Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың “Дельта” штамының жаңа мутациясы анықталғаны айтылуда. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов коронавирустың бұл штамы жұққан кезде буын мен ішек, іштің қатты ауыруы, есту қабілетінің нашарлауы байқалатынын айтты. “Сақтансаң – сау боларсың” демекші, қатерлі індеттен қорғану үшін мамандар қауіпсіздік талаптарын ұстануға шақырады.
– Облыс тұрғындарына шектеулерді бұзбауға, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды, әсіресе үйде жиын-тойларды өткізбеу жөнінде кеңес беремін. Көпшілік орындарда әлеуметтік қашықтық және маска режімін сақтау қажет. Егер санитарлық талап орындалмаса, қауіпті ауру көбейіп, жағдай ушығуы мүмкін, – деді орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Пандемия басталғалы өңірімізде коронавирус инфекциясын 15187 адам жұқтырды. Маусымның 24-і күні облыста 25 тұрғын қауіпті дертке шалдықты. Облыс орталығында індет 8 адамнан анықталса, жаңа жағдайлар Тайынша, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Қызылжар, Мамлют аудандарында тіркелді. Індет жұқтырғандардың денінде аурудың белгілері байқалған. Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыста ПТР әдісі бойынша зерттеу жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Бүгінге дейін коронавирус инфекциясына барлығы 361537 зерттеу жүргізілді.
Облыс тұрғындарына екпе қою науқаны жалғасуда. Соңғы мәліметке сәйкес 99850 өңір тұрғыны бірінші, 64445 адам екпенің екінші компонентін алды. Дені “Спутник V” вакцинасын қойдырса,” Hayat-Vax”, “QazVac” екпелеріне де сұраныс бар.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.