жылы 21 қаңтарда өтеді. Екі жастың отау құру қуанышына Ерланның жиені Санат та ортақтасып, Бақыткүлді бір көргеннен ұнатып қалады. Оның ақыры үлкен махаббатқа ұласып, 4 ақпанда отау құрады. Қос отбасын полицейлер әулеті десе де болады. Ерлан Петропавлдағы №1 полиция бөлімшесінің жетекшісі, криминалдық полиция басқармасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті Қызылжар аудандық пробация қызметінің бөлім бастығы. Полиция подполковнигі. Санат көп жыл учаскелік инспектор болып еңбек етті. Бүгінде зейнетте. Полиция майоры.
“Ағайынды жігіттерге тұрмысқа шыққанымызға өкінбейміз. Сезімдеріміз үндесіп, жүректеріміз табысты. Бір-бірімізді түсінісіп, бағалағандықтан, тату-тәтті отбасымыз. Ұл-қыз өсіріп отырмыз”, – деген аяулы аналар жандары нәзік болса да, сеніп тапсырылған учаскеде мәртебелі қызметтің жауапкершілігін ерекше сезініп, білімді де білікті тәртіп сақшылары қатарынан көрініп келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.