Облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметінің автопаркі 86 жаңа көлікпен толықты. Отандық кәсіпорындарда құрастырылған “Chevrolet Cobalt” маркалы “темір тұлпарлар” өңірдің шалғайда жатқан учаскелік полиция пункттеріне жөнелтіледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Динамо” стадионында өткен салтанатты шарада тәртіп сақшыларына су жаңа көліктердің кілтін табыстады.
Өңір басшысы тәртіп сақшыларын кәсіптік мейрамдарымен құттықтап, өткен жылдармен салыстырғанда полицияның материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ бір топ қызметкерге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады.
– 2017-2020 жылдар аралығында облыстық полиция департаментіне 68 көлік сатып алынса, биыл автопарк 127 су жаңа “темір тұлпармен” толықпақ. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын реттеуге үлес қосатын болады. “Chevrolet Cobalt” тізгіндеген учаскелік полицейлер өз жұмыстарын тыңғылықты атқарып, ауылдықтар арасындағы құқық бұзушылықтарды тыюға септігін тигізетініне сенімдімін. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жана берсін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жаңа көліктер лизингтік қаржыландыру аясында алынды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 512 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Өңірдің бас полицейі Марат Төлебаевтың айтуынша, барлық “темір тұлпарлар” учаскелік полиция пунктеріне беріліп, шалғайдағы ауылдарды аудан орталықтарымен байланыстырмақ.
– Соңғы рет осыдан он жыл бұрын ауылдық учаскелік полиция инспекторларына “ВАЗ-2107” маркалы көліктер берілген екен. Әрине, “темір тұлпарлардың” пайдалану мерзімі аяқталғанымен, қызметкерлеріміз әлі күнге дейін сол ескі техниканы тізгіндеуге мәжбүр болды. Биыл орайы келіп, 86 көлік алып отырмыз, – деді полиция генерал-майоры.
Бүгіндері облыс аумағында 289 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді, олардың 88-і облыс орталығында қызмет етеді. Жыл басынан бері инспекторлардың қырағылығының арқасында 800-ден астам қылмыстың беті ашылып, 30 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы өңірде қылмыстар санының төмендегенін, атап айтқанда, биыл қылмыс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда – 47, өткен жылға қарағанда 11 пайызға азайғанын айтты. Бұған, әрине, тәртіп сақшыларының материалдық жабдықталуы да себеп болып отыр. Соның ішінде бейнебақылау камераларының да көмегі зор. Бүгінде облыс бойынша мұндай қондырғылардың 1400-ге жуығы қойылған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.