Театр – тәрбие мектебі, ұлт рухының тірегі. Кез келген елді ерекшелейтін төл мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. Осы айтылғандардың бәрі театрға тән. Рухани азық алатын ордаға адамдар, ең алдымен, өзін тануға, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға келуі тиіс. “Театр – көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ”, – деген екен ақын Ілияс Жансүгіров. Өкінішке қарай, қазір той қуалаған көрерменнің ой салатын қойылымдарға деген ықыласы төмен. Театр әдебі де көп сақтала бермейтіні көңілге қаяу түсіреді.
Кез келген ортаның бағынатын заңы болады. Театрдың да өз талабы бар. Әлем елдеріне ортақ талап. Хас сұлудың көз жасындай тұнық өнерге баланатын ордада мәдениет сақтамау – үлкен әбестік. Алайда көрермен әртүрлі. Театрға келген кейбір адамдардың жағымсыз қылықтарын көргенде ыңғайсыз жағдайға тап болатынымыз жасырын емес. Қойылым кезінде ұялы телефонның қайта-қайта шырылдауы, үйде отырғандай дауысты шығарып сөйлесу, спектакльге кешігіп келу сияқты кемшіліктер жиі орын алады. Құлаққап киген кейбір жастардың өз әлемі өздерінде. Көз сахнада болғанымен, ой басқа жақта. Кішкентай балалардың жылаған дауысы, орынсыз қол шапалақтау, шулау да адамды мезі етеді. Трагедия жүріп жатса, сап тынып, тыңдаудың орнына кейіпкерлермен жағаласа сөйлесіп, даурығатын көрермендер де жоқ емес. Тіпті кейбіреулері ауыздары салп-салп етіп сағыз шайнап отырады. Бұл біздің көрерменнің театр әдебінің тым төмен екенін аңғартады. Өнер ордасына қолына ілінгенін киіп келетіндерге айтарыңыз бар ма? Бүгінде театрда жаттығу залына келгендей спорттық үлгіде киінген көрермендерді көрсек, таңғалмайтын болдық.
Қауіпті індетке байланысты жарияланған карантиннен кейін өнер ордалары есіктерін қайтадан айқара ашты. Жақында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Толық адам” спектаклі сахналанды. Қоюшы-режиссері – жас дарын Фархад Молдағали. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай көрерменге жол тартқан қойылымды тамашалауға біз де мүмкіндік алдық. Сахнагерлердің өнеріне айтылар сын болмаса да, қойылымды тамашалауға келген көрерменнің енжарлығы көңілге қаяу түсірді. Кешкі жетіде басталған спектакльге кейбірі кешігіп келді. Залда бар-жоғы 20 шақты адам отырды. Көрерменнің аздығын ауру қаупі әлі де қайта қоймағанымен, қарттарымыздың вирус жұқтырып алудан қауіптенетінімен ақтап алуға болар. Алайда осы санаулы адамның өзі қасиетті шаңырақты сағынып келгендер ме? Күмәнім бар.
Қойылым бітер-бітпесте есікке ұмтылған қос сұлуды тоқтаттым. Олар банк қызметкерлері екенін айтты. Бір сағаттық спектакльді тамашалауға шыдамдары әзер жеткен сыңайлы. Қош, есікке бет алған егде жастағы ерлі-зайыптыларды да сөзге тартсам, келінінің айтуымен театрға келгендерін жасырмады. Онда да ақшаға сатып алынған билет текке қалатын болған соң келген. Сананы ақшаға билеткен біздегі көрерменнің сиқы осындай. Қойылымды тамашалауға құлықсыз көрермендерге қатысты сауалды сахнагерлердің өздеріне де қойған едік.
– Мен театрда 21 жыл жұмыс істеп келемін. Өнер ордасы құрылған 2000-шы жылдардан бері ара-тұра ауылдарда гастрольдік сапармен болып, спектакль қоямыз. Бірде қойылымның орта тұсына келгенде алдыңғы орындықта отырған үлкендердің бірі: “Болды енді, қолдарыңа домбыраны алып, ән айтыңдар” демесі бар ма? Сонда кейбір көрерменнің концерт пен драмалық қойылымды ажырата алмайтынын түсіндім, – дейді С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы, Мәдениет қайраткері Аида Сұпатаева.
Өнерді өсіретін де, өшіретін де – көрермен. Бірақ театрға өз еркімен келіп, билет сатып алатындар сирек. Бұл – халықтың өнерге деген ықыласының төмендігінің көрінісі. Театр қызметкерлері амалсыздан кассадағы билеттерді мекемелерді аралап жүріп, сатуға мәжбүр. Ал бастығының айтуымен билет сатып алып, ақшасы тегін кетпеуі үшін ғана театрға келген көрерменде қандай ықылас болсын? Өнерпаздардың айтуынша, театр ашылған алғашқы жылдармен салыстырғанда кейінгі кезде көрермендердің қатары тіптен азайып кеткен. Оған түрлі жағдайлар әсер еткені белгілі. Мәселен, телефонға телмірген адамға қазір өзгенің бәрі қызықсыз болып қалғандай. Әлемдік киноиндустрияның дамуы да бұл салаға өзінің салқынын тигізуде.
– Спектакль барысында телефон шырылдайды, иесі үйінде отырғандай сөйлесе жөнеледі. Сахнада тұрған бізге телефон дыбысы ғана емес, жарығы да көп кедергі келтіреді. Ойымыз бұзылады. Екіншіден, көрерменнің назары басқа жақта болса, іштей уайымдап, рөлді дұрыс сомдай алмай қаласың. Көрермендердің қойылымға кешігуі де ыңғайсыз. Бұл – той емес, театр ғой, – дейді Аида Сұпатаева.
Өнерге төреші – көрермен. Олардың да айтар уәждері бар. Айдарбек Шұғаев есімді қала тұрғыны кейбір актерлердің жасандылығына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, жиналған жұртты бірден елітіп әкететін қызықты қойылымдар сирек.
– Көрермен барлығын байқап отырады. Кейде актерлердің өнері көңілден шықпайды. Көріп отырып шаршап кетесің. Ал театрда іші пысқан адам не істемейді?! Қойылымның тезірек аяқталуын күтеді. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін шығармашылық ұжым жұмыстың сапасына баса назар аударуы керек, – дейді ол.
Көрерменнің пікірімен де санаспауға болмайды. Алайда соңғы жылдары Қазақстанның өзге өңірлерінде, шетелдерде өткен театр фестивальдарына қатысып, үздік атанған актерлер мен режиссерлердің деңгейі төмен деуге әсте болмас. Алматылықтар ынтыға тамашалаған спектакльге біздің көрермендердің бармауы театр мәдениетінің әлі де қалыптаса қоймауынан десек, қатты қателесе қоймаспыз. “Ән түзелді, тыңдаушым, сен де түзел”, – деп ұлы Абай айтқандай, театрда адамға ой салатын, рух беретін, жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирендіретін қойылымдар баршылық, тек соны түсінетін көрермен кемшіндеу-ау деп қаласың.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.