«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақерке

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақерке Қабыкеева! Бұл есім көзі қарақты көрерменге сонау 2000 жылдардың басынан етене таныс. Оның аты қазіргі “Qyzyl­jar”, бұрынғы “Қазақстан-Петропавл”, кейін “Қазақстан” ұлттық арнасы мен “Евразияның” эфирі­нен жиі аталып, кадрдағы келісті келбетімен, әсем даусымен көрерменді баурап алатын. Телеэфирдің еркесіне айналған танымал тілші соңғы кездері кадрдан көрінбей кетті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында әріптесімізді кабинетіне іздеп барып, сұхбаттасудың сәті түсті.

Ақеркемен 1995 жылы Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде таныстық. Менен екі курс жоғары оқыды. Талдырмаш келген сұңғақ бойлы, көзі мойылдай қара, хас сұлудың өзі. Бір курсты артқа қалдырып, кол­леджішілік іс-шаралардың тізгін ұстары болып, кейде мәнерлеп өлең оқып, сахнаға шыға бастаған кезім. Ол болса Машуда Ыбыраева апай басқаратын хорда ән салды. Жиі өтетін мәдени шараларда жүздескеніміз болмаса, жақын араласқан емеспіз. Тағдыр жазып, 2005 жылы облыстық телеарнаға жұмысқа орналасқан кезде әріптес атандық. Оның өзінде бір ғимаратта жүр­геніміз болмаса, ол – ұлттық ар­наның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, біз облыстық телеарнадамыз. Жасаған әр сюжетін аузымыздың суы құрып тұрып қараймыз. Біз де осындай болсақ, ұлттық арнаның эфирінен материалдарымыз көрсетілсе деп армандаймыз. Армандаған мұратына жетеді демекші, кейін Ақерке астанаға ауысқанда мен оның орнын бастым. Ақерке ба­ла кезінде журналист болуды тіпті армандамаған екен.

– Бала күнімде полиция қызметкері болғым келетін. Әдемі форма киіп жүсем деп жиі-жиі ойға берілуші едім. Жуырда ескі альбомды ақтарып отырып, “Ұлан” газеті мен “Балдырған” журналына жолдаған хаттарымды тауып алдым. Бала қиялынан туындаған шатпақ қой, жарияламаған, тек көңілімді аулау үшін жауап жазыпты. Журналист болу тағдырыма сол кезде жазылып қойса керек. Кейін полиция боламын деген арманым көкке ұшты. Ауылда тоғыз жылдықты аяқтағасын әкем қалаға алып келді де Мағжан Жұмабаев атындағы колледжге құжаттарымды тапсырды. Мұғалім боламын деген ой – үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Осылайша әкемнің қалауымен бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім, – дейді ол.

Қаламаған іс кәсіп болушы ма еді, оқуын тамамдап, туған ауылында мұғалім болғанымен, аңсары үнемі қалаға ауа беріпті. Ақыры студент кезде төрт жыл тұрған Қызылжарға қайтып оралады.

– Бірде теледидардан қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алатын қыз-жігіт қажет деген жүгіртпе жолдағы хабарландыруды көзім шалып қалды. Декреттік демалыстамын. Жұмысқа шығатын уақыт жақындап қалған, мектепке барғым келмейді. Бағымды сынап көрейін деп телеарна табалдырығын аттадым. Екі апта сынақтан кейін жұмысқа қабылдандым, – дейді Ақерке.

Эфирден көрсетілетіні бір минуттық сюжеттің сыртында қаншама еңбек, маңдай тер жатыр. Ең алдымен, журналистің тіл байлығы мен шеберлігі, таспагердің қырағылығы мен қас-қа­ғым сәтті камераға тарта білуі, монтаждаушының тиянақтылы­ғы мен режиссердің талғамы секілді үлкен ұжымның еңбегі бар. Ақерке қазандай қайнаған осындай үлкен ұжымға келді. Үйренері көп еді. Журналист үшін шыңдалар сәт – іссапарлар. Солтүстік Қазақстан облысының аумағы басқа өңірлерден шағынырақ болғанымен, бір шетінен екіншісіне дейін ұшқан құстың қанаты таларлықтай-ақ жер.

– Жұмыс бабымен алғаш рет қаладан ұзап шыққаным әлі күнге есімнен кетпейді. Таңғы төрттерде шығып кеттік, баратын жеріміз – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан. Ауданның экономикалық-әлеуметтік ахуалы жайлы фильм дайындау туралы тапсырма берілген. Облысымыздағы ең ірі аудан болғасын, шаруашылықтар көп екен. Тек аралары алыс. Күн жарықта бәрін камераға түсіріп алуымыз керек, оператор екеуіміз жанталасып жүрміз. Қонақүйге түнде ғана жеттік. Ас-суға да қарамай, сүрініп жығылдым, – деп еске алады.

Журналистің жұмысы осы. Бұл кәсіптің қиындығымен қатар жүретін қызықты сәттері де көп. Жаңа адамдармен танысасың, кейіпкеріңмен бірге уайымдап, бірге жадырайсың. Бір минуттық сюжет түсіру үшін бір күн уақытың кетуі де мүмкін. Ақерке де әр журналист өтуі тиіс осындай еңбек сатысымен жоғары көтеріліп, “Қазақстан” ұлттық арнасының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі атанды. Барша қазақ көретін, тіпті көршілес мемлекеттердегі қандастарымыздың да көзайымына айналған бас арнаға материал әзірлеудің жүгі ауыр екенін өзіңіз де бағамдаған боларсыз. Қоғамдағы түрлі түйткілдерге, шешімін таппаған мәселеге, уәдесінде тұрмаған шенеунікке шағымданған халықтың бірінші кезекте іздейтіні – тілшілер. Осындай қысылтаяң сәттерде Ақеркенің қол ұшын созбаған кезі жоқ.

Ақерке ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында ашылған “Евразия” телеарнасында да жұмыс істеді. Орталық арнаның шырайын келтіріп, алғашқы шырағын жақты. Тек туған жерге деген сағынышы басым түсті ме, бірнеше жылдан кейін Қызылжарға қайтып оралды. Келе сала журналистік жолда тұсауы кесілген “Qyzyljar” арнасындағы еңбек майданына қайта араласып кетті. “Айғаным”, “Айтпаса да түсінікті…” секілді телевизиялық жобалар көрерменге жол тартты. Бүгіндері осы арнаның бас редакторы. Эфирге берілетін материалдарды тексеру, жаңа жобалар әзірлеу – басты міндеті. Бұған қоса телевизия секілді сиқырлы әлемге бойлағысы келген жастарды тәрбиелейді.

Журналистика жас пен жынысқа қарамайтын мамандық. Тілшінің тіршілігі – қауырт, ақпаратты уақытында әрі шынайы беру үшін үлкен тәжірибе, білік­тілік, уақытпен санаспай еңбек ететін қажырлы қайрат керек. Ақ­еркенің бойында осының бәрі бар. Ол жұмысына да, отбасына да үлгеріп жүр. Тілшілігі үй тіршілігіне кері әсер еткен емес. Қазір ол – екі ұлдың анасы, аяу­лы жар.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp