Петропавлдағы балалар саябағында коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға 5 аттракционға билет тегін беріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлдағы «Аттракциондар әлемі» ЖШС-нің бұл акциясы бір аптаға, яғни 27 маусымға дейін жалғасады. Осы аралықта коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар әткеншектерге 5 тегін билет ала алады. Тек өздерімен бірге егілгенін растайтын анықтама болуы керек.
«Акцияға қатысу үшін тағы бір шарт – «Аттракциондар әлемі» картасына 5 мың теңге салу қажет. Ондағы ақшаны кейін кез келген уақытта жұмсауға болады. Ал тегін алған 5 билетті сол күні пайдалану керек. Ол үшін келуші кассирге екпе салдырғаны жөніндегі паспортын немесе вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы анықтама мен жеке куәлігін көрсетеді. Осылайша біз де пандемиямен күреске, ұжымық иммунитет қалыптастыруға өз үлесімізді қоспақ болдық. Елде жағдай тұрақты болса, біз де кедергісіз жұмыс істейміз», – дейді кәсіпкер Александр Козлов.
Акция басталған бір күннің ішінде тек 8 адам ғана тегін билеттер алған.
Жалпы ЖШС жұмысшылары 100% вакцинациядан өткен. Олар халық арасында жүретіндіктен, әрі балалармен жұмыс істейтіндіктен екпе алған.
Жалпы СҚО-да 87 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші компонентін алса, 60 мыңға жуығы толық вакцинациядан өтті.
https://www.inform.kz/