Өмір – өзен өз арнасымен ағып, үстінде жаңқадай қалқып жүрген біздерді қамшының сабындай мынау қысқа ғұмырда кімдермен кездестірмеді.
“Жақсы адамдар көп әлі сырласпаған,
Кезекті күн есігін бірге ашпаған.
Ал ғажабы кездескен жақсы ағалар,
Туыс маған, дос маған, құрдас маған” – деп, ақын жырлағандай, мен үшін сондай абзал азамат, жақсы ағалардың бірі – Жаңаболат Зиядаұлы.
Орта бойлы, денелі, ашаң жүзінен жылдар жүгі өз таңбасын қалдырғаны көрініп-ақ тұрғанмен, бойын тік ұстайды. Табалдырығын дәл осы маусым айының 24 жұлдызында аттайын деп тұрған сексен бестің табы білінгенімен, жүрісі ширақ. Абзал ағамен мерейтой алдында кездесіп, өткен-кеткенді еске алдық.
Менің Жаңаболат Зиядаұлымен танысқаныма біраз жылдардың жүзі болды. 1963 жылы бұрынғы Чкалов ауданындағы “Севастополь” кеңшарына қызметке орналасқан Жәкең осында 16 жыл табан аудармай бас экономист болып қызмет етті. Осы кезде мен де сол ауданның Абай атындағы кеңшарында қатардағы экономист болып еңбек жолымды бастаған едім. Аудан орталығында өтіп жататын түрлі іс-шараларда жиі кездесетінбіз. Әсіресе экономистер келер жылға жоспар жасауда жолғысып, отырысымыз ұзаққа созылушы еді. Одан кейін де бір ауданда Жәкең кеңшар директоры, мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, ауаткомда ұзақ жылдар қатар қызмет істеп, екеуміз де бір терінің пұшпағын иледік десек де болады.
Жаңаболат Зиядаұлы 1936 жылы Зеренді ауданының Туражол ауылында дүниеге келген. Әкесі Зияда Әбілпейісұлы 1941 жылы ел қорғауға аттанып, 1943 жылдың қыркүйегінде майдан даласында қаза табады. Чернигов облысында жерленген. Отыз жасында жесір қалған шешесі Қалила Жақыпқызы өмірдің біраз ауыртпашылығын тартқаннан кейін екінші рет тұрмысқа шығады.
Бал дәурен балалық шақтары сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте есейген ағалар жайлы ойлағанда көңілді бір мұң басады. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татып, сол бұралаң жолдардан сүрінбей өтіп, осы күнге жеткендеріне тәуба дейміз.
Жәкең сексенге толғанда елімізге белгілі ақын, жерлесіміз, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық “Жұлдыз” және “Egemen Qazaqstan” басылымдарында қызмет істеген Қорғанбек Аманжол “Көкшенің ардақты азаматы Жаңаболат Зиядинге” деген арнауында Жәкеңнің өмір жолына тоқтала келіп, былай деп толғанады:
Зеренді зерлі белінде,
Жадырап жүрсе ғажап-ақ.
Көрікті Көкше елінде,
Тұғыры биік азамат.
Зейнетке жетіп жасы да,
Жемісті жылдар заулады.
Қыдыр-бақ қонды басына,
Береке толы бау-бағы.
Бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының Севастополь селосындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының, Тайынша ауданы) қызметі Жаңаболат Зиядаұлының өмірінің, жаңа жолының бастауы болды десек қателеспеспіз. Міне, осы Свастополь селосында алдымен астық қабылдау пунктінде, кейін кеңшарда жалғасқан жоспарлаушы, экономист қызметі 17 жылға ұласты. Бірде ағадан “Кіндік қаныңыз тамған, табиғаты әсем Зерендіден тың игеру кезінде шаңырақ көтерген жапан даладағы “Севастопольге” қалай келдіңіз?” деп сұрағаным бар. “Өмір жолы сан тарау, жездеміз Бегайдар Ыбыраев сол Севастополь астық қабылдау пунктіне директор болып барғаннан кейін “Сенің қолыңнан іс келетінін білемін, бізге кел” деп, қолқа салды” – деген Жаңаболат ағамыз. Ал кеңшарға экономист болып баруына Көкшенің біртуар азаматы, бәрімізге (оның ішіде мен де бармын – С.Х.) қамқор болған Арап Жантемірұлы Темірбековтің бір ауыз сөзі себеп болыпты.
Жұмысына тиянақты, әрдайым ізденіс үстінде жүретін маман 1979 жылдың сәуір айында “Тихоокеан” кеңшарына директор болып тағайындалды. Бұл жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып дегендей, іргелі шаруашылықты басқарып, он сегіз көктем мен он сегіз күзді осында қарсы алды. Жәкең басқарған жылдары кеңшарда жаңадан көптеген тұрғын үйлер, Мәдениет үйі бой көтерді. Зейнеткерлікке шығар 1996 жылы шаруашылық 23,5 мың тонна астық өндірді, 54 мың тонна сүрлем дайындады. Бұл – аудандағы ең жоғары көрсеткіш еді. Осы жерде аздап шегініс жасасақ, Жаңаболат Зиядаұлы, алдымен Петропавл есеп-экономика техникумын тамамдап, одан кейін сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірген болатын. Жоғары білімсіз ешкім директор болған жоқ. Айта кеткен жөн, осындай тың игеру кезінде құрылған кеңшарларды 18 жыл директорлық қызметте болғандар некен саяқ.
Сөйтіп, Жәкең 1996 жылдың орағын ойдағыдай өткізіп, қараша айында шаруашылықты абыроймен тапсырып, зейнеткерлікке шықты.
Зейнеткерлікке шықтым деп қол қусырып қарап отырмай Жаңаболат Зиядаұлы шаруа қожалығын құрып, жаңа бір қырынан танылды. “Шаруа қожалығын “Мәлік” деп атауыңыздың себебі не?” деген сұрағымызға: “Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бізге жиеншар болады, немеремнің атын да “Мәлік” қойғам”, – деді Жәкең. Қазір шаруа қожалығының 960 гектар жері бар.
Өткенде бір кездескенімізде Жаңаболат ағай өз қолымен облыс әкімінің атына жазған 5-6 беттей қолжазбасын ұсынған еді. Бұл өзінің қарабасының қамын ойлап, жазған шағым хат екен десем, ауылдың, сонда тұрып жатқан халықтың қамын ойлап, аймақ басшысына жазған хаты екен. Содан бір үзінді келтіре кетуді жөн көрдім: “Жасым ұлғайған шақта қолыма қалам алуымның себебі – ауыл тұрғындарының қазіргі күнкөріс жайы. Жұмыс жоқ жастар басы ауған жаққа кетіп жатыр. Қымбатшылық өршіп тұр. Біздің бұрынғы “Тихо-океан” кеңшарын алған “Казэкспортастық” фирмасы халықтың жағдайын ойлап жатқан жоқ. Жер пайларын алып алғаннан кейін есеп-қисап құпия түрде жүргізіледі. Дивиденттер дұрыс, ашық есептелмейді. Халық ренжиді, арызданады, бірақ оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Ауызсу мәселесі де көптен бері шешімін таппай тұр.
Ауылдан аудан орталығына қатынайтын жолдың сапасы өте нашар. Жалпы жол мәселесі ешқандай сын көтермейді. Жыл сайын жол жөндеуге миллиондаған ақша бөлінді деп естиміз, бірақ “баяғы жартас – сол жартас”.
Әкімдер ауысқан сайын сең қозғалады деп үміттендік. Бірақ ауыл қираған үстіне қирай түсті, дүние-мүліктің талан-таражға түсуі жалғаса берді. Бар қалған қара малды, жылқыны “Эксимнан” фирмасының орталығы Петровка селосына айдап кетті. Мал қоралары бұзылды. Жаппай жұмыссыздық белең алды…”.
Міне, елағасының жанайқайы осындай. Қарабастың қамымен айтылмаған сөздер екені көрініп тұр. “Қара кісі ақ болмас, ақ кісі қара болмас, қолды пышақ кеспесе жара болмас” дегендей, елде бәрі тамаша болып тұрса, өзіне бәрі жетіп тұрған адам осындай жанайқайға баса ма? Иә, Жәкеңнің өз жиғаны өзіне жетерлік.
Жәкеңнің өнегелі өмірі көпке үлгі екенін үнемі аузынан тастамайтын еңбек ардагері, Тайынша ауданының құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің иегері, зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар асыл тұқымды “Алабота” кеңшарын басқарған Сансызбай Алпысбаев: “Жаңаболат ағаны мен өзіме ұстаз санаймын”, – дейді. Бұл – ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, ауыл шаруашылығы тұралап қалған кезде “Алабота” шаруашылығын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетірмей сақтап қалған, тәжірибелі маман, іскер басшының жүрекжарды сөзі.
Осы жерде Жаңаболат Зиядаұлының отбасына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Күлғиза жеңгей екеуі екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір бәрі де, атап айтсақ, Шалғынбай, Зәуреш, Марат, Бибігүл, Айнагүл, Гүлмира еңбекке араласып, әр салада қызмет істеп жүр. Бұлардан Күлғиза жеңгей екеуі 12 немере, 6 шөбере сүйді. Тек Айгүлі өмірден ертерек өтті. Артында үш бала қалды. Оларды Күлғиза жеңгей бауырына басып, тәрбиеледі. “Бұлардың да қызығын көретін күн болар ма екен?” – деп отырушы еді. “Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайтынына” Жәкеңнің көзі жетті. 57 жыл отасқан Күлғиза жеңгеміз де фәниден бақилыққа көшіп, орны ойсырап қалды. Жеңгей жайлы сөз болғанда, Жәкеңнің көзіне мөлтілдеп жас келеді.
…Жадыраған жазда Көкшенің арайлап тағы бір таңы атты. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы баласының үйінен шыққан Жаңаболат аға кіндік қаны тамған Зеренді жаққа бір қарап, арайлы таңның жан жылытар шуағына жүзін тосып көше бойлап келеді. “Аққу” балабақшасының тұсына келгенде біраз бөгелді. Мүмкін, сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, келмеске кеткен бал дәурен балалық шағы есіне түсіп, мына бүлдіршіндерге сүйсіне қарап тұрып, аталық ақ тілегін іштей айтып тұрған болар…
Жоғарыда өзіміз келтірген Қорғанбек ақынның:
“Өнеге, еңбек жалғасып,
Саңылау қалмай назаға,
Әлі де талай белді асып,
Жасай бер, асыл, әз аға!” – деген өлең жолдарын қайталап, өз атымыздан жасыңызға жас қосылсын, ұрпақтың тек қызығын көріңіз, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын демекпіз.
Совет БАЛТАБАЙ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.