Былтыр өңір кәсіпорындарында 46 жазатайым оқиға орын алған. Оның сегізі адам өлімімен аяқталған. Өкінішке қарай, еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, еңбек қызметі процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған талаптар мүлтіксіз орындала бермейді. Мұның өзі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның жұмысындағы олқылықтарды көрсетумен бірге алдағы уақытта қолға алынатын іс-шаралар кешенін жетілдіре түсуді қажет етеді. Бұл туралы “Antikor ortalyğy” алаңында айтылды.
Еңбек кодексінің 188-ші бабына сәйкес жазатайым оқиға орын алған жағдайда өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды шығарған кезден бастап комиссия 24 сағаттың ішінде құрылуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин құрамында мемлекеттік еңбек инспекторы, жұмыс беруші, жұмыскерлердің өкілі бар комиссия қабылданған шешімнің объективтілігін толық көлемде қамтамасыз ете алмайтынын, мұның өзі сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол ашатынын атап көрсетті. Тексеру жүргізу құқық қорғау органдарынан келген хат негізінде ғана жүзеге асырылатыны, жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісі тіркеуден өтпейтіні, жазатайым оқиғаға қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілмейтіні іс түйінін байыпты шешуді қиындата түскен. Мәселен, жұмыс беруші міндетті сақтандыру туралы шарт жасаспаған кезде оны әкімшілік жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Сонымен қатар жұмыс берушінің болмаса зардап шегушінің кінәсі қаншалықты дәрежеде екенін анықтайтын есептеу тетіктері нақты белгілене бермейтіндіктен, еңбек қатынастары даулары жиі туындап жатады.
– Комиссия құрамына өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тікелей мүдделі жұмыс берушінің кіруі комиссияның шешім қабылдауына кері әсерін тигізіп, ашық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қалыптастырады, – деген Нұрлан Жахин былтыр Петропавл металл конструкциялар зауыты басшыларының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға деген немқұрайды көзқарасы адам өліміне әкеліп соқтырғанына айрықша тоқталды. Облыс орталығында 500 орындық театр құрылысын жүргізу кезінде құрылысшы жоғары қабаттан құлап, көз жұмған. Тексеру барысында жұмысшылардың қажетті сақтандыру белдіктерімен қамтамасыз етілмегені анықталды. Жұмысшылар жоба жетекшісінің рұқсатынсыз шатырға өздері шықты деген акт шешімі күмән тудырмай қоймайды. Осындай дүдәмалдарға қарамастан жазатайым оқиғаның орын алуына зардап шеккен адамның абайсыздығы, қауіпсіздік шараларын сақтамауы негізгі себептер ретінде көрсетіліп, жұмыс берушілер мен марқұм тең жағдайда кінәлі деген шешім шығарылған. Соған қарағанда, өндірістегі жазатайым оқиғалардың түп төркінін, нақты себептерін саралауда, зардап шегушілердің отбасыларының заңды мүдделерін қорғауда бұра тартушылық байқалмай қоймайды.
Қабылданатын шешімнің объективтілігін қамтамасыз ету, зардап шегушінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына кәсіподақ ұйымының өкілін енгізу, актілерді бірыңғай есепке алу, тіркеуге, цифрландыруға және ішкі ведомстволық бақылауды енгізуге қатысты Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу үшін ұсыныс жасау, жұмыс беруші мен қызметкердің кінәсінің дәрежесін бағалау әдістемесін әзірлеу қажет.
Еңбек инспекциясы қадағалау құзыреті шеңберінде 2020 жылы 203 жоспардан тыс тексеру және 25 профилактикалық бақылау жүргізген. Биыл 30 тексеру, 4 алдын алу іс-шарасы атқарылған. Жұмыс берушілердің кінәсінен біреуінде ауыр жарақат, екіншісінде адам өлімі орын алған Петропавл нан-тоқаш комбинаты мен “Жаңа-Есіл Феникс” ЖШС-нің профилактикалық бақылау тізіміне енгізілмеуі түсініксіз. Сондықтан мемлекеттік ұйымдарда профилактикалық бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәуекел дәрежесін бағалау шарттарын толықтыру, республикалық ведомстволарға хат жолдау, сондай-ақ жазатайым оқиғалар жиі кездесетін өндіріс ошақтарын профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізіміне алу ұсынылды.
Инспекция былтыр заңды тұлғаларға 73, биыл 31 әкімшілік жаза қолданған. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылық – еңбекақы төлеу талаптарының өрескел бұзылуы. Жалақы берешегі 30 млн. теңгені құрады. 2020 жылы еңбек заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін 9227990 теңгенің 53 айыппұлы салынып, 8254580 теңге өндірілген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.